Заманымыздың заңғар тұлғасы

31.03.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Жаһанға, жат елдерге ұлтты танытатын да, мойындата­тын да оның ұландары – ұл-қыздары, азаматтары екені бүкіл әлемде, адамзат, қоғам тарихында ғасырдан-ғасырға жал­ғасып келе жатқан, қалыптасқан дүниетаным, дәстүр, қоғам­дық пікір. Қандай да мемлекеттің басқа мемлекеттермен әріп­тестік, достық, бейбіт қатынастарының нәтижелі не­месе нә­тижесіз болуы да ресми дипломатиялық жолдармен қа­тар жеке тұлғалардың еңбектері мен жетістіктеріне бай­ла­нысты.

Қазақ екенімізді көрсету мақ­­са­тында  Фарабиді, Дулатиді, Шоқанды, Абай­ды, Әлиханды, А.Байтұрсынұлын, Қ.Сәтбаевты, М.Әуезовті, Б.Момышұлын, Д.Қонаевты, ұлтымыздың тағы басқа ұлыларын еске алып, арқа сүйейміз. Олардың өрке­ниетке сіңірген еңбегіне жүгінеміз.

Қай заманда да, қандай қайшылықты құбылыстар тұсында да сын-тәуекел ке­зеңдерінде майдан төріне елдің сөзін сөйлеп, туын көтеріп бастамашы адамдар шығатыны адамзат пен мемлекеттер тарихынан белгілі. Сондай тұлғалар өз ұлтына қызмет ету арқылы елін де, жерін де әйгілеп көтере алады.

Бақытымызға орай, біздің дәуіріміз­де де сондай ауыз толтырып айтатын ұлттық тұлғаларымыз баршылық. Ел сенімі мен үмітіне ие болған көрнекті замандастарымыздың бірегейі – ұлы ақын, жазушы, публицист, тіл әлемінің білгірі, терең зерттеуші, бесаспап тарихшы, дарынды сөз зергері, шешендіктің үлгісі, шебер дипломат, батыл саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменов.

Бір адамның басына жаратушы­ның әмірімен қонған осыншама қабілет-қарымның әр қыры мен сырының әйгі­ленуі  сан алуан.

Өткен ғасырдың, нақтырақ айтсақ, 1961 жылдың сәуір айында кеңес одағы кеңістігінде адамзат тарихын дүр сіл­кін­дірген оқиға – Юрий Гагарин­нің қазақ жерінен тұңғыш рет ғарышқа ұшуы болды. Жер шары халқы ғылым мен техника жетістіктерінің мұндай тосын жаңалығына бүгінгідей «еті үйрене қоймаған» әрі әр құбылысқа таңданыспен қараған заманда бұл, сөз жоқ, өркениеттің жаңа сатысы еді.

Дәл осы күндері жанар­таудай жалындап тұрған 25 жастағы ақын Олжас Сүлейменов ғаламдық оқиғаны жүрегі­мен сезініп, осы құбылыс әсерімен бір аптада жазған «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасынан үзінділер оқып, алма­ты­лықтарды таңғалдырып, ол хабар бүгін­гідей интернеті жоқ шақта ел аузынан Отанымыздың түкпір-түкпіріне, ең алыс, шалғай аудандарға, ауылдарға жеткен-ді. Артынша ресми құзырлы орындардың ұйғарымымен республика астанасының алаңдарында, оқу орындарында өткізілген жиын, митингілерге қатынасушылар үшін ақынның сол поэмасынан сан мың дана көшірме-парақша жасалып, шағын ұшақтан шашу шашылғандай таратылғаны есте. Бұл салтанат Алматыдан жырақ аудандарға, ауылдарға тарап, ел-жұрт таңданысын, қуанышын жасыра алмады. Қазақстан халқы бұрын-соңды сол сәуір күніндей аспаннан өлең жауғанын көрмегені де рас. Мұндай құрмет ілгері-кейінгі ешбір ақынға көрсетілмегені де белгілі. Өйткені ол шығарма бұрын айтылмаған сөзді айтты, адамзаттың рухани сілкінісін айғақтады.

Олжас Сүлейменов жаһандық поэ­­зия­­ның ғажайып әлеміне осылайша ешкімге ұқсамайтын пәрменімен, дәстүрлі өлең құрылысын өзгерткен ырғақпен, тасқынды қуатпен, айқын, ашық көкке өрлеген зор дауыспен, көк­жиегі көрінбейтін шексіз кеңістікке самғаған, түпсіз тереңдікке бойлаған ұшқыр ойымен келді.

Сол заманда қаншама талантты ақын-жазушыларымыз туынды­ларын одақ көлемінде таныстыру мақсатында Мәскеудегі орталық басылымдар мен баспалардың табалдырығын тоздырып, жер ортасына келгенде зорға жететін баспалдақтарды жас ақын бір күнде ең­серді. Талантты қазақ ақыны өлеңін одақ­тық радио, телеарналардан оқыды. Оның поэзиясын Мәскеуде шығатын газет-журналдар жарыса жариялап, кеңінен танымалдандыруы – бұрын-соңды болма­ған құбылыс еді. Бұл ұлтымыздың абы­­ройын, мәртебесін асқақтатып, қазақ дауысын, танымын, парасатын миллиондарға әйгіледі.

Әдетте ақын-жазушыларымыз шы­ғар­маларын Мәскеу баспаларында шы­ғару үшін сол қалада апталап, айлап аялдап, кіріптар болып, билік орындарынан, Жазушылар одағынан қолдау сұрап, зорға өткізуі «қалыпты жағдайдай» көрінетін. Бұл жолы Мәскеу баспалары, одақтық газет-журналдар қазақтың осы жас ақынының шығармаларын өздері сұрап, басып шығаруға шынайы ықылас танытып, сәт сайын шақыру жолдады.

Қысқа мерзімде одақтың орталық басылымдары ғана емес, терезесі тең рес­публикалар да қазақ ақыны Олжас Сүлей­менов өлеңін өздерінде басып шығаруға мүдделі болып, оны үнемі өз жастарымен кездесуге шақырды. Сөйтіп, Ұлы даланың жаңғырған рухты поэзиясына құрмет көрсетті.

Кеңес одағы дәуірінде Америка, Еуропа капиталистік елдеріне іссапарға шы­ғуға алдымен мәскеулік ақын-жазу­шы­ларға басымдық берілетін. Ақын Олжас осы сеңді де бұзды.

Кезінде шетелге қазақ ғұламаларынан Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев қана сапарлаған. Өнер қайраткерлерінен Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Шәкен Айманов сияқты санаулылар шыққан.

Ақын, азамат Олжас Сүлейменов тура­лы жүздеген жазушылар, әдебиет зерт­теу­шілері, тіл ғалымдар, білікті оқыр­ман­дар ой толғап, пікірлерін жария­лауы да – әдеби, қоғамдық кеңістіктің тың тақы­­ры­­­бына, биік көркемдік талғамына ай­налды.

Көрнекті әдебиеттанушы-ғалым Мыр­­затай Жолдасбеков «Елінің елшісі, ұлтының ұяты» атты мақаласында былай деп жазады: «Олжас – ұлтымыздың ар-ұяты һәм намысы. Ақын шүу дегеннен лаулап жанды, дел-сал жатқан ұлы даланың бойына қан жүгіртіп, жасын ойнатып, дүркіреп шықты; заты поэзияның рухын көкке көтерді. Олжас десе көз алдыма бүгін болмаса ертең от шашқалы тұр­ған жанартау, яки ытырылып атылғалы тұрған барыс елестейді. Әлемді дүр сілкіндірген «Адамға табын, Жер, енді!» дастанын Кремльдің Съездер сарайында, Нью-Йорктің Колумбия университетінде оқыған сәттерінің, бүкіл әлемнің жарыса, қызыға оқығанының куәсіміз. Жаһан­ға дәл осылай жар салып келген ақын Олжасқа дейін тарихта аз болған шығар» (Жолдасбеков М. Асылдарым. Астана: «Күлтегін» баспасы, 2012.- 286-бет).

Ғажабы сол – біртуар ақын Олжас Сүлейменов бір жарқ етіп, жұртты тамсандырып, таңдандырып, содан іркіліп, тоқтап қалған жоқ. Тұңғыш поэмасы дарынның дария талантын әлемге танылуына елеулі жол ашты. Одан бұрын шыққан «Арғымақтары» да ұлт өмірін, ерлігін жылқы, тұлпармен байланыстырған қазақтың рухына жаңа тыныс бітіргендей еді. Қалың оқырман ақыннан үнемі өр рухты шығарма күтті. Ол халық үмітін ақтады.

Көзі ашық қоғамды бейжай қалдыр­майтын ақын туындылары, ғылыми-публицистикалық мақалалары мерзімді баспасөзде үзбей жарияланып, оқушы­сының көңілінен шығып жатты. Оның әрбір жарияланымы үнемі ой үстінде, ізденісте жүргенін аңғартатын.

Олжекең өлеңі тек сезіммен шектелмей, ұлттың терең тамырын, рух бостандығы жолындағы қайсар мінезін қайрап, талғам деңгейін көтерді. Сөз шеберінің жарыққа шыққан әрбір кітабы елеулі оқиға болды. «Қыш кітабы», әйгілі «Аз и Я», «Жазу тілі» («Язык письма»), «1001 сөз» еңбектері – өркениет бастауы мен тарихын, танымы мен білімін зерделеудегі жаңа көзқарас, тың ізденіс. Оны славян-түрік сөздерін зерттеушілердің елеулі бөлігі құптап отырғаны да мәлім. Тарих тереңіндегі тілдік бірлік пен рухани ықпалдастықты, ақыл қазынасын дәлелмен, өзіндік па­­йыммен көрсетуі шынайылыққа бетбұрыс жасады.

Олжас шығармаларының шоқтығы биік шыңы – 1975 жылы, әлі қырық жасқа толмаған шағындағы ұзақ та табанды зерттеуінің сенімді қорытындысындай болған «Аз и Я» ғылыми-танымдық еңбегі дер едім. Шын мәнінде бұл жұмыс мазмұны, зерттеу көлемі, ғасырлар тереңі, салыстырмалы теңеулері мен дәлелдері, ойлары мен ұсыныстары, бұлтартпас пікірлері жағынан бір емес, бірнеше докторлық диссертацияға татитын ауқымды да салмақты ғылыми моно­графиямен теңеседі. Солай бол­ғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Кітап жарыққа шыққан күннен бас­тап бүгінге дейін онда көтерілген ойлар мен ұсынылған тұжырымдамалар, осыған байланысты пікірлер мен таластар бір толастаған емес. Қайта жаңа мыңжылдың басында осы тақырып қайта көтеріліп, өзектілігі артып келеді. Олжас Сүлейменовтің ізашар зерттеулері көптеген тың көзқарасқа жол ашты.

