Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
«Резеңке пәтерлер» атауымен айдарланған акция барысында тәртіп сақшылары 839 мекенжайды аралап, онда заңсыз тіркелген 16 306 адамды анықтаған. Сонда жалған тіркеуде тұрған бұл азаматтар кімдер? Олардың заңсыз әрекетіне жол берген пәтер иелеріне қандай тәртіптік шара қолданылды? Жалпы, мұндай заңсыздықтың жолын кесу мүмкін бе? Осы сауалдар төңірегінде толғанып көрдік.
Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ, шетел азаматтарын пәтерге тіркеу – бұрыннан келе жатқан әдіс. Көп жағдайда елімізге жұмыс іздеп келген шетелдіктер осындай қадамға барады. Ал қара жұмысқа келгендер құрылыс нысандарына тіркеле алмайтындықтан, жалған тіркелу құжатын алу үшін пәтер іздейтіні анық. Бұл қызметті ұсынатындар да қазір жетіп артылады. Тиынын төлесең, уақытша тіркеуге тұрғызуға дайын азамат көп. Тек шетелдік азамат тіркеуде болған уақытында заңбұзушылық жасамаса болғаны. Қарап тұрсаңыздар, кәдімгі жолға қойылған бизнес.
Жамбылдағы Көші-қон қызметі басқармасының негізгі мақсаты – осы пәтер иелері мен заңсыз тіркеуге тұрғандарды анықтау. Биылғы рейдтік шара барысында 839 мекенжайда жалған тіркеу белгілері байқалса, 16 306 адамның басым бөлігі мекенжайларда мүлде тұрмаған. Нәтижесінде, 82 адам азаматтарды нақты тұрғылықты жерінсіз тіркегені үшін жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, он күннен бір айға дейін тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрған 414 дерек белгілі болған. Сондай-ақ 143 адам жеке басын куәландыратын құжатсыз, жарамсыз құжатпен немесе уақытша тұру орны бойынша бір айдан астам тіркеусіз өмір сүргені де әшкереленіп отыр. Тағы 35 жағдайда пәтер иелері бұрыннан тұрмайтын адамдарды тіркеуден шығару бойынша шара қабылдамағаны үшін де жауапкершілік жүгін арқалаған.
Жамбыл облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Арай Данабекқызының айтуынша, қазір «резеңке пәтерлерді» болдырмас үшін тиісті шаралар қолға алынып жатыр екен.
– Жамбыл облысы бойынша наурыз айынан бастап «резеңке пәтерлер» жобасы қолға алынған болатын. Осы акция шеңберінде шетел азаматтары жиі тіркеуге тұратын мекенжайларды тексеріп, заңбұзушылықтар анықталды. Бұрындары тұрғын үй кітапшалары болатын болса, қазір мекенжайларға электрондық код беріледі. Міне, осы код арқылы бір пәтерде қанша адам тіркеуде тұрғанын анықтауға болады. «Резеңке пәтерлердің» дені Тараз қаласы мен Қордай, Т.Рысқұлов аудандарында анықталып отыр. Бұл тұста бір айта кетерлігі, «резеңке пәтерлер» барак үйлерде орналасқан. Яғни, мұндай үйлерге бір ғана мекенжайлық код берілетіндіктен, «резеңке пәтер» ретінде көрініс тапқан. Қазір осы мәселелерді біржақты қылу үшін жан-жақты тексеріс жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Арай Данабекқызы.
Әрине, барак үйлер мәселесі өзекті екені түсінікті. Алайда «резеңке пәтерлердің» барлығы бірдей барак үйлер емес екені белгілі ғой. Сондықтан мұндай заңсыздықтарды бір мәселеге итеріп, бүркемелеуге әсте болмас.
Жалпы, ресми мәліметке сүйенсек, жыл басына бері Жамбыл облысына 5 969 шетел азаматы келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өсім көрсетуде. Шекара асқандар – толықтай ТМД елдерінің азаматтары. Осы тұста ерекше назар аударатындығы өңірге табан тіреген 5 969 шетел азаматының 5 320-ы жұмыс іздеп келген. Тек 157-і тұрақты тұруға және 18 адам оқу үшін аймаққа қоныс аударған. Тағы 474 азамат өзге мақсаттармен өңір шекарасынан өтіп отыр. Байқап тұрсаңыздар, кеденнен өткен 5 969 шетел азаматының 90 пайыздан көбі «екі қолға бір күрек» іздеп келген. Ал бұл азаматтардың барлығы бір жерге тіркеуге тұруы керек қой. Міне, «резеңке пәтерлер» қайдан шығатынын осыдан аңғара беріңіздер.
Әрине, мұнда Көші-қон қызметі басқармасы жұмыс істемей жатыр деуден аулақпыз. Есепті кезеңде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 940 шетел азаматы жауапкершілікке тартылып, 269 адам ел аумағынан шығарылған. Осы тұста тағы бір статистикаға көз жүгіртсек, заң бұзушылардың дені өзбек пен қырғыз азаматтары екен. Ал көктем шыға облыста құрылыс саласы қарқын алатынын ескерсек, өзбек пен қырғыз ағайындар Әулиеатаға қандай мақсатпен қайырылып жатқанын аңғару қиын емес.
Байыбына бармай, байбалам салудан аулақпыз. Алайда көші-қон барда заңсыз әрекеттермен қатар, түрлі айла-амалдар да жүретіні белгілі. «Резеңке пәтерлер» соның бір көрінісі ғана. Бәлкім, құзырлы сала мамандарына заңсыздыққа жол бергендерге әкімшілік айыппұл ғана жазып қоймай, қатаң шаралар қолданса мұндай болмас па еді. Беті аулақ әрине, алайда ертең өңірге келіп, пәтерге заңсыз тіркелген шетел азаматы өзі бірдеңеге ұшырап әлде айналасындағыларға бір қатыгездік әрекет жасап жатса, кімді кінәлап, кімнен жауап аламыз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы