Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Зеренді ауданының Зеренді ауылында өңірдің маңызды мәдени нысанына айналатын тарихи-өлкетану музейінің құрылысы жалғасуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Құрылыс жұмыстарын «Строй Тех IC» ЖШС мердігер ұйымы жүргізуде.
Қазіргі таңда іргетас құю және гидрооқшаулау жұмыстары аяқталды, инженерлік желілер тартылды, бірінші қабаттың қабырғалары мен қалқандары тұрғызылып, аралық жабындысы орнатылды және электрмен жабдықтау жүйесіне қосылды. Екінші қабатта тірек бағаналарын бетондау және қабырға қалау жұмыстары жүргізілуде. Мердігер ұйым өкілдерінің мәліметінше, нысанның дайындық деңгейі 35%-ды құрайды.
«Тарихи-өлкетану музейінің құрылысы – ауданның мәдени инфрақұрылымын нығайту және туристік әлеуетін дамыту жолындағы маңызды қадам. Жоба сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталады деп сенеміз. Жаңа музей Зеренді тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналып, тарихымызды сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізетін орталық болады», – деді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Серік Исаханов.
Жаңа мәдени-білім беру орталығы дәрістер, көрмелер, зерттеушілермен және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өткізуге арналған алаңға айналады. Жобаны іске асыру Зерендідің туристік тартымдылығын арттырып, гуманитарлық саланың дамуына серпін беретін заманауи мәдени кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.