24.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Елде әрбір зергерлік бұйымға цифрлық таңба қойылады. Осы арқылы тауар тұтынушыға жеткенге дейін цифрлық бақылауға алынады.
Қазақстанда әрбір зергерлік бұйымға енді цифрлық таңба қойылады. Бұл талап көлеңкелі бизнестің жолын кесу үшін енгізіліп отыр.
Өйткені кейінгі жылдары бағалы әшекейлерді заңсыз саудалау деректері жиілеп кетті, - дейді мамандар. Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының мәліметіне қарағанда, екі жыл бұрын зергерлік бұйымдарға арнайы код жапсыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылған. Ол таңба арқылы тұтынушылар тауардың қайда және қашан жасалғанын тексере алады. Енді осы әдіс биыл желтоқсан айынан бастап саладағы кәсіпкерлердің бәріне міндеттелгелі отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегіне сүйенсек, елде зергерлік бұйымдар сатумен 4 500-ден астам адам айналысады. Олардың ішінде өндірушілер саны 450-ге жуықтайды.
Назгүл Тұрашева, Tañba Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жоба менеджері:
- Таңбалау барлық металл түріне бірдей қолданылмайды. Ол тек ҚР заңнамасында белгіленген бағалы металлдардан жасалған зергерлік бұйымдарға қатысты болады. Яғни бұл жерде алтын, күміс және басқа да бағалы металлдардан жасалған бұйымдар таңбаланады.
Зергерлік бұйымдар өндірісі 41% артты
Былтыр он ай ішінде қазақстандық зергерлер жалпы құны 4 млн доллардан астам бағалы әшекейлер өндірген. Бұл алдыңғы жылдың дәл осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 41 пайызға көп. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми статистикасы осындай. Ал импорт және халықаралық көрмелер үшін ел аумағына 174 млн доллардың тауары кіргізілген. Солардың кері қайтарылған үлесі мен экспортты қоса алғанда, сыртқа шығарылған өнім көлемі 54 млн доллар шамасында болды. Елде кейінгі он жылда мұндай компанияларға жыл сайын 300 келіге дейін алтын сатуға квота белгіленді. Ал 2023 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істейтін өндірушілердің алтын сатып алуына қосымша құн салығы салынбады. Мұның бәрі өндіріс қуатының артуына тікелей ықпал етіп отыр.
Зергерлік бұйымдар өндірісі
2025 ж. Қаңтар-қазан $4,1 млн
Өсім 41,3%
Импорт $174,7 млн
Экспорт және реэкспорт $54,5 млн
Биологиялық белсенді қоспалар таңбаланады
Зергерлік бұйымдардан соң, биологиялық белсенді қоспаларға да цифрлық таңба қойыла бастайды. Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтар мұндай тауар түрлеріне жыл сайын шамамен 150 млрд теңге жұмсайды. Өнімдердің 90 пайызы маркетплейстер арқылы сатылып жатыр. Солардың ішінде сауда айналымына заңсыз енігізілгендері де бар. Сондықтан биологиялық белсенді қоспаларды цифрландыру экономикалық тұрғыда ғана емес, ұлт денсаулығы үшін де маңызды, дейді мамандар. Жоба пилоттық режимде былтыр наурыз бен желтоқсан айлары аралығында жүзеге асырылды. Онда 20 кәсіпорын қамтылған. Олардың қатарында отандық өндірушілер, импорттаушылар мен бөлшек сауда өкілдері бар. Енді жобаны келер жылдан бастап толық режимде енгізу көзделіп отыр.
Назгүл Тұрашева, Tañba Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жоба менеджері:
- Бұл жерде басқа да мемлекеттердің цифрлық таңбалаудағы тәжірибесі міндетті түрде қолданылады. Сонымен қатар солардың ішкі процесі ғана емес, бизнесте қандай жабдық қажет, сонымен қатар қандай қиындықтар, я болмаса қандай қосымша шығындар туындайтыны да анықталады.
Цифрлық жүйе нарықты бақылайды
Цифрлық таңбалауға жататын тауарлар тізімі осылай жылдан жылға көбейіп келеді. Бұған дейін дәрі-дәрмек, аяқ киім және темекі өнімдері қамтылды. Ал биыл ақпан айынан бастап мотор майы мен сыраның кейбір түрлерін таңбалау міндеттелгенін хабарлаған едік. Мұндай әдіс ашық сауданы қамтамасыз етуге тиіс.