Ал кітап шыққан 50 жыл бұрынғы жағдай қандай еді? Біз ол кезде Мәскеу­дегі орталық билікке бағынышты одақ құрамында едік. Оның ұстанымы – империялық саясат. Цензура. Саяси бақылау. Компартия Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, идеология хатшысы М.Суслов бастаған азуын айға білеген белсенділер мен оқымыстылар тарапынан бірден «бұл кітап ұлтшылдық­ты уағыздап, халықтар достығына зиян кел­тіреді» деген кінә тағылды. Егер дер кезінде Дінмұхамед Қонаев КОКП-ның бас хатшысы Леонид Брежневке «кітаптың ешқандай да әсіреұлтшылдығы, зияны жоқ екенін» айтып, араласпаса жағдай­дың қандай болары белгісіз еді. Тек осыдан кейін ғана Суслов кітап талқылауын Орталық комитетке емес, кеңес одағы Ғылым Академиясына тапсырған. Әри­не, талқылау бұрыннан қалыптасып қал­ған тәсілмен, жаңа еңбекті сынға алу бағытында ұйымдастырылып, қазақ зерт­теушісін «орнына қою» мақсатын­да жүргізілді. Бірақ олар өздері күтпе­ген білім иесімен кездеседі. Олжастың дәлелі, тапқырлығы, шешендігі өзін сынау­шылардан әлдеқайда биік деңгей­де еді. Нәтижесінде, шақырылған оқымысты ғалымдар сырт көзге қанша өз ұлтының патрио­­­­­ты болып тұрса да, жас зерттеушінің терең білімін, пікір­та­ластағы дәйегін, сөз тану мен қол­дану шеберлігін бағаламасқа амалы қал­мады. Бұл талқылаудың өзі – жеке әңгіме. Мұның мән-жайы Олжекең есте­лігінде айтылады.

Ақынның қайраткерлігі еліміздің мемлекеттік тәуелсіздікті жариялау қар­са­ңында, әлі Одақтың құрамында болған кездегі КСРО Жоғарғы кеңесі депутаты деңгейінде де айрықша көрінді. Ол саясатқа да белсене араласып бастады. Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Семей жеріндегі ядролық полигон­ның жұмысын тоқтатуға бағытталған «Невада-Семей» қозғалысын бастап, оны халық­аралық деңгейге көтерді.

Өткен ғасырдың 90-жылдарының ба­сында бұрынғы кеңес одағын, оны бас­қарушы компартияны реформалау, жаңа заман өзгерістеріне бетбұрыс жасау көтерілгенде де Олжас Омарұлы­ның дауысы қоғамда ерекше естіліп тұрды. Ол қоғамды жаңа заман талабына сай дамытуға қатысты өміршең ұсыныстар жасап, оларды жүзеге асыруда көрегендік те, қайраткерлік те көрсете білді.

Олжас Омарұлы ақын жүрегімен Қазақстан Жазушылар одағының төр­ағасы, Мемлекеттік кинематография комитетінің басшысы, республика ком­партиясы орталық комитетінің мүше­сіне кандидат лауазымдарында да ұлт мүддесін қорғап, осы салалардың өсіп-өркендеуіне айрықша атсалысты.

Ұлтымыздың мемлекеттік тәуелсіз­дікке қол жеткізіп, дүниежүзілік қоғам­дастықтың белсенді мүшесі болуында да Олжекеңнің белсенділігі мен мақсаткерлік еңбегі зор. Тәуелсіздіктен кейін Жоғарғы Кеңестің депутаты болған кезде алғашқы елдік заңдардың қабылдануына білімі мен еңбегін барынша жұмсады. Отанымыз­да демократияның, көппартиялылық саяси жүйенің қалыптасуына қатынасып, ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қозғалысының негізінде «Халық конгресі» партиясын ұйымдастырып, оның жетек­шісі болып сайланды.

Қайраткер, дипломат, мәдениет тұлғасы ретінде Олжас Сүлейменов тәуелсіз мемлекетіміздің халықаралық кеңістікте танылып, мойындалуына, әлем елдерімен екіжақты, көпжақты қарым-қатынастарды қалыптастырып, орнықтыруға, Қазақстанның көк туының биікке көтерілуіне айрықша еңбек сіңірді. Ол Қазақстанның Италиядағы, одан кейін ұзақ жыл ЮНЕСКО-дағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін абыроймен атқарды.

Ақынның қазақ тілінде Қадыр Мырза Әлі сөйлеткен «Мен таңсықпын» атты өлеңіндегі мына жолдар әрқашан ұстанымын айқындап отырғандай:

Күн бе? Түн бе?

Сен оларға бас ұрма!

Өз басыңнан заман сөзін асырма.

Жұлдызы ойнап шыға келсе көктемнің,

Қас-қағым сәт татиды екен ғасырға...

Олжас Омарұлы осы арқылы халқы­ның сан ғасырлық арман-аңсарын жет­кізді, ұлт қасиеті мен сапасының әлемдік дәрежеде танылып, мойындалуына қаламымен, қайраткерлігімен еңбек сіңірді. Отанға, елге, адамға деген ерекше бауырмалдығын да көрсетті. Қаншама жанға тікелей көмек қолын созғаны, қамқорлық жасағаны туралы дерек те көп. Әсіресе Семей атом полигонынан зардап шеккен адамдардың емделуінде, тұрмыс мұқтаждығын шешуде еңбегі зор. Сондай-ақ өнер, әдебиет, білім саласында дарынды жастарды қолдап, олардың өмірге, қоғамға сенімін арттыруда да Олжекең – қамқор ел ағасы.

Әрине, Олжас Омарұлындай біртуар зиялы, отаншыл тұлға қай елге барса да, қандай қызмет атқарса да алдымен қазақ мемлекетінің, ұлтының деңгейін, беделін көтеретіні хақ. «Еріне қарап елін біл» деп халық нақылында айтылғандай, Олжекеңнің түр-тұрпаты, кескін-кел­беті, сөзі мен ойы, білім-білігі – заң­ғар зиялылықтың, салиқалы зияткерліктің төлқұжатындай.

Тоқсанның төріне шығатын абыз аға­мыздың өмірі де, зейнеті де ұзақ болғай.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Соңғы жаңалықтар

Автоөнеркәсіп: құрастырудан толық өндіріске дейінгі жол

Өндіріс • Бүгін, 15:38

«The National Interest» журналында Президенттің жаңа Конституцияға қатысты мақаласы жарияланды

Ата заң • Бүгін, 15:36

«Бағанашыл» балалар үйінің бірнеше корпусы сүріліп жатыр: Алматы әкімдігі себебін түсіндірді

Алматы • Бүгін, 15:30

Атырауда масаларға қарсы күреске дрондар тартылады: Бюджеттен 200 млн теңге бөлінді

Экология • Бүгін, 15:22

Саясат Нұрбек: «Болашақ» түлектерінің үштен бірі АҚШ-қа виза ала алмай жүр

Білім • Бүгін, 15:02

Ұрлық, бопсалау, алаяқтық: Қарағанды облысында қылмыстық топ ұсталды

Қылмыс • Бүгін, 15:00

Денсаулық сақтау саласындағы серпін: Елімізде нәресте өлімі айтарлықтай төмендеді

Медицина • Бүгін, 14:48

Turkiye Open-2026: Таеквондодан Қазақстан әйелдер құрамасы бес медаль жеңіп алды

Спорт • Бүгін, 14:39

Таяу Шығыстан Қазақстанға: Студенттерден оқу ауыстыру бойынша 500-ден астам сұраныс түсті

Білім • Бүгін, 14:34

Францияда дизель бағасы соңғы 40 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті

Әлем • Бүгін, 14:20

Жетісу облысында тағы да жер сілкінді

Оқиға • Бүгін, 14:02

Астанада жұмыс табу жеңілдейді: Мансап орталығы үш жерде ашылды

Елорда • Бүгін, 13:51

Елімізде қанша ғылыми зертхана жұмыс істеп тұр?

Ғылым • Бүгін, 13:42

Toyota Land Cruiser алып беремін: Алаяқ елордалық тұрғынның 20 млн теңгесін алып кеткен

Заң • Бүгін, 13:24

Пойыздардың қозғалысын реттеу үшін Starlink спутниктік жүйесі қолданылады

Технология • Бүгін, 13:10

Барлық жаңалықтар

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью