Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Ашылу салтанатында облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде бұқаралық спортты және жұртшылыққа қолжетімді инфрақұрылымды дамыту тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан жобалардың бірі екендігін атап өтті. «Басты мақсат — тек чемпион дайындау емес, дені сау, тәртіпті, қайсар ұрпақ тәрбиелеу», деп атап өтті ол. Ақтөбе облысында ертеден грек-рим күресі мектебі жақсы қалыптасқан. Іс-шараға Қазақстан күрес федерациясының басшысы Еркін Оқасов қатысып, спортшыларды құттықтады және орталыққа заманауи күрес кілемдері мен жаттығуға қажетті жабдықтарды сыйға тартты.
Жаңа ғимаратқа кірген жаттықтырушылар мен жас балуандар күрес залдарының қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілгеніне ризашылықтарын білдірді. Әйелдер күресінің жаттықтырушысы Ақманар Сарғынжиева кең де жарық жаттығу залдары балалардың спортқа деген құлшынысын туғызатынын атап өтті. Ол жаттықтыратын қыздар арасында Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлері бар. Кейінгі жылдары елімізде әйелдер күресіне деген қызығушылық артып келеді.
Ақтөбе облысында да күрес түрлері қарқынды даму үстінде. Мәселен, өңірде грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша 700-ден астам секция ашылған, онда 14 мыңнан астам спортшы тұрақты жаттығады. Үздік спортшылар қатарындағы Мейрамбек Айнағұлов пен Мейрамбек Қартбай Олимпия ойындарына қатысса, Қуанышбек Жаңажол әлем чемпионы атанды. Алмас Әли, Арсен Жұма, Бейбарыс Түзелбай Азия чемпионаттары мен халықаралық турнирлерде жүлделі орындарды жеңіп алды. Тек 2026 жылдың өзінде ғана облыс балуандары ел чемпионаттарында грек-рим күресінен — 6 алтын, 4 күміс, 7 қола, еркін күрестен — 1 алтын, 3 күміс, 2 қола, әйелдер күресінен 2 алтын, 3 қола медаль иеленді. Ал ересектер арасындағы Қазақстан Кубогінде грек-рим күресі бойынша командалық есепте жеңіске жетті.
Осылайша, Ақтөбеде ашылған жаңа спорт орталығы — жай ғана ғимарат емес, өңірдің спорттық болашағына салынған нақты қадам деуге болады. Тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалса, олардың арасынан талантты спортшылар көбірек шыға берері анық.
Ақтөбе облысы