Замана дарабозы немесе Ахмет Жұбанов туралы үзік сыр

28.04.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Ахмет Жұбанов – Ұлы Даланың әуездік шежіре-мұрасын түпнұсқа түрінде ұрпағына жеткізіп, рухани тірегіне айналдырған замана дарабозы. Бұл жанның өскен-өнген ортасына, рухани-ұстамдық қағидасына, мақсат-арманына, жан әлеміне, үнемі алыс-тартыста өткен өмір жолына тереңірек үңіліп, ой толқытсақ.

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Қазан төңкерісі, кеңестік социализм құрылымы қазақ халқына шексіз азап әкелгені тарихтан белгілі. Қолдан жасалған ашаршылық қасіретінен 3 миллионға жуық адам құрбан болса, артынан елім, жерім деп еңіреп туған ұлт зиялылары атылды. Осынау қанды заманда мейлінше жемісті де жеңісті еңбек еткен Ақаңның басынан 1953 жылдың сәуіріне дейін өлімнің қара бұлты сейілген емес. «Феодализмнің құндылықтарын уағыздау аспаптары» домбыра мен қобыздан оркестр құрып, «барымташы-ұры» Құрманғазыны халқының ардақты перзенті еткен «асқынған ұлтшыл», 1938 жылы «халық жауы» атанып атылған туған ағасы Құдайбергеннің тағдырын кешуге аз-ақ қалды. Қазақстан Композиторлар одағының қолжазба қорында 1966 жылы Ахмет Қуанұлының өз қолымен жазған өмірбаяны сақталыпты. Біз соның ізімен жүріп, сондағы кейбір оқиғаларға кеңірек үңілсек...

Ахмет 1906 жылғы 29 сәуірде бұрынғы Орал облысы, Темір үйезі Темір-Орқаш болысындағы Қусуақтам мекенінің №8 ауылында (қазіргі Ақтөбе облысы Темір ауданы) Қуан Жұбановтың шаңырағында дүниеге келді. Қуан балаларын оқу-білім арнасына бет бұрғызып, сауатты болуын қалады. Ахмет қазақ жеріне көшіп келген переселендермен араласып, орыс тілін де айтарлықтай меңгерді. Ахмет өзін музыкаға баулып, бағыт берген алғашқы ұстазы ретінде Құсайын Әжіғалиевтің есімін үлкен ілтипатпен атайды. «Ол білімдар, скрипкада, мандолинада, балалайкада, домбырада ойнайтын, ноталық сауаты бар, игі істерге ниеттенген адам болатын», дейді. Сонымен қатар бала Ахметтің әдебиет пен ғылым әлеміне құлшынысын оятқан Уфа медресесі­нің шәкірттері – ағасы Құдайберген мен оның досы Жиенғали Тілепбергеновтің есімі ерекше аталады. Олар жазғы каникул кезінде ауылға келіп, балалардың сауатын ашады.

1919 жылы Ақтөбе облысында сүзек аур­уы таралып, халық қынадай қырылады. Бұл трагедия Жұбановтар шаңырағын қатты теңселтеді. Әкесі Қуан осы дерттен көз жұмады. Әкеден айырылған отбасының бар тағдыры 13 жасар Ахметке жүктеледі. Ол үш ауылдың кеңес хатшысы қызметін атқарып, тіршілік қамы үшін еңбекке ерте жегіледі. Оның өміріндегі елеулі құбылыс – 1928 жылы Ақтөбе қаласында партактив курсында оқыған кезінде болады. Варшава консерваториясының түлегі, скрипкашы Петр Чернюк сольфеджио, гармония, музыка теориясы пәндерінен, скрипкада ойнау сабақтарынан жүйелі тәлім береді. Бұған қоса, болашақ композитор математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиетін, тарих пәндерін өз бетімен оқып, емтиханды экстернмен тапсырып, орта мектепті бітіреді.

Жеті жас үлкендігі бар Құдайбергеннің Ахметке деген ықылас-ниеті, ықпалы ерекше болады. Ол 1929 жылы Ленинград қаласында А.Енукидзе атындағы шығыс тілдері институтының аспирантурасында оқып жүріп, Ахметті қолынан жетектеп, осындағы консерваторияның гобой аспабына, профессор Павел Ниманның сыныбына түсіреді. Ұшқыр ойлы, құштар сезімді Ақаңа бұл жерде орыс музыка өнерінің небір атақты ғалым-ұстаздары дәріс береді. Ниман консерваториядағы қызметіне қоса, Ленинградтағы атақты Андреев атындағы орыс халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері еді. Студент Ахмет осы оркестрдің репетицияларына үзбей қатысып, ондағы дыбыстық-интонациялық иірімдер құдіретін, оркестрдегі әр аспаптың өзара қауышу сіңімділігін, гармониялық, полифониялық дамыту тәсілдерін, музыкалық қақтығыс драматургиясын, дыбыстардың сан алуан артикуляцияларын асқан құштарлықпен бойына сіңіреді.

Консерваторияда оқыған 1929–1932 жылдар Ахмет өмірінің ең сәулелі, бақытты, жаймашуақ кезеңі болады. Ол мұндағы тарихи-лингвистикалық инс­ти­тутының тұрақты тыңдаушысы ретінде КСРО Ғылым академиясының фоно­архивіндегі материалдармен жұмыс істеу мүмкіндігіне қол жеткізіп, музыкалық шығармаларды нотаға дәлме-дәл түсіру техникасын жетік меңгереді. Музыкалық ғылымға, оның ішінде фольклорға деген Ахметтің көңіл хошы осы кезден бас-тау алды. Бес жылдық консерваторияны төрт жылда үздік тәмамдаған Ахметке осындағы Өнертану академиясының аспирантурасына жолдама беріліп, ол неміс, француз тілдерін құлшыныспен меңгере бастайды. Ахметтің асыл арманының бірі қазақ жастарына жаппай музыкалық білім беру еді. Осы мақсатта 1932 жылы «Музыка әліппесі» оқу құралын жарыққа шығарады. Бұл қазақ тіліндегі тұңғыш музы­ка оқулығы еді.

1933 жылы Ахметтің талап-тілегіне сай үкіметтің қаулысы шығып, Алматы­дағы Қазақтың ұлттық музыкалық
те­а­тр техникумының материалдық-тех­никалық базасы айтарлықтай нығай­тылды. Шәкірттер саны көбейтіліп, оларға стипендия бекітілді. Музыкалық-экс­перименталдық шеберхана, халық музыкасын жинау, нотаға түсіру кабинеті ашылды. Ұстаздық қызметке композиторлар Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Борис Ерзакович, музыкалық аспаптар жасау шеберлері Борис және Мануил Романенколар шақырылды. Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Иса Байзақов, Махамбет Бөкейханов, Лұқпан Мұхитов, Ғанбар Медетов орындау­ларында халық әндері мен күйлері нотаға түсірілді.

Техникум жанынан домбыра мен қобыз сыныбы ашылды. Бұған дейін домбыра – «феодализмнің идеялық қаруы», қобыз «шаманизм апиыны» саналып, шәкірттерге тек еуропалық аспаптарды ғана үйрету тәртібі болатын. Ахмет Қуанұлы домбыра мен қобызда ойнайтын 17 оқушыдан ансамбль құрып, репертуарына ұтымды да ұтқыр шығармаларды енгізді. Оны Оқу-ағарту халық комиссариаты басшыларына көрсетіп, бұл бағытының өміршең екеніне көзін жет­кізді. Ақаңның ендігі мақсаты халық аспап­тары оркестрін құру еді. 1934 жылғы маусым айында бұл ойы да іске асты. Жаңа ұжым Бүкілқазақстандық халық өнері слетінде халық күйлері «Кеңес», «Қарабас», «Би күйі», «Айжан қыз», «Балқұрай» мен Сегіз Серінің «Қарғаш» әндерін орындап, оркестрдің ұлт өнеріне ауадай қажет екенін дәлелдеді. Сондықтан 1934 жылдың 25 маусымы Алматы музыкалық-драма техникумы жанында құрылған ҚазЦИК атын­дағы оркестрдің мұрагері – Құрман­ғазы атындағы ұлттық академиялық халық аспаптары оркестрінің құрылған күні саналады. 1935 жылы осы Халық аспаптары оркестрі Қазақстандағы алғашқы концерттік ұйым – филармонияның құрамына енді де, оның директоры болып Ахмет Жұбанов тағайындалды.

1936 жылғы мамыр айында Мәскеуде Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің Бірінші декадасы өтті. Декада кезінде Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» опералары көрсетіліп, «КСРО Халық әртісі» атағына ие болған Күләш Байсейітова «Қазақ бұлбұлы» атанды. Ахмет Жұбановтың басқаруындағы құрамында 40 орындаушысы бар ҚазЦИК атындағы халық аспаптары оркестрі Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Серпер», «Балбырауын», «Көбік шашқан», Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйлері, халық әні «Қызыл бидай» (Жамал Омарова) орындап, қазақ музыкасын Үлкен театр сахнасынан паш етті. Ахметке «Құрмет белгісі» ордені мен «Еңбек сіңірген әртіс» атағы берілді. Осы жылы оның «Халық композиторы Құрманғазы» ғылыми-зерттеу еңбегі жарық көрді. Осыдан бастап Құрманғазы тақырыбы Ақаң шығармашылығының түпқазығына, күре тамырына айналды. 1944 жылы Қазақ халық аспаптары оркестріне, 1945 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясына Құрманғазының есімі берілді. Сондай-ақ Хамит Ерғалиевтің либреттосы бойынша үш актілі «Құрманғазы» операсы жазылды. Сонымен қатар Ахмет Жұбанов композитор Латиф Хамидимен бірлесіп, Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған ұлттық операмыздың классикалық үлгісі саналатын төрт актілі «Абай» туындысын өмірге әкелді. Композиторлар «Абайды» 1944 жылы қазан айында толық бітіріп, осы жылдың 24 қарашасында опера театрының сахнасынан көрсетті. Сол себепті осы күнді ұлттық операның туған күні деп есептейміз. Латиф Хамидидің жан досы Ақаңа деген шексіз адалдығы, достығы ерекше еді. «Бұрынғы өткен батырлардың, билердің, хандардың, әнші-күйші, жыраулардың бойындағы бар асыл қасиет бір Ақаңның бойынан табылатын», дейтін. Ахмет арқылы қазақ елін, қазақ жерін, оның дәстүрлі музыкасын жанындай жақсы көріп, осы мекенде жаны, мұрасы қалатынын тебірене толғайтын.

«Абай» операсы театрдың көркемдік кеңесінде талқыланған кезде болған мына бір уақиғаны Латекең маған қызықты етіп айтқан еді. «Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Василий Великанов, Қаныбек пен Күләш Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, басқа да өнер қайраткерлері бірауыздан қолдап, «Абайды» қабылдау керектігін айтып, дауысқа салған кезде, бұған дейін аузын ашпай отырған Брусиловский сөз алып, «опера жанры­ның тиісті компоненттері сіздер жазған операның 13-актісінде іске асады», деп келте қайырды. Мен аң-таң болып: «Аха, операда 13 акті болмайды ғой», – десем, «Латиф, үндеме, артынан түсін­­­­ді­ре­мін», – деді сыбырлап. Көп­ші­ліктің қолдауымен «Абай» операсы сахнаға қойылатын болды. Көңіліміз көктем күніндей жадырап, жүрегіміз атша тулап, театрдың жанындағы саябақтың орындығына келіп жайғасқаннан соң Ақаңнан Брусиловскийдің жұмбақ сөзінің мағынасын сұрадым. Ол былай деді: «Әй, Латиф, сен қалай түсінбейсің? Ол опера жазу сендердің қай жорықтарың, қолдарыңнан келген емес, келмейді де! Қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе қыстырма дегені ғой». Міне, осы «Абай» операсының сахнадағы өмірі 80 жылдан асты. Бұл туынды қаншама тыңдарман ұрпағының құлақ құрышын қандырып, рухани әлемінің асылына айналды. Бұдан кейін де Ахмет пен Латиф бірлесіп, 1947 жылы Мұхтар Әуезовтің либреттосы бо­йынша төрт актілі «Төлеген Тоқтаров» операсын дүниеге әкелді.

1951 жылы Ахмет Жұбановтың басына тағы да қара бұлт үйірілді. Брусилов­ский, Аравин, Ерзакович, Мессман «Казахстанская правда» газетіне Ахметке қарсы үлкен мақала ұйымдастырып, оны Мұқан Төлебаевтың атынан шығарт­ты. Ахмет Жұбановқа «марксистік-лениндік эстетиканы аяққа басушы, жайдақ социологизмді дәріптеуші, кенесаризмнің жақтаушысы, ұлтшылдық идеяны насихаттаушы» деген айып тағылды. Жаны әбден титыққан адамға енді қолданатын ақырғы соққы, оны түрмеге жауып, үнін біржола өшіру еді. Барлық басшылық, ұстаздық, ғылыми қызметінен алынған ол Мәскеуде оқып жатқан балалары Ғазиза мен Болатқа барып, бас сауғалаудан басқа амалы қалмады. Артынан Ақаңды қатты сыйлайтын, КСРО Композиторлар одағының төрағасы Тихон Хренников оған ұзақ мерзімге «Руза» шығармашылық үйінен жеке пәтер берді. Енді ол бар мүмкіндігін композиторлық еңбекке жұмсады. Осы тұста оның қаламынан 50 шақты ән мен романс, «Абай», «Исатай-Махамбет» симфониялық поэмалары, фортепианоға арналған 10 тәжік, 8 қазақ биі, қобызға, виолончельге арналған «Ария», «Романс», «Күй», «Көктем», «Вальс» туындылары, «Амангелді», «Райхан» кинофильмдеріне, «Абай», «Махамбет-Исатай», «Сары», «Бақыт таңы», «Азат қыз», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакльдеріне жазған музыкасы лек-легімен туып жатты. Осы жерде айта кетерлік жайт, Мұқан Төлебаев Брусиловскийдің тұтас шығармашылығына, моральдық ұстанымына Қазақстан композиторлары одағының екінші съезінде былай деп баға берген еді: «Евгений Григорьевич өзін үнемі асыра бағалайды, ол өзін Қазақстанның музыкалық мәдениетін тұтас бойына жинақтаған жалғыз адам ретінде елестетеді. Тіпті Қазақстанның музыкалық мәдениетінің тарихы – Брусиловскийдің тарихы деп ойлайды... Мен Мәскеуден келгенімде ол мені: «Сен кереметсің, ал Жұбанов түкке тұрмайды!» деген сөздермен қарсы алды. Егер оны мәскеулік композиторлармен салыстырсақ, ол орташа деңгейдегі композитор болатын, бірақ өзі олай деп есептемеді. Оған Шостакович пен Прокофьев ұнамайтын. Ал біз бұл композиторлардың шығармашылығын жақсы білеміз. Ол Шапориннің жартысына да татымайды. Ол халық әндерін операға біріктіріп, авторлығын өзіне иемденіп алған. Ал осы бағыттан сәл ауытқыса болды, сәтсіздікке ұшырайды. Мұны оның «Гвардия, алға!», «Алтын дән» опералары дәлелдейді, себебі олар сапасыз шығармалар болып шықты».

Ахметтің өмірі, интеллектуалдық, шығармашылық күш-қуаты айтыс-тартыста өтті. Осынау «тар жол тайғақ кешу» жолында жасаған жасампаз еңбегінің мәйегін тати алмағаны шындық. Мұндай жағдай оның замандастары Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтің де басында болды. 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін Ахмет Жұбанов толық ақталып, оған барлық марапат-атағы қайтарылды. Осылайша, ғасырлар бойы өшпеген, найзасының ұшына жау мінгізген халқының текті ұрпағы Ахмет Жұбанов қайтпас қайратымен, еселі де еңселі еңбегімен ғаламат тұғырға көтерілді. Оның «Ғасырлар пернесі», «Құрманғазы», «Мұқан Төлебаев», «Музыкадағы бірінші қадамдар», «Қазақтың халық аспаптары», «Замана бұлбұлдары», «Ән-күй сапары», «Өскен өнер» еңбектері осыған айғақ. Қазақ елінің төлтума музыка мәдениетін сақтап дамытуда бар өмірін сарп еткен замана дарабозы Ахмет Жұбановтың есімі Қазақ елімен бірге жасап, халық жүрегінде мәңгі сақталары хақ.

Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ,

композитор

Соңғы жаңалықтар

Перизат Қайраттың қоры арқылы мұқтаждарға пәтер уәде еткен кәсіпкер 3,9 млрд теңге жымқырған

Қылмыс • Бүгін, 10:05

Астанада балалар мінген аттракцион құлады: Саябақ басшылығы оқиғаның себебін түсіндірді

Елорда • Бүгін, 09:51

Астаналық оқушы әр адамның күніне қанша су тұтынатынын есептейтін платформа әзірледі

Зерде • Бүгін, 09:43

Еліміздің бірнеше облысында түнде үсік жүреді: 28 сәуірге арналған ауа райы болжамы

Ауа райы • Бүгін, 09:20

Бүгін 1 долларды қанша теңгеге сатып алуға болады?

Қаржы • Бүгін, 09:05

Астанада бір көшеде көлік қозғалысы ішінара шектеледі

Елорда • Кеше

Алматы облысында 73 майдангердің есімі көшелерге берілген

Өшпес даңқ • Кеше

Өтініш қабылдау аяқталды: Негізгі ҰБТ мамыр айында басталады

Қоғам • Кеше

Орлов шахтасында жұмысшы қаза тапты

Оқиға • Кеше

Аида Балаева елорда мектебіндегі TopIQ Smart Class мүмкіндіктерімен танысты

Технология • Кеше

Президент бірқатар заңға қол қойды

Президент • Кеше

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцогтың келіссөзі кеңейтілген құрамда жалғасты

Президент • Кеше

Алматыда қауіпті жарыс өткізген көлік жүргізушілері жауапқа тартылды

Оқиға • Кеше

Алимент өндіру ісі: Алматыда сот орындаушысы 4,2 млн теңгені заңсыз иемденген

Оқиға • Кеше

Туған жер құрметінен қанаттанып…

Әдебиет • Кеше

Барлық жаңалықтар

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью