Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Оның айтуынша, университет профессорлары мен отандық ғалымдар қауымдастығы Конституцияның мемлекеттік тілдегі мәтінінде бірізді емес терминология, мағыналық бұрмалаулар мен аудармалар арасындағы терминологиялық сәйкессіздік бар екенін ұзақ жылдар бойы көтеріп келеді.
Бұл құқық қолдану тәжірибесінде ұғымдарды әртүрлі пайымдауға жол ашып, конституциялық нормалардың біркелкі орындалуына кедергі келтіреді.
– Мысалы қазіргі Конституцияда «заңды» сөзі 16 рет, «құқылы» сөзі − 5 рет, «құқығы бар» − 27 рет, «құқығы жоқ» − 5 рет, «хақысы жоқ» − 3 рет қолданылған. Бірақ бір ғана сөз бір ғана мағыналық жүк арқалап тұрған жоқ. «құқылы» термині бірде «в праве» орнына, ал бірде «имеет право» орнына қолданылады. Ал «қызмет» сөзі «должность» мағынасында 31 жерде, «деятельность» мағынасында − 37 жерде, «функция» мағынасында − 3 жерде, «служба» мағынасында − 6 жерде қолданылған, - деп атап өтті Т. Нәрікбаев елордада Конституциялық сот ғимаратында.
Комиссия мүшесі айтқан тағы бір мысал − Үкімет мүшелерінің жауапкершілігіне қатысты «персонально отвечает» сөз тіркесі болды. Қазақша Конституцияда бұл бір бапта «дербес жауап береді», бір бапта − «жеке-дара жауап береді» деп аударылған.
Сонымен бірге, тұрақты құқықтық конструкция ретінде атау формада берілмеген мысалдар бар. Мәселен: «өмір сүруге құқығы», «ар-ождан бостандығына құқығы». Дұрысы: «өмір сүру құқығы», «ар-ождан бостандығы құқығы» болуы керек.
– Аудармаға байланысты, «общественная нравственность» ұғымы қазақша нұсқасында «қоғамдық имандылық» деп жазылған. Оны «қоғамдық әдеп» деп ауыстыруды ұсынамыз. Бұл түзету мемлекетіміздің зайырлы сипатын нақтылай түседі, - деп толықтырды заңгер.
Спикер Конституциямыздың мәтіндік анықтығы мен бірізділігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына, мемлекеттің басқару жүйесінің сапасы мен конституциялық кеңістік тұтастығына әсер ететінін айтып отыр.
– Сондықтан реформа шеңберінде құқықтық ұғымдарды біріздендіріп, тілдік нұсқалар арасындағы терминологиялық алшақтықтарды жойғанымыз жөн. Бұл Конституция мазмұнын өзгертуді емес, құқықтық дәлдігін күшейтуді білдіреді, Ата Заңымыздың сапасын арттырып, оның нормаларын түсініктірек етеді деп санаймыз, - деп түйіндеді Талғат Нәрікбаев.
Айта кетейік, Jibek Joly арнасы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысын тікелей эфирде көрсетеді.