Заң көмегін жетілдіру жүйесі

15.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Отандық конституциялық даму тарихында алғаш рет адвокатураға Конституцияда жеке норма арналды. Бұл оның азаматтардың сот арқылы қор­ғалуға, әділ сот төрелігіне және білікті заң көмегін алуға деген құқығын қамтамасыз етудегі айрықша рөлін айқындайды.

Сонымен қатар Конститу­цияда білікті заң көмегін тек адвокаттар ғана емес, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен өзге де субъектілер көрсете алатыны бекітілген. Осылайша, конституциялық деңгейде адвокатура мен заң консультанттары институтының қызметіне негізделген заң көмегін көрсету моделі көрініс тапты.

Конституциялық реформалар салалық заңнаманы одан әрі жетілдірудің негізіне айналды. Адвокаттардың процестік кепілдіктері кезең-кезеңмен кеңейтіліп, қылмыстық сот ісін жүргізу жетілдіріліп жатыр. Әкімшілік әділет жүйесі дамытылып, азаматтардың құқықтарын сот арқылы қорғау тетіктері нығайтылуда.

Атап айтқанда, қылмыс­тық-процестік заңнамаға қорғаушылардың қылмыстық іс материалдарымен танысу, қорғау актісін ұсыну, қыл­мыстық қудалау органда­ры­ның әрекеттері мен шешім­деріне тікелей шағым жасау құқықтарын кеңейтуді, сондай-ақ адвокаттардың заңды қыз­метіне кедергі келтіргені үшін жауаптылықты күшейтуді көздейтін өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар адвокаттың қор­ғауындағы адаммен олардың саны мен ұзақтығына шектеу қойылмай, құпия жағдайда кездесу құқығының заңнамалық тұрғыдан бекітілуі де маңызды қадам болды.

Жүргізіліп жатқан реформалар жағдайында азаматтардың білікті заң көмегін алу жөніндегі конституциялық құқығын іске асырудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде заң көмегін көрсету жүйесін одан әрі жетілдіру ерекше маңызға ие.

Елімізде мемлекет кепілдік берген заң көмегі 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы кезең ішінде қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық негіз қалыптастырылды, аза­маттардың құқықтарын бюджет қаражаты есебінен қор­ғауға адвокаттардың қатысуы қамтамасыз етілді, сондай-ақ осы саланы қаржыландыру мен әкім­шілендіру тетіктері құ­рылды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегі құқықтық ақпараттандыруды, құқықтық консультация беруді, сондай-ақ азаматтардың мүдделерін соттар мен өзге де мемлекеттік органдарда қорғау мен өкілдік етуді қамтиды.

Жыл сайын республикалық бюджеттен азаматтардың білік­ті заң көмегін алу жөніндегі конституциялық құқығын қам­тамасыз етуге қатысатын адво­каттардың еңбегіне ақы төлеуге қаражат бөлінеді.

Көрсетілетін заң көмегінің құрылымы негізгі жүктеменің қылмыстық сот ісін жүргізу саласына тиесілі екенін көрсетеді. Бұл қылмыстық процесте жеке адамның құқықтарын қорғаудың ерекше маңыздылығымен байланысты.

Сонымен қатар мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесіне қатысатын адвокат­тардың еңбегіне ақы төлеудің қолданыстағы жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттілігі сақталып отыр. Жүйені жаңғыртудың негізгі бағытының бірі – заң көмегін көрсету үдерістерін цифр­ландыру.

Заңнамада адвокаттар мен заң консультанттарының қыз­метін автоматтандыруға, заң көмегін көрсету рәсімдерінің ашықтығын арттыруға және мониторинг тетіктерін жетілдіруге бағытталған заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген.

Қазіргі уақытта адвокаттарды тағайындау, құжаттарды ресімдеу, заң көмегіне ақы төлеу және мемлекеттік орган­дармен өзара іс-қимыл үдеріс­терін автоматтандыруға мүм­кіндік беретін «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Оны қолдану тәжірибесі істерді цифрлық түрде бөлудің тиімділігін, әкімшілік рәсімдерді қысқартып, қаржылық үдеріс­тердің ашықтығы артқанын көрсетті.

Жүйені қылмыстық, әкімші­лік және сот ісін жүргізудің мемлекеттік ақпараттық ресурс­тарымен одан әрі интеграциялау – келешегі зор бағыт. Бұдан бөлек, оны Отбасының цифрлық картасымен ықпалдастыру мемлекет кепілдік берген заң көмегін атаулы түрде көрсетуге мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта адвокаттар мен заң консультанттарының бірыңғай тізілімін енгізу, аза­маттарға арналған цифрлық сервистерді дамыту, заң көмегінің сапасын бақылауды автоматтандыру, сондай-ақ бастапқы құқықтық консультациялар беру үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану көзделіп отыр.

Осылайша, заң көмегін көрсету жүйесін жетілдіру адвокатураны дамытуды, заң консультанттары институтын жаңғыртуды, заң қызметтерінің сапасын арттыруды, мемлекет кепілдік берген заң көмегінің тетіктерін жетілдіруді және заманауи цифрлық технологияларды енгізуді қамтитын кешенді реформа ретінде жүзеге аспақ.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың басты мақсаты – әрбір азаматтың білікті заң көмегіне нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау кепіл­діктерін нығайту, жаңа Конс­титуцияда бекітіл­ген құқықтық мемлекет қағидат­тарын одан әрі дамыту.

 

Венера КАЛИМОВА,

Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заңгерлік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру комитетінің төрағасы

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью