Жаһандық қаржы институттары Астанада бас қосты

12.05.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Астанада экспорт несиелері мен инвестицияларды сақтандырушылардың ең ірі халықаралық бірлестігі саналатын Берн одағының көктемгі отырысы өтіп жатыр. Орталық Азия аумағында тұңғыш рет ұйымдастырылған ауқымды форум Қазақстанның халықаралық қаржы кеңістігіндегі рөлін тағы бір мәрте айқындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Беделді жиынға әлемнің 70-тен астам елінен 240-қа жуық делегат жиналды. Елордасына жетекші экспорттық-кредиттік агенттіктердің, эксимбанктердің, халықаралық қаржы институттарының, жаһандық сақтандыру корпорацияларының басшылары келді.

Форумның ашылуында Премьер-министр Олжас Бектенов елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесі халықаралық сауда, көлік-логистика және экспорттық әлеуетті дамыту үдерістерімен тығыз байланысты екенін айтты. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде саяси әрі экономикалық жаңғырудың кешенді бағдарламасы жүзеге жүйелі асып жатыр.

«Мемлекет басшысы іскерлік ахуалды жақсартуға үнемі ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде еліміз Орталық Азия аймағындағы ірі экономика ретінде өзінің ұлттық экономикасын құрылымдық трансформациялауды жалғастырып отыр. Тікелей шетелдік инвестициялар 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд долларды құрады, ал негізгі капиталға инвестициялар 13%-ға артып, 43,5 млрд доллар рекордтық көрсеткішке жетті. Еліміздің сыртқы сауда айналымы өткен жылы 144 млрд долларға дейін өсті. Қазақстандық өнімді жеткізу географиясы мен номенклатурасы кеңейіп келеді. Бүгінде біздің тауарлар әлемнің 127 еліне экспортталады, белсенді өнім түрлерінің тізімі 4 мыңға жақындады», деді Олжас Бектенов.

Қазақстан 2030 жылға дейін шикізаттық емес экспорт көлемін 52 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Осы бағытта халықаралық еркін сауда кеңістігін кеңейту жұмысы жалғасып жатыр. Вьетнам, Сербия елдерімен жасалған келісімдер қатарына Біріккен Араб Әмірліктері, Моңғолия мен Индонезия қосылды.

Форумда Транскаспий халықаралық көлік бағытының стратегиялық маңызына да ерекше назар аударылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл бағыт Еуропа мен Азия арасындағы жаңа экономикалық дәліздердің негізгі буынына айналып келеді. Инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы өңірлік сауда көлемін ұлғайтып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын арттыруға да ықпал етеді.

Мемлекет шетелдік сапалы адами капитал тартуға да басымдық беріп отыр. Президент тапсырмасымен көші-қон саясаты жаңартылып, инвесторлар мен жоғары білікті мамандарға арналған «Алтын виза» режімі енгізіліп отыр. Қазақстанның шетелдегі сауда өкілдері мен экспорттық-кредиттік агенттік кеңселері халықаралық нарықтағы кәсіпкерлерге жедел қолдау көрсетуге бағытталған.

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Үкіметпен бірлесіп 2032 жылға дейін жалпы құны 170 млрд долларға жуық перспективалы жобалар пулы жасақталғанын айтты. Оның пікірінше, мұндай ірі стратегияны жүзеге асыруда Берн одағы мүшелерінің сақтандыру және бірлескен қаржыландыру құралдары айрықша маңызға ие.

Берн одағының президенті Юичиро Акита Астананың көктемгі сессияны қабылдауы кездейсоқ шешім емес екенін жеткізді. Ол Қазақстанның тарихи тұрғыдан Шығыс пен Батысты жалғаған маңызды торап екенін атап өтті.

«Ұлы Жібек жолы дәуірінен бері Қазақстан әлемдік сауда, инвестициялар мен идеялардың стратегиялық торабында орналасқан мемлекет ретінде танылып келеді. Бүгінде бұл мәртебе жаһандық қаржы ағындарының түбегейлі трансформациясы жағдайында ерекше маңызға ие болып отыр», деді Юичиро Акита.

Форумның салмағы жаһандық көрсеткіштерден де аңғарылады. Берн одағына мүше ұйымдардың сақтандыру қорғанысының жиынтық көлемі жыл сайын шамамен 3,7 трлн АҚШ долларына жетеді. Бұл әлемдік трансшекаралық сауда айналымының шамамен 13 пайызына тең.

Пленарлық отырыстар аясында жаһандық экономикадағы өзгерістер, Орталық Азиядағы инвестициялық даму стратегиясы, қаржыландыру мен инновация мәселелері талқыланды. «Crossroads» атты негізгі тақырып төңірегінде қаржы секторын цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, тәуекелдерді бағалау жүйесін жетілдіру, ұзақмерзімді экспорттық қаржыландыру мәселелері сөз болды.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі басқармасының төрағасы Аллен Чайжүнісов агенттік шикізаттық емес экспортты қолдау бағытында жаңа тәсілдерді енгізіп жатқанын айтты. Оның ішінде ESG қағидаттарын андеррайтинг жүйесіне енгізу мәселесі де бар.

Форум аясында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мен Türk Exim, Saudi EXIM, BAEZ, ASHRA секілді халықаралық қаржы институттары арасында стратегиялық келісімдерге қол қойылды. Бұл құжаттар экспорттық тәуекелдерді қайта сақтандыру, инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру, қазақстандық өнімді Таяу Шығыс пен Еуропа нарықтарына ілгерілетуге бағытталған.

Сарапшылар мұндай келісімдер отандық экспорттаушылардың мүмкіндігін кеңейтіп, сыртқы сауда операцияларының тұрақтылығын күшейтеді деп есептейді.

Бұған қоса Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Берн одағының Қысқамерзімді сақтандыру комитетінің құрамына кіруге үміткер атанды. Бұл Қазақстанның халықаралық қаржы жүйесіндегі ықпалы артып келе жатқанын көрсетеді.

Форум жұмысы салалық комитеттер мен Прага клубының отырыстарымен жалғасады. Ал келесі Берн одағы отырысын Токио қаласы қабылдайтыны ресми жарияланды.

Соңғы жаңалықтар

Жасанды интеллект әр сыныпта: Президент Жарлығы орта білім беруді ауқымды цифрландыруды бастайды

Президент • Бүгін, 19:06

Қазақ ауыр атлеттері әлем чемпионатында бес медаль жеңіп алды

Спорт • Бүгін, 18:56

Михаил Шайдоровтан жеңілген Илья Малинин спорттан үзіліс алатын болды

Спорт • Бүгін, 18:20

Сипап айтылған бесік жыры: Көру қабілеті нашар аналар арасында ерекше байқау өтті

Қоғам • Бүгін, 18:15

Президент орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізу туралы Жарлыққа қол қойды

Президент • Бүгін, 18:05

Құлсарыда сенбілікке шыққан «ҚазТрансОйл» қызметкері қайтыс болды

Оқиға • Бүгін, 18:02

Жетісу облысында полицейге шабуыл жасаған тұрғын 2 жылға сотталды

Заң • Бүгін, 17:47

Қазақстанда жазда құрғақшылық болуы мүмкін: Министрлік қауіпті аймақтарды атады

Шаруашылық • Бүгін, 17:46

Алматыдағы бір пәтердің бағасына Ақтөбеден екі үй алуға болады: Өңірлердегі баға айырмашылығы

Қоғам • Бүгін, 17:35

«Қазақстанда жасалған»: Онлайн саудада отандық тауарларға басымдық беріледі

Сауда • Бүгін, 17:12

Маңғыстауда екі мыңжылдық тарихы бар қала зерттеліп жатыр

Аймақтар • Бүгін, 17:05

13 млн теңге айыппұл: Қазақстанда қандай гүлдерді жұлуға болмайды?

Заң • Бүгін, 17:01

Астанадағы LRT құрылысына қанша қаржы жұмсалды?

Оқиға • Бүгін, 16:38

Qalqan: Жаңа технология МӘМС-ті қалай өзгертеді?

Медицина • Бүгін, 16:25

Талғарда тағы да қанды оқиға: Әкесіне Құран бағыштамақ болған жігітті пышақтап кетті

Оқиға • Бүгін, 16:22

Барлық жаңалықтар

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью