Заң шығарушы биліктің заманауи архитектурасы

17.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Жиынның алғашқы сессиясы Құрыл­тай­дың конституциялық трансформация­сына, өкілеттігін дамытуға, заң жобасын әзірлеу тетіктерін жетілдіріп, заң шығару қызметін сараптамалық сүйемелдеуді күшейту мәселесіне арналды.

Қазақстанның стратегиялық зерттеу­лер институтының директоры Жандос Шаймарданов Құрылтайдың құрылуы ашықтық, кәсібилік және қоғамның кеңінен қатысуы қағидаттарына негіз­делген заң шығарушы биліктің жаңа моделіне көшуімен байланысты екенін атап өтті. Сарапшының айтуынша, Құрылтай сайлауы конс­титуциялық реформаны жүзеге асы­рудың маңызды кезеңіне айналып, жаңартылған өкілді билік жүйесінің толық­қанды жұмысын қамта­масыз етеді. Бұл мемлекет пен қоғам ара­сындағы өзара іс-қимылдың жаңа моде­ліне көшуге мүмкіндік береді. Мұнда негізгі рөл қуатты саяси институттар, сараптамалық сүйемелдеу мен азамат­тардың белсенділігіне байланысты.

Әділет вице-министрі Даниэль Ваисов Құрылтайдың өкілеттігі мен мемлекеттік билік жүйесіндегі рөлі жайында айтып өтті. Осы ретте заң шығарушы орган институтының конституциялық трансформациясының негізгі бағыттары мен тиімділігі, сондай-ақ қабылданатын заңнамалық шешімдер сапасының рөлі жоғары. Вице-министрдің айтуынша, сайлау жаңартылған заңнама негізінде өтеді: Құрылтайдың барлық 145 депутаты бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер арқылы сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың рөлін күшейтіп, бәсе­келестікті жекелеген кандидаттардан бағдарлама­ларға, идеяларға және мем­лекеттік сая­сатты іске асыру үшін ұжым­дық жауап­кершілік арқалайтын саяси коман­даларға қарай бағыттайтын болады.

«Құрылтай партиялық құндылықтар мен жалпыұлттық мүдделерді үйлестіру кеңіс­тігіне айналуы қажет» деген пікірімен бөліскен Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасованың  айтуын­ша, Құрылтай заң шығарушы орган ғана емес, атқаратын қызметі әлдеқайда ауқымды.

– Құрылтайдың басты функциясының бірі –  партиялық құндылықтар мен ұлттық мүддені үйлестіру, сондай-ақ сындарлы саяси диалог алаңын қалыптастыру. Мемлекеттің қазіргі даму кезеңі билік институттарының тиімді жұмысын ғана емес, сонымен қатар мемлекет, саяси партиялар, азаматтық қоғам, сарапшылар қоғамдастығы және өңірлер арасындағы үздіксіз өзара іс-қимылды талап етеді. Құрылтай әртүрлі саяси көзқарастар бір-біріне қарсы тұрмай, елдің стратегиялық дамуы жөніндегі теңгерімді шешімдерді іздестірудің негізіне айналатын кеңістік бола алады. Заң шығарушы биліктің жаңа моделі Құрылтайға алғашқы сайлауды да­йындау кезеңінде айрықша маңызға ие болып отыр. Бұл сайлау кезекті науқан емес, конституциялық реформаны жүзеге асырудың және елдің жаңа өкілді органын қалыптастырудың алғашқы кезеңі болмақ, – деп атап өтті сарапшы.

Еуразиялық интеграция институты­ның директоры Оразғали Селтеев әлеуметтік зерттеу нәтижесіне тоқталып, азаматтардың 72,1 пайызы алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс беруге дайын екенін атап өтті.

 «Мұндай жоғары көрсеткіш заң шығарушы биліктің жаңа моделіне қоғамның зор қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді және сайлауға қатысу деңгейі алдыңғы парламенттік сайлаумен салыстырғанда жоғары болады деген болжам жасауға мүмкіндік береді. Азаматтардың жоғары электо­ралдық белсенділігі болашақ Құрыл­тайдың қоғамдық легитимділігін нығай­татын маңызды факторға айналып, елдің саяси жүйесін одан әрі дамытуға қатысуға дайын екенін айғақтайды», деді сарапшы.

Парламентаризм институтының Жария құқық және мемлекеттік бас­қару орталығының басшысы Шолпан Саймова заң шығару үдерісін ғылыми-талдамалық сүйемелдеудің маңыз­дылығына тоқталды. Сарапшының пікі­рінше, конституциялық реформаны практикалық тұрғыда іске асыру және заң шығарушы биліктің бір палаталы моделіне көшу қабылданатын шешімдердің сапасына жаңа талаптар қояды. Айтуынша, қазіргі заманғы заң шығару қызметі терең ғылыми талдау­сыз, ықтимал салдарды бағалаусыз және заңнамалық бастамаларға кәсіби сараптамасыз мүмкін емес. Құрылтайға ұсынылатын әрбір бастама құқықтық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар оның экономикалық, әлеуметтік және экологиялық ықпалы ескеріле отырып бағалануы қажет.

Women in Tech Kazakhstan басшысы Әсем Болатжан Құрылтайдағы гендерлік өкілдік мәселесіне мән берді. Оның пікірінше, Құрылтай қалыптасқаннан кейін әйелдердің жалпы үлесіне ғана емес, олардың заң шығарушы орган басшылығында, комитет төрағалары мен орынбасарлары, фракция мен жұмыс топтары жетекшілері арасындағы көрсеткішіне назар аудару керек болады.

Пікірталас барысында сарапшылар әлеуметтанулық зерттеулердің сая­си партиялардың қазіргі белсенділігі азаматтардың қоғамдық көңіл күйіне ықпал етіп отырғанын да атап өтті.

Жиынның екінші сессиясында қатысушылар халықаралық тәжірибе, цифрлық қызметті дамыту, сонымен қатар мемлекет және азаматтар арасындағы тұрақты диалогтің жаңа нысандарын қарастырды. Сессияның модераторы Философия, саясаттану және дінтану институтының салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әміребаев бір палаталы Құрылтайдың маңызына тоқ­талды. Айтуынша, бір палаталы Құрылтай өзекті мәселелерді шешуді жан-жақты қарастыруға тиіс. Сапалы жаңа жүйеге көшу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамаларын іске асыруда дамыған елдер тәжірибесіне сүйене отырып, идеологиялық тұрғыдан бәселекестікке жол ашуы керек.

Ұлттық ғылым академиясының Білім және қоғамдық даму ғылымдары орта­лы­ғының басшысы Жеңісбек Төлен Швейцария, Финляндия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея үлгісіндегі қоғаммен тікелей байланыс тәжірибесіне тоқталды.  Бұл елдерде қоғамның талап-тілегін ескере отырып, салалық мамандардың қатысуымен мәселе қарастырылады. Мұндай ашықтық заң шығару институттарына деген азаматтардың сенімін арттырады. Сондықтан Құрылтай әлемдік тәжірибенің озық үлгілерін пайдалана отырып, осы модельдерден қажетті бас­тамаларды негізге алуға тиіс.

Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев партиялық тізімдерді қалыптастыруды зерттеу нәтижелерін ұсынып, кандидаттардың құзыреттілігін, өңірлік бағалаудың маңыздылығын атап өткен болса, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Алуа Ибраева Құрылтайдың қызметіне қоғамдық қатысудың құқықтық тетіктерін институционалды түрде бекіту қажеттігіне қатысты пікірін білдірді.

Жиын барысында қоғам қайраткері Қайыржан Әбдіқалықов үкіметтік емес ұйымдар, жастар, ғылыми қоғамдастық және өңірлермен ықпалдаспай, тұрақ­ты қоғамдық диалог жүргізу мүмкін емеc екенін алға тартты. Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы Әйгерім Жүнісова цифрлық құрылтай тұжырымдамасы және e-Parlament мо­делін енгізу туралы айтып берді. Ол заң жобаларын қолдаудың Бірыңғай цифрлық жүйесін құруды, заң шығару үрдісінің барлық кезеңінің ашықтығын қамтамасыз етуді, азаматтардың цифр­лық дағдысын дамытуды және заң­на­малық бастамалар мен қоғамдық ұсы­ныс­тарды талдау үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалануды ұсын­ды.

Сарапшылар пікірінше, Құрыл­тай­дың қалыптасуы еліміздің заңнама жүйесін дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады. Кәсіби заңнамалық жұмыстың, заманауи цифрлық құралдардың және азаматтармен ашық өзара іс-қимылдың үйлесуі Құрылтайдың еліміздің жаңа саяси архитектурасының негізгі институтына айналуына мүмкіндік береді.

АЛМАТЫ 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью