Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Оның айтуынша, бұл мәселе 2025 жылғы қазанда Президенттің 8 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру аясында құрылған парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының арнайы отырысында жан-жақты қаралған. Сол кезде Президент пен Парламент өкілеттіктерін нақты ажырату бойынша бірқатар ұстаным әзірленген.
Депутат жаңа Конституция жобасында Президент республиканың ең жоғары лауазымды тұлғасы ретінде заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарының үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететінін атап өтті.
— Президент пен Құрылтай арасындағы өзара іс-қимылды саяси монополияны нығайту ретінде бағалау қате. Бұл халық алдындағы жауапкершілік институты мен билік тармағы арасындағы қатынас, — деді А.Перуашев.
Оның сөзінше, Конституция жобасы қандай да бір билік тармағын күшейтуді немесе әлсіретуді көздемейді. Керісінше, өкілеттіктерді неғұрлым тең әрі үйлесімді бөлуге бағытталған жаңа саяси жүйе қалыптастырылады.
Сонымен қатар, қоғам мүддесін білдіру функциялары Халық кеңесін құру арқылы кеңейтіліп, Құрылтай кәсіби заң шығару қызметіне шоғырланады. Заңнамалық өкілеттіктер толығымен Құрылтайдың құзыретінде қалады.
Депутаттың айтуынша, Президентке берілетін қосымша өкілеттіктер дағдарыстық жағдайлардың алдын алу, құқықтық олқылықтар мен реттеуші вакуумға жол бермеу мақсатында қарастырылған.
— Қолданыстағы рәсімдер Құрылтайға бүкіл ел үшін міндетті заңдарды қабылдауға ғана емес, кейбір жағдайларда Президенттің қарсылығын еңсеруге де мүмкіндік береді, — деді ол.
Осылайша, Парламенттің жоғары заң шығарушы орган ретіндегі рөлі сақталады, ал ұсынылып отырған өзгерістер қазіргі заман талаптары мен ұлттық мүдделерді ескере отырып, құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған.
Айта кетейік Мемлекеттік кеңесші қазіргі Конституция мен жаңа Конституцияның айырмашылықтарын атады.