Зейін ашқан зейнеткерлер

05.02.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Арасында зейнетке шыққан ұзақ жылғы тәжірибелі мамандар да бар. Зейнетке шыққан егде адамдарды оқытудағы мақсат – оларға қолдау көрсету, қаржылық сауатын арттыру. Осы мақсатты жүзеге асырып жатқан жобалар елімізде жоғару оқу базасында іске қосылған. «Күміс университет» деп аталатын орталық 5 жылдан бері зейнетке шыққан жандарға қолдау көрсетіп келеді.

Аудитория жағалаған ата-әжелер

Еліміздің бірнеше қаласындағы жоғары оқу орындарында ашылған игі бастама әлі де жалғасын табуда. Соның бірі – Астанадағы ЕҰУ жанындағы Үздіксіз білім беру институты «Күміс университет» жобасында бір жарым мыңға жуық тыңдаушы 53 оқу курсында жаңа білім мен дағдыға ие болды. Жоба құрылған жылы 2 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Ал кейінгі жылдары қайтадан білім алуға қызыққан қарттар саны көбейген. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында 23 курста 507 адам дәріс алған болса, былтыр жарты жылдың өзінде 12 курста 495 адам оқуды аяқтады. Бұл зейнет жасын­дағы ата-әжелер де оқығысы келетінін көрсетеді. 

ЕҰУ Үздіксіз білім беру институтының директоры Әсем Серікқызы жобаға 50 жастан 85 жастан асқан тыңдаушылар келетінін айтады. Студенттердің арасындағы ең үлкені – 85 жаста. Оның айтуынша, «Күміс университеттің» студенттері жаңа білім алып, өзіне деген сенімділікті арттырады, технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын меңгереді, қарым-қатынас аясын кеңейтеді және белсенді өмірдің мәнін табады.

– Оқыту ең сұранысқа ие әрі әлеуметтік маңызы жоғары бағыттар бойынша жүргізіледі. Университет қызметі аға жастағы азаматтарды белсенді қоғамдық өмірге тартуға, клубтық жұмысты дамытуға, ағартушылық және білім беру курстарын ұйымдастыруға, сондай-ақ қарым-қатынас пен өзін-өзі дамытуға арналған орта қалыптастыруға бағытталған. Сабақ кестесі тыңдаушылардың жас ерекшеліктерін, оқытушылар мен студенттердің ыңғайын және аудиториялық қорды ескере отырып жасалады. Сабақтар күндізгі уақытта, артық жүктемесіз өтеді. Бір оқу тобында орта есеппен 15–25 адам оқиды. Бұл формат тірі қарым-қатынасты сақтауға және әр тыңдаушыға жеке көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір «Күміс университетте» жүзден астам тыңдаушы тұрақты түрде білім алуда, олардың саны жыл сайын артып келеді. Сабақтар лекция, әңгіме, тренинг, теориялық және практикалық жұмыстар, өздігінен оқу, шығармашылық шеберханалар форматында өтеді. Мұндай бастамалар жасты шектеу емес, керісінше, жаңа мүмкіндіктер, білім алу мен өзін-өзі жүзеге асыру кезеңі ретінде қабылдаудың жаңа мәдениетін қалыптастырады, – дейді ол.

«Күміс университеттің» үздігі

Шығармашылық және кәсіби дамуға арналған курстық бағдарламалар зейнеткер студенттерді жаңа технология, ағылшын тілі, құқықтық білім сияқты бірқатар сала бойынша дағды-машықтарын шыңдап, білім көкжиегін кеңейте алады. Алайда курстарға қатысуға ниет білдіргендердің басым бөлігі сауықтыру бағдарламалары мен тарих, мәдениет бағыттарына қызығушылық танытады екен. Осы пәндерден дәріс алып жүрген «студенттің» бірі – Шайда Қабыкенқызы. Жасы 80-ге келген ақжаулықты әже «Күміс уни­верситеттің» үздігі деуге болады. Өйткені бірде бір сабағын қалт жіберген емес. Әр сабақты  өзіне жүктелген үлкен жауапкершілік деп қарайды. Айтуынша, өзі оқыған кездегі білім беру процесі қазіргіден тіпті бөлек. Сондықтан бір жағынан, немерелерінің сабағына қарайласу үшін күнделікті сабаққа қатысса, екінші жағынан, ауырмаудың жолын іздеп, нутрицология пәніне қызығушылық білдіреді.

– Оқудың ерте-кеші жоқ. Өзім 42 жыл бойы математика пәнінен балаларға сабақ беріп келдім. Бірақ зейнетке шыққаннан кейін үйде отыра алмай, тоғызқұмалақ ойынына қатысып, уақытымды тиімді пайдаланып жүгенімде, орталыққа хабарландыру келді. Онда жасы үлкен, зейнетке шыққан жандарға арнайы сабақ берілетіні айтылыпты. Әбден қызығып, университетке бардым. Келгеніме жарты жыл болды. Ең бірінші, өзім білетін тоғызқұмалақ ойынын жалғастырып, дәріс алдым. Кейін Silver club-қа мүше болдым. Қызықтың бәрі осында екен. Қанша өмір сүрсең, сонша нәрсе біліп өт деген қағиданы ұстанатын болдым, – деді Шайда әжей.

Кейіпкеріміз әңгімесінде клубта түрлі бағдарламалардың бар екенін айтып, оның бәрі егде тартқан адамдар үшін саламатты өмір сүруде таптырмас мүмкіндік беретінін атап өтті. Мәселен, асқорыту мүшелерінің қызметі дұрыс болуы үшін күнделікті тұтынатын тағамдарды қалай таңдау керегінен бастап, корей аппараты арқылы макро және микроэлементтерді қалай толықтыруға дейінгі сатыларды түгел үйретеді. Бұл әсіресе өз денсаулығына алаңдайтын үлкен буынға берілген кәсіби маман кеңесі саналады. Бағдарлама ішінде «Медиация» пәні де бар. Студенттер бұл сабақта ортада өзін қалай ұстау керек, әр жастағы адаммен қандай қарым-қатынаста болу керегін үйретеді. Ақпарат қарыштап дамыған қазіргі заманда цифрлық және медиасауаттылықты меңгеруге ниет білдіргендер қатары аз емес. Цифрлық сауаттылық курсы зейнеткерлерге смартфонды, әсіресе банктік қосымшаларды қолдануды, электронды үкімет қызметтеріне өтініш беруді және өзге де пайдалы мүмкіндіктерді оңай игеруге бағытталған. Бұл – «Цифрлар сөйлейді» пәні. 

«Ол жастарға мамандық таңдауға таптырмайтын құрал екен. Бірақ біз де немерелерімізбен бір толқында болуымыз үшін керектің бәрін осы жерден үйреніп жатырмыз», – деді Ш.Қабы­кенқызы.

«Күміс университеттің» өмірі үнемі дамуда, жаңа курстар пайда болуда. Оның ерекшелігі – практикалық және өмірлік тәжірибесі бар студенттер аға ұрпақ сұранысына ие тақырыптар бойынша өз бағдарламаларын ұсынады. «Күміс университеттің» жұмысын жақсарту мақсатында университет факультеттерімен бірлесіп жұмыстар жүргізіледі. Мұндай бастамалар жасты шектеу емес, керісінше жаңа мүмкіндіктер, білім алу мен өзін-өзі жүзеге асыру кезеңі ретінде қабылдаудың жаңа мәдениетін қалыптастырады.

ЖИ-ді қатарластарынан озық меңгерген 64 жастағы Сарра Крат та осы университеттің студенті. Оны білім ордасына алып келген ұзақ өмір сүру орталығының жұмыс істеуі еді. Алайда бұл қызығу­шылықтың соңы технологияға ұласыпты. Айтуынша, педагогтер жасанды интеллект тақырыбында дәріс оқып қана қоймай, заңгерлермен, мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып отырады.

– Күнделікті өмірде аса мән бермейтін маңызды ақпараттарды үйреніп жатырмыз. Бір ғана смартфонның көмегімен қаншама құжаттарды жүктеуге болады екен. Одан бөлек, би терапиясы, жасару психологиясы, қарым-қатынас мәдениеті, тіпті цифрлық сауаттылық тақырыптары бойынша дәрістер өтті. Бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Ең кереметі, университет тек білім беріп қана қоймай, мәдени өмірге де тартады. Түрлі шаралар, кештер, кездесулер өтеді. Көктемде зейнеткерлерге арналған билер кеші де қайта басталатын шығар деп ойлаймын. Көбі зейнетке шыққаннан кейін «тоқырау кезі» басталды деп, үйінен шықпай қояды. Бүгінгі бағдарламалар миымыздың түкпіріндегі ең негатив ойларды жояды, – деді ол.

«Күміс университеттің» көздейтін басты мақсаты егде жастағы жандардың әлеуметтік және зияткерлік белсенділігін сақтау екенін айттық. Сондықтан бұл жерге келген әр адам «менің жасым білім алуға кеш» деп емес, «менің әлі де үйренерім көп» деген сеніммен шығады. Компьютерді меңгеру, цифрлық технологияларды пайдалану, құқықтық сауаттылық, денсаулықты күту, шет тілін үйрену, психология, тарих пен өнер – мұның бәрі «Күміс университеті» ұсынатын бағыттардың бір парасы ғана. Бұл жоба қарт адамдарды оқшау қалдырмай, керісінше, оларды белсенді әлеуметтік өмірге тартады. Жаңа орта, жаңа таныстық, жаңа мақсат сынды дүниелердің бәрі өмірге деген қызығушылықты қайта оятады. Қысқасы, бұл курстарды тәмамдаған тыңдаушылар шетелге шықса да тосылмайтын, смартфонды шемішкеше шағатын, қаржылық тұрғыдан сауатты, денсаулығын күте білетін, танымы кең, нағыз заманауи ата-әжеге айналады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью