Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Екінші жағынан, ауыл тұрғындары жайылым таппай жүр, жерге қатысты даулар азаймай келеді, ал мыңдаған гектар алқап әлі де толық игерілмеген. Сарапшылардың пікірінше, өңірдегі басты мәселе жердің жетіспеушілігінде емес, оны тиімді басқару мен әділ бөлуде болып отыр.
Атырау облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Әлібек Ермекқалидың айтуынша, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда.
– Жер заңнамасының талаптарын сақтауды бақылау тұрақты жүргізіледі. Пайдаланылмай жатқан немесе заң талаптарына сәйкес игерілмеген жер учаскелеріне қатысты тиісті шаралар қабылдануда. Негізгі мақсат – жердің экономикалық айналымға қайта қосылуын қамтамасыз ету, – дейді департамент басшысы.
Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылы жалпы көлемі 8 658 гектар болатын 18 жер учаскесінің иелеріне заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Алайда олардың тек үшеуі ғана жерді игеруге кіріскен.
Былтыр облыс бойынша мемлекетке 90 мың гектар жерді қайтару жоспары бекітілген. Нәтижесінде, 61 мың гектардан астам жер мемлекет қорына қайтарылды. Биыл өңірге 40 мың гектар жерді қайтару міндеті жүктелгенімен, әзірге оның үштен біріне де жетпейтін көлем ғана қайтарылған. Бұл көрсеткіштер пайдаланылмай жатқан жерлер мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Атырау облысының көптеген ауылдарында тұрғындар бірнеше жылдан бері жайылым жетіспеушілігі жайын айтып келеді. Махамбет, Құрманғазы және Индер аудандарындағы шаруалардың айтуынша, ауыл маңындағы кейбір жерлер ресми түрде жеке пайдаланушыларға тиесілі болғанымен, нақты игерілмейді. Соның салдарынан малды шалғай аймақтарға айдауға тура келеді.
Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Бақтыбек Таубаевтың пікірінше, жайылым тапшылығы ауыл экономикасына тікелей әсер етеді. Себебі ауыл халқының негізгі табыс көзі – осы. Егер жайылым жетіспесе, шаруалар мал басын көбейте алмайды. Сондықтан мемлекетке қайтарылған жерлердің бір бөлігін бірінші кезекте ауыл тұрғындарының қажеттілігіне бағыттау маңызды.
2025 жылы облыста 324 жеке және заңды тұлғаға қатысты тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 60 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Ал 2026 жылдың алғашқы төрт айында 168 тексеру өтіп, 45 миллион теңгеден астам әкімшілік жаза қолданылған. Көбіне жерді мақсатсыз пайдалану, ұзақ уақыт бос ұстау және құжаттарды уақытында рәсімдемеу фактілері анықталады. Атырау облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Әлібек Ермекқалидың пікірінше, мәселе тек айыппұл салумен шешілмейді.
– Кейбір жер пайдаланушылар үшін айыппұл төлеу жерді игергеннен әлдеқайда жеңіл болып отыр. Сондықтан бақылаумен қатар жерді нақты игеруге ынталандыратын тетіктер қажет. Әйтпесе, мәселе жылдан-жылға қайталана береді, – дейді ол.
Өңірде жерге қатысты соттық және әкімшілік даулардың саны да аз емес. Даулардың басым бөлігі жер учаскелерінің шекарасын белгілеу, жер пайдалану құқығы, жер беру және нысаналы мақсатын өзгерту мәселелеріне байланысты туындайды. Әсіресе, ауылдық жерлерде көршілес жер иелері арасындағы шекаралық келіспеушіліктер жиі кездеседі. Сарапшылар мұның бір себебін кадастрлық ақпараттардың ескіруімен байланыстырады.
Жасырары жоқ, облыс табиғи-климаттық жағдайы күрделі өңірлердің қатарына жатады. Қуаңшылық, су тапшылығы, топырақтың тұздануы және шөлейттену ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігіне кері әсер етуде. Бұдан бөлек, мұнай-газ өндірісінің қарқынды дамуы да жер ресурстарына қосымша жүктеме түсіреді. Экологиялық талаптардың сақталуына қарамастан, жер сапасын сақтау мәселесі өңір үшін маңызды болып қала бермек.
Кейінгі жылдары жер қатынастары саласында цифрлық қызметтер енгізіліп, көптеген рәсімдер электронды форматқа көшірілді. Соған қарамастан тұрғындар арасында жер учаскелерін рәсімдеу мерзімдерінің ұзақтығы, құжаттардың қаралу уақыты және қажетті ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жиі көтеріледі. Әсіресе, шалғай ауылдарда цифрлық сервистерді пайдалану мүмкіндігі барлық азаматтар үшін бірдей емес. Мамандардың пікірінше, электронды жүйелерді жетілдірумен қатар халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.
Әйтсе де, аймақтың жер қатынастары саласында белгілі бір нәтижелер бар. Мыңдаған гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, заң бұзғандар жауапкершілікке тартылуда. Алайда жайылым тапшылығы, игерілмеген алқаптардың көп болуы, жер дауларының қайталануы мен экологиялық қауіптер бұл саланың түйткілдері әлі де шешілмегенін көрсетеді. Сондықтан жерді тиімді пайдалану, әділ бөлу және ашық басқару мәселесі алдағы жылдары да Атырау өңірінің күн тәртібіндегі маңызды тақырыптың бірі болып қалатын секілді.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы