Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) діни мәселелер мен радикалды ағымдар төңірегіндегі пікірталастардың өршуіне байланысты ресми мәлімдеме таратты. Мүфтият әлеуметтік желілердегі жағдайдың ушығуы қоғамның жікке бөлінуіне әкеп соғуы мүмкін деп қауіптенеді.
ҚМДБ соңғы уақытта интернетте ислам діні мен ұлттық құндылықтарға шабуыл жасау жиілегенін атап өтті.
Мүфтият неге наразы?
Мәлімдемеге сәйкес, қазнетте Құран мен Мұхаммед пайғамбарды сынау мазмұнындағы жазбалар тарауда. Алайда, мешіт қызметкерлеріне қатысты айтылған айыптаулар ерекше наразылық тудырды.
Атап айтқанда, мүфтият келесі тұжырымдарды жоққа шығарды:
«Заңсыз неке» (діни неке) қию туралы;
Имамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажеттілігі туралы;
Мектеп оқушыларын оқу уақытында діни рәсімдерге тарту туралы.
«Мешіт қызметкерлері балаларды сабақ уақытында жинап, мешітке апарып, шаралар өткізген емес. Дін қызметкерлері балалардың толыққанды зайырлы білім алуын барынша насихаттап келеді», — деп мәлімдеді ҚМДБ өкілдері.
Дін және домбыра
Діни басқарма ұлттық мұраны, соның ішінде домбыра тарту мен қазақы салт-дәстүрлерді дәріптеу бағытында белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Діни басқарма жанынан ашылған «Дін мен дәстүр» бөлімі баға жетпес мұраларды насихаттау үшін, сонымен қатар жат ағымдардың алдын алу және олардың жетегінде кеткен азаматтарды оңалтумен айналысу бағытында жұмыс істейді.
Алауыздық үшін жауапкершілік
Мүфтият қазақстандықтарға сөз бостандығы маңызды құндылық болғанымен, өзгенің ар-намысына, діни сеніміне нұқсан келтіруге бағытталмауы тиіс екегнін ескертті.
Теріс пікір айтып, өз бетінше пәтуа беріп, діни алауыздықты тудырған азаматтарға заң алдында жауапкершілік қарастырылған, - деп ескертті басқарма.
Осы ретте анықталмаған діни ақпараттарды таратып шектен шыққан, діни құндылықтарды бұрмалап, діни рәсімдерді жоққа шығарпы, қоғамда бүлік пен алауыздық тудырған азаматтарға қатысты діни құндылықтарды қорғау үшін алдағы уақытта құқықтық тұрғыдан құзырлы мекемелерге шағым түсіретінін мәлімдеді басқарма.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы мүфтияттың ресми діни платформасы — Ислам дінінің сүнни бағыттағы имам Әбу Ханифа мәзһабы болып табылады.
Бүгін, 17:15