Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Соңғы жылдары балалар қауіпсіздігі мәселесі қоғамда жиі көтеріле бастады. Әсіресе тұрмыстық жанжал, немқұрайдылық пен ата-ананың алкогольге тәуелділігі салдарынан зардап шегетін балалар тағдыры көпшілікті алаңдатады. Бүгінгі таңда Ішкі істер органдарының есебінде ата-аналық міндетін орындамайтын 11 мыңнан астам ата-ана тіркеуде тұр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай азаймаған, өспеген де. Мұндай отбасыларда өсіп жатқан балалардың психологиялық және әлеуметтік жағдайы қандай? Жүйе оларды қорғауға қаншалықты дайын? Arasha.kz тілшісі бұл мәселені мамандардан анықтап сұрап көрді.
Мектепте педагог-психолог болып қызмет атқаратын Назерке Оспанның тәжірибесінде отбасындағы қиын жағдайлар мен зорлық-зомбылыққа куә болып өсіп жатқан балалар кездеседі екен. Оның айтуынша жайсыз отбасында өскен балалардың кейбірі ашуланшақ, агрессивті келеді, ал енді біреуі керісінше тұйықталып, ешкіммен сөйлеспейді. Сабаққа қызығушылығы төмендеп, зейіні шашырайды.
«Бұл балалар «қиын» болғандықтан емес, олар тұрақты стресс жағдайында өмір сүріп жүргендіктен осылай көрінеді. Зорлық-зомбылыққа куә болу баланың психикасына өте ауыр әсер етеді. Бала өзін қауіпсіз сезінбейді, әлемді қауіпті деп қабылдайды. Үнемі қорғаныс күйінде жүреді, сенімсіздік пайда болады. Кейде эмоциясын мүлде көрсетпей қояды, кейде керісінше ашуын ұстай алмайды», – деп отыр педагог-психолог.
Назерке Оспан мұндай балалар болашақта өздері де агрессорға айналуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
«Иә, ондай қауіп бар. Себебі бала көргенін үлгі етеді. Егер ол мәселе күш қолдану арқылы шешіледі деп өссе, сол модельді қайталауы мүмкін. Бірақ бұл міндетті түрде солай болады деген сөз емес. Егер бала уақытында қолдау алып, қауіпсіз ортада болса, ол мүлде басқа жолды таңдай алады», – деді ол.
Мектеп психологы қиын жағдайда өсіп жатқан баланы анықтағанда ең алдымен баламен сенімді байланыс орнатады, оны қорқытпай, айыптамай, жағдайды бақылап, қауіп деңгейін анықтайды екен. Кейін мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшімен бірлесіп әрекет ететін көрінеді.
Мектеп, психолог және қоршаған ортаның рөліНазерке Оспан: «Басты мақсат – баланы жазалау емес, қорғау», – дейді.
Жайсыз отбасында өсіп жатқан бала үшін мектеп пен қоғамның рөлі қандай? Бұл сұраққа жауап берген маманның сөзінше мектеп – мұндай балалар үшін кейде жалғыз қауіпсіз орта болады.
«Мұғалім мен психолог – сенуге болатын ересек адам. Мектепте бала өзін қорғалған сезінсе, оның психикасы біртіндеп қалпына келе бастайды. Сонымен қатар әлеуметтік қызмет пен құқық қорғау органдарына сенім болуы өте маңызды. Бала «мені қорғайтын адамдар бар» екенін сезінуі керек», – дейді педагог-психолог.
Егер баланың өміріне немесе денсаулығына нақты қауіп төнсе, ақпарат тиісті органдарға беріледі.
Жайсыз отбасыларды бақылау және қорғау механизмдері«Бұл – қамқоршылық органдары, әлеуметтік қызметтер және кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын құрылымдар. Бұл шаралар ата-ананы жазалау үшін емес, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалады», – дейді Н. Оспан.
Ішкі Істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығы Әсет Оспанов әрбір құзыретті органның қызметі заңмен нақты айқындалғанын айтады.
«Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылады. Комиссия құрамына барлық мемлекеттік органдардың өкілдері, оның ішінде халықты әлеуметтік қорғау, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, полиция және прокуратура органдарының қызметкерлері кіреді. Олар отбасылардың жағдайын кешенді түрде қарайды. Қандай да бір мәселелер туындаған жағдайда, тиісті сұрақтар осы комиссия отырыстарында қаралады», – деді Әсет Оспанов Астанада өткен баспасөз конференциясында тілшімізге.
Әсет Оспановтың айтуынша ата ананың немесе қамқоршының жауапкершілігін нақты анықтау, сондай ақ балалардың құқықтары мен дамуына қажетті жағдайларды қамтамасыз ету ерекше маңызды.
«Қазақстан Республикасының заңнамасында отбасының “жайсыз” деп танылу жағдайлары нақты айқындалған. Атап айтқанда, алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс тұтыну, баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау, сондай-ақ баланың тұрғылықты мекенжайында оның оқуына және дамуына қажетті жағдайдың жасалмауы сияқты себептер бойынша мұндай отбасылар ішкі істер органдарының есебіне алынады», – деді басқарма бастығы.
Жайсыз отбасында өскен балалардың тағдыры қоғамның маңызды мәселелерінің бірі болып қала береді. Мұндай балалар психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз болып, тұрақты стресс пен қауіпті ортада өседі. Дегенмен, мектеп психологтары, педагогтар, әлеуметтік қызметтер және құқық қорғау органдары балаларға қауіпсіз орта қамтамасыз етіліп, олар қолдау ала алады. Қазақстан Республикасының заңнамасы балалардың құқықтарын қорғау мен ата-ананың міндеттерін айқындай отырып, отбасылардың жағдайын бақылау мен қорғау механизмдерін заңдық тұрғыдан бекітеді.