Arasha.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Украина Президенті Литваға жасаған сапары барысында Беларусь оппозициясының көшбасшысы Светлана Тихановскаямен кездесу өткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тихановская өзінің Telegram-арнасында мәлімдегендей, ол «бостандық үшін күресіп жатқан Украина халқына толық қолдау білдіретінін» жеткізген.
«Ол Президентке демократиялық Беларусьті қолдағаны және Украина басшылығының Беларусь халқы мен қазіргі режимнің аражігін ажырата білгені үшін алғыс айтты», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, оппозиция жетекшісі Владимир Зеленский мен оның әкімшілігіне беларусьтік саяси тұтқындарды босатуға көмектескені үшін ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, өткен жылдың соңында Беларусь басшысы Александр Лукашенко АҚШ санкцияларының бір бөлігін алып тастаудың қарымтасы ретінде саяси баптармен сотталған 123 адамды босатқан болатын. Бұл ретте саяси тұтқындардың басым бөлігі (соның ішінде танымал саясаткерлер Виктор Бабарико мен Мария Колесникова, сондай-ақ Нобель сыйлығының лауреаты Алесь Беляцкий) Беларусьтен Украинаға жеткізілген еді.
Әзірге Владимир Зеленский тарапынан бұл кездесу туралы ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
Жексенбі күні Зеленский Вильнюске Польша және Литва президенттерімен кездесу үшін келді.