Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
— Ауыл шаруашылығында жер ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін Үкімет жүйелі шаралар кешенін іске асыруда. Атап айтқанда, жайылымдық алқаптарды басқару тәсілдерін жетілдіру мақсатында 2024 жылғы ақпанда заңнамалық түзетулер қабылданды. Қоғамдық жайылымдар ұғымы енгізілді. Оларды пайдалануға қойылатын талаптар күшейтілді. Жергілікті атқарушы органдардың жайылымдардың тозуын болдырмау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және іске асыру бойынша өкілеттіктері кеңейтілді, — деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, аталған шаралар халықты жайылымдық алқаптармен қамтамасыз ету және олардың сапалық жай-күйін сақтау жөніндегі жұмысты жандандыруға мүмкіндік берді.
— 2024 жылғы шілдеде жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі үлгілік жоспар бекітілді. Ол жайылымдарды тиімді пайдалану жөніндегі іс-шараларды, жайылымдық инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтерді, ауыл шаруашылығы жануарларын айдап өту үшін белгіленген сервитуттарды, шалғайдағы жайылымдарда жаюға арналған мал басының саны туралы деректерді, мәдени және аридтік жайылымдарды, орман және су қорларының жерлерін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану ерекшеліктерін, ұсынылатын жайылым айналымы схемаларын және өзге де талдамалық ақпаратты қамтиды, — деді ол.
Премьер-министрдің атап өтуінше, 2025 жылғы наурызда үшінші және төртінші деңгейдегі бюджеттер есебінен жайылымдардың тозуына қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруды көздейтін Бюджет кодексі қабылданды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар жайылымдарды қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды дербес іске асыру өкілеттіктеріне ие болды.
— Биыл 29 қаңтарда Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Онда ауыл шаруашылығы жануарларының санын көбейту, олардың өнімділігін арттыру және саланың экспорттық әлеуетін кеңейту, шалғайдағы мал шаруашылығы мен жайылымдық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту, жайылымдарды пайдалану жүйесін жаңғырту және мемлекеттік қолдау көрсету бойынша нысаналы индикаторларды белгілеу көзделген. Осылайша, қолданыстағы шаралар кешенді сипатқа ие. Соған байланысты осы кезеңде жайылымдық инфрақұрылымды дамыту бойынша жеке бағдарлама әзірлеу мақсатқа сай емес деп есептеледі, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Үкімет басшысы сенаторлардың орман қоры жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына ауыстыру ұсынысына жауап берген еді.