Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Баяндамаға сәйкес, соңғы бір жылда зейнетақы активтері 12%-ға немесе 2,7 триллион теңгеге ұлғайған. Қазіргі уақытта портфельдің 40%-дан астамы шетел валютасында сақталып отыр.
Ұлттық банк өкілі Парламент Сенатының зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыру туралы ұсыныстарын ескере отырып, инвестициялық декларацияға маңызды түзетулер енгізілгенін жеткізді.
Енді зейнетақы ақшасы тек мемлекеттік қағаздарға ғана емес, тәуекелі жоғары болса да, табысы мол активтерге салынады.
– Біз валюталық портфельдегі АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздарының үлесін 30%-дан 15%-ға дейін төмендетіп, есесіне әлемдік акциялардың үлесін 25%-дан 30%-ға дейін арттырдық. Сондай-ақ портфельге мақсатты үлесі 10% болатын баламалы құралдар енгізілді. Сарапшылардың бағалауынша, мұндай балама құралдардың ұзақмерзімді табыстылығы 7-9%-ды құрайды. Бұл дәстүрлі облигациялармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Мұндай стратегия халықаралық тәжірибеге негізделген. Мәселен Канада мен АҚШ-тың ірі зейнетақы қорлары өз активтерінің 30-дан 50%-на дейінгі бөлігін дәл осындай баламалы құралдарда ұстайды.
Ұлттық банк бұл тәсіл зейнетақы жинақтарын инфляциядан қорғап қана қоймай, оның табыс әкелетініне сенімді.
– 2025 жылдың қорытындысы бойынша зейнетақы активтерінің кірістілігі 7,43%-ды, ал инвестициялық кіріс 1,77 триллион теңгені құрады. Маңыздысы – қазіргі таңда жинақталған кірістілік деңгейі инфляциядан жоғары. Біз алдағы уақытта да валюталық үлесті 40% деңгейінде сақтап, жергілікті нарықта тек нарықтық мөлшерлемелер бойынша инвестициялауды жалғастырамыз, – деп түйіндеді баяндамашы.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары зейнетақы портфелінің 43 пайызын құрап отыр.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу талабы қатаңдайтынын хабарлаған еді.