Жайық бойындағы байыпты бастамалар

25.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Аталған аймақта жүзеге асып жатқан ауқымды жобалар өңірдің көлік-логис­тикалық әлеуетін арттырып, тұрғындар­дың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары барысында әлеуметтік, инфрақұрылымдық, өндірістік әрі энергетикалық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Сапардың алғашқы нүктелерінің бірі – Орал теміржол вокзалы. Мемлекет бас­шы­сының көлік инфра­құры­лымын жаңғырту жөніндегі тапсыр­масы аясында қолға алынған жоба бүгінде мәресіне жақындаған. Құрылыс жұмыстарының 95 пайызы аяқталған.

Жаңартылған вокзалда заманауи күту залдары, жаңа ақпараттық жүйе­­лер, эска­ла­­­торлар мен жеделсаты­­лар орна­­тыл­ған. Бұрын жолаушылар пер­ронға жерасты өткелі арқылы өтсе, енді тікелей шығу мүмкіндігі қарас­тырылған. Инженерлік желілер толық ауыстырылып, аумақты абаттан­дыру қолға алынған.

Нұрлыбек Нәлібаев жауапты мекемелерге құрылыс сапасын басты назарда ұстап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, ана мен балаға қолайлы орта қалыптастыруды тапсырды. Теміржол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары тек облыс орталығымен шектелмейді. Шыңғырлау ауданында жаңа вокзал салынуда. Бөрлі мен Тасқаладағы теміржол бекет­тері де күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Өңірдегі ірі жобалардың бірі – Жайық өзені үстінен салынатын жаңа көпір. Жалпы, құны 71 млрд теңгені құрайтын нысан халықаралық маңызы бар Ақтөбе – Орал – Ресей шекарасы бағытындағы автожолдың бо­йында орналасады. Жоба құрамында ұзындығы 8 шақырым болатын жол, 513 метрлік арналық көпір мен 1710 метрлік жайылмалық көпір көзделген. Сарапшылар бұл нысан көлік қауіп­сіз­дігін арттырып қана қоймай, ха­лықаралық транзиттік бағыттың өткізу мүмкіндігін күшейтетінін айтады.

Орал қаласының болашақ дамуы Ақжайық жаңа шағын ауданымен де тығыз байланысты. Жалпы аумағы 420 гектарды құрайтын тұрғын алап 50 мың адамға есептелген. Қазірдің өзінде мұнда 1044 пәтерлік 10 үй мен оңалту орталығы пайдалануға берілген. Тағы 16 тұрғын үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Алдағы уақытта мектептер, балабақшалар, аурухана, перинаталдық орталық пен 12 мың орындық стадион бой көтермекші. Шағын ауданға қажетті инженерлік желілер тартылып, кәріз сорғы стансасы іске қосылған. Көлік қол­же­тімділігін жақсартатын жаңа көпірдің құрылысы басталған.

Өңір экономикасындағы өндірістік әлеуетті көрсететін кәсіпорындардың бірі – «Квант» жиһаз фабрикасы. Отыз бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан зауыт бүгінде жоғары деңгейде автоматтандырылған өндіріс орнына айналған.

Мұнда 300-ден астам адам еңбек етеді. Жұмсақ және корпустық жиһаз, матрас пен поролон өндіретін төрт желі жұмыс істейді. Өткен жылы кәсіпорын 2,5 млрд теңгеден астам өнім шығарған. Биылғы төрт айдың қорытындысында өндіріс көлемі 654 млн теңгеге жетті.

Жұмыс сапары аясында өңірдің энергетикалық әлеуетіне де назар аударылды. Нұрлыбек Нәлібаев Қара­шығанақ мұнай-газ конденсат кен орнында болып, өндірістік көр­сеткіштермен танысты. Қазіргі уа­қытта кен орнында өндірістік қуатты ұл­ғайтуға бағытталған бірқатар инвес­ти­циялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг компаниясының бас директоры Марко Марсили өндірістік жобалармен қатар әлеуметтік және экологиялық баста­ма­лар­ға да ерекше мән берілетінін айтты.

«Қызметіміз басталғаннан бері табиғатты қорғау жобаларына 467 млн доллар бағытталды. 800 гектар аумақта көгалдандыру жүргізілді. 1998 жылдан бері өңірде жалпы құны 901,9 млн доллар болатын 268 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба пайдалануға берілді», деді Марко Марсили.

Нұрлыбек Нәлібаев мұнай-газ кешені ұлттық экономиканың негізгі тіректерінің бірі екенін айтып, өндірісті жаңғырту мен инвестициялық белсенділікті сақтаудың маңызын атап көрсетті. Сапар барысында «Жайықжылуқуат» кәсіпорнының жұ­мысы да қаралды. Орал қаласын жылу­мен қамтып отырған стратегиялық нысанда соңғы жылдары ауқымды жаң­ғырту жүргізілген.

Градирня толық жаңартылып, Жайық өзенінен алынатын техникалық су көлемі жылына 4 млн текше метрге қысқарған. Ұзақ жыл пайдаланылған турбоагрегат ауыс­тырылып, электр қуаты 12,5 мегаватқа артқан. Былтыр күрделі жөндеуден өткен газ тур­би­налық қондырғы қайта іске қо­сылды. Қазір Орал жылу электр орта­­лығының тозу деңгейі жоғары нысандар қатарына жатады. 2029 жылға дейін жүзеге асатын жаңғырту нәтижесінде бұл көрсет­кішті 83 па­йыздан 60 пайызға дейін төмендету жоспарланған.

Жалпы алғанда, Батыс Қазақстан облысында қолға алынған жобалар тұрғын үй құрылысы, көлік қатынасы, энергетика мен өндірісті қатар қамтып отыр. Жайық бойындағы бұл өзгерістер өңірдің ғана емес, тұтас батыс аймақтың экономикалық әлеуетін күшейтетін маңызды қадам саналады. 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью