Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Шаһарға жақын орналасқан Байзақ пен Жамбыл ауданына қарасты болған ауыл тұрғындары қалаға қосылғаннан бері төрт түліктерін қайда жаярын білмей қиналуда. Ал қала көшелерінде, тұрғын үй аулаларында, саябақтар мен өзен жағалауларында жайылып жүрген мал байырғы қала тұрғындарының тұрмысына қолайсыздық туғызуда. Себебі бұл мәселе тек ветеринариялық немесе санитарлық талаптар шеңберінде ғана емес, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі тұрғысынан да алаңдатып отыр.
Ветеринариялық қызмет мамандарының айтуынша, қала аумағында мал өсіруге қатысты заң талаптарын сақтау – әрбір мал иесінің міндеті. Себебі төрт түлікті қараусыз жіберу немесе белгіленбеген жерлерде жаю қоғамдық орындардың ластануына, жасыл желектердің бүлінуіне, тұрғындарға келеңсіздік туғызып және жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында қазір Тараз қаласының әкімдігі, ветеринариялық қызмет пен полиция қызметкерлері түсіндіру және рейдтік шараларды күшейтуде.
Қазір Тараз қаласының әкімшілік аумағындағы жайылым жер көлемі қолдағы мал басын толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Мәселен, Жібек жолы ауданында анықталған жайылым көлемі небәрі 76,93 гектарды құрайды. Ал осы ауданда тіркелген 5 мыңнан астам ірі қара, 9 мыңнан астам ұсақ мал, мыңға жуық жылқы мен басқа да үй жануарлары үшін мұндай аумақ жеткіліксіз екені анық. Бұл қала ішінде мал жаюға мүмкіндік жоқ екенін және мәселені заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру қажеттігін көрсетеді.
– Жібек жолы ауданында жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. Бұл ауыл шаруашылығының дамуына оң ықпал еткенімен, жайылымдық жерлердің тапшылығы мәселесін де өзекті етіп отыр. Қазір аудан аумағында бар болғаны 76,93 гектар жайылым жер бар. Ал тіркелген төрт түлік саны бұл аумақтың мүмкіндігінен бірнеше есе жоғары. Сондықтан қала аумағында малды еркін жаюға мүмкіндік жоқ.
Осыған байланысты аудан әкімдігі тұрғындарға малды тек өз аулаларындағы қора-жайларда ұстауды және жайылымға шығарған жағдайда оны қала сыртындағы ресми белгіленген жайылымдарға ұйымдасқан түрде айдауды ұсынады. Бұл бағытта көршілес аудандардағы жайылым пайдаланушыларымен және бақташылармен келісім жасау тетіктері қарастырылған.
Біздің бөлімнің негізгі міндетінің бірі – тұрғындарға ауыл шаруашылығы саласындағы заң талаптарын түсіндіріп, мал шаруашылығын тиімді әрі қауіпсіз жүргізуге жағдай жасау. Мал иелерінің ветеринариялық-санитариялық нормаларды сақтауы, төрт түлікті қараусыз қалдырмауы және заң талаптарына сәйкес ұстауы қоғамдық тәртіп пен қала тазалығының сақталуына тікелей әсер етеді.
Жайылым мәселесін бірлескен жауапкершілік арқылы ғана шешуге болады. Сондықтан аудан тұрғындарын белгіленген тәртіпті сақтауға, малды ұйымдасқан түрде бағуға және қала аумағында заңсыз жаюға жол бермеуге шақырамыз. Бұл – бір жағынан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан қаланың санитарлық тазалығы мен экологиялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді Жібек жолы ауданы әкімдігі кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығын дамыту бөлімшесінің басшысы Назима Ситалиева.
Бүгінде Тараз қаласының аумағында көшелерде, саябақтарда, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында, гүлзарларда, өзен жағалауларында және басқа да қоғамдық орындарда төрт түлікті жаюға заңмен тыйым салынған. Қала ішінде қараусыз жүрген мал тұрғындарға қолайсыздық туғызып қана қоймай, қоғамдық мүлікке залал келтіреді. Әсіресе, көгалдандырылған аумақтардың бүлінуі, балалар ойын алаңдарының ластануы және санитарлық талаптардың бұзылуы қала мәдениетіне нұқсан тигізеді.
Ветеринариялық қызмет мамандарының пікірінше, малды дұрыс күтіп-бағу ең алдымен оның денсаулығы мен иесінің жауапкершілігін көрсетеді. Сондықтан жеке секторда тұратын азаматтар малды тек өз ауласындағы арнайы қораларда ұстауы қажет. Қора-жайлар белгіленген ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай болуы, әрбір мал басына жеткілікті орын қарастырылып, көршілес тұрғын үйлермен арадағы санитариялық арақашықтық сақталуға тиіс. Бұл талаптар тұрғындардың денсаулығын қорғауға, жұқпалы аурулардың алдын алуға және санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Егер мал иесі төрт түлігін жайылымға шығаруды жоспарласа, онда оны қала шекарасынан тыс орналасқан ресми бекітілген жайылымдарға айдауы қажет. Мұндай жағдайда көршілес аудандардағы жайылым пайдаланушыларымен немесе бақташылармен келісім жасалып, мал ұйымдасқан түрде бағылуға тиіс. Бұл талап малдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қала ішіндегі заңсыз мал жаю деректерінің алдын алады.
Мамандар ерекше назар аударатын мәселенің бірі – қараусыз жүрген малдың жол қауіпсіздігіне төндіретін қаупі. Қала көшелері мен республикалық маңызы бар автожолдарға шығып кеткен төрт түлік жол қозғалысына қатысушылардың өміріне елеулі қауіп төндіреді. Жүргізушінің күтпеген сәтте жолға шыққан малды айналып өтуге әрекет жасауы ауыр жол-көлік оқиғаларына алып келуі мүмкін. Мұндай қайғылы жағдайлардың салдары адам өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, үлкен материалдық шығындарға да әкеледі. Сондықтан ветеринариялық қызмет өкілдері мал иелерін қоршауларды күшейтіп, төрт түлікті бақылаусыз жібермеуге және жол қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
– Жібек жолы ауданына қарасты №4 аумақтық округте тұрғындар тарапынан жеке қосалқы шаруашылықта мал ұстау кеңінен таралған. Алайда соңғы уақытта төрт түліктің көшелерде, қоғамдық орындарда және жол бойында қараусыз жайылу фактілері жиілеп отыр. Мұндай жағдайлар тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолайсыздық туғызып қана қоймай, қала тазалығының бұзылуына, көлік қозғалысының қиындауына және жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады. Осыған байланысты округ аумағында аудан әкімдігі, ветеринариялық қызмет және полиция басқармасымен бірлесіп тұрақты түрде түсіндіру және рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Негізгі мақсат – тұрғындарды жазалау емес, заң талаптарын түсіндіріп, құқықбұзушылықтың алдын алу. Дегенмен ескертуге қарамастан талаптарды сақтамаған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады, – дейді №4 аумақтық округ бойынша аудан әкімінің бас инспекторы Н.Жұмағұлов.
Айта кету керек, заң талаптарын орындамау әкімшілік жауапкершілікке алып келеді. Ал қараусыз немесе заңсыз жайылып жүрген мал арнайы айып тұрағына жеткізіледі. Ал оның иесіне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады. Алғашқы құқықбұзушылық үшін 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынса, қайталанған жағдайда оның көлемі 5 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды. Егер қараусыз жүрген мал өзгенің егістігіне, бау-бақшасына немесе мүлкіне зиян келтірсе, айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Сонымен қатар келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеті де заң аясында қаралады.
Бұл мәселе күні кеше Тараз қаласы әкімдігінде өткен жиында да қаралды. Онда шаһар басшысы Бақытжан Оранбеков қараусыз жайылып жүрген малдарды әкімдік тарапынан бекітілген арнайы қораларға қамауды тапсырды. Төрт түлік иесі малын қорадан айыппұл төлеп қана алып кете алатын болады. Бір сөзбен айтқанда, енді тұрғындар көлігін айыптұрағынан алып кеткендей, төрт түлігін айыпқораларынан іздейтін болады. Бұл жүйе қаншалықты жемісін беретіні белгісіз. Алайда «Қалада мал жайылатын орын болмаса, тұрғындар төрт түлігін қайда апарады?» деген орынды сұрақ туады.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы