Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Кәсіпкерге осы уақытқа дейін 1 300 шаршы метрдей аумақты мемлекет мұқтаждығына алу туралы хат бірнеше рет келген. Алғаш рет шамамен 2007 жылы, кейін 2019 жылы тіркелген. Ал соңғысы 2024 жылдан бері жалғасып келеді. 2024 жылдың соңында «Ақжайық» қонақүйінің жаңа иесі аумақты сату туралы ұсыныс білдірген. Алайда дүкен иесі нысанды сатпайтынын мәлімдеген. 45 күннен кейін қала билігінен аумақты мемлекет мұқтаждығына алу туралы хат келген.
Фото: Нұрбибі Теміртасова– Конституция мен Жер кодексіне сәйкес жерді мемлекет мұқтаждығына алу үшін міндетті түрде дәлел, заңды негіз болуы керек. Жай ғана хат жолдап, «алып қоямыз» деуге болмайды. Ал әкімдік дәл солай істеді. Ешбір құжатсыз, ешқандай негіздемесіз алып қою туралы хат жіберді. Бірде «тұрақ болады» деді, кейін «жол кеңейтіледі» деді. Себебі жаңа көпір салынады-мыс. Бірақ тіпті көпір салу үшін де жобалаушы компанияға облыс әкімдігі нақты техникалық тапсырма беруі тиіс. Мен бұл сұрақты әкімге қойдым, бірақ ол нақты жауап бермеді, - деді кәсіпкер Константин Щербаков.
Кәсіпкердің нысаны Жайық өзенінің жағалауына жақын, қаланың қақ ортасында орналасқан деуге болады. 2018 жылы өртке оранған «Ақжайық» қонақ үйін белгілі бизнесмен Шота Абхазава сатып алып, бұзып жатыр. Оның орнына биіктігі 130 метр болатын, 5 жұлдызды қонақ үй – іскерлік орталық салмақ. Бұл жобаға жауапты компанияның баспасөз қызметі қонақ үй жобасы гүл дүкеніне тиесілі жер учаскесіне ешқандай ықпалын тигізбейтінін мәлімдеді.
– Біздің тараптан жерді сатып алу туралы ұсыныс болды. Келісім болмаған соң бұл тақырыпты жауып қойдық. Жергілікті әкімдіктің ол аумақты мемлекет мұқтаждығына алу бойынша жұмысына жүргізілетін жұмысына біздің компанияның қатысы жоқ, - деп хабарлады қонақ үй құрылысы жауапты компанияның баспасөз қызметі.
Бұл мәселеге қатысты Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің пікірін білдік. Ол бұл аумақ мемлекеттік жобаны іске асыруға қажет деп отыр.
Фото: Нұрбибі Теміртасова– Мемлекет мұқтаждығына алу туралы шыққан қаулының уақыты аяқталды. Біз жаңа көпір салуды жоспарлап отырмыз. Жоба бойынша көпірдің жолы кәсіпкерлік субъекті орналасқан аумаққа тірелейін деп тұр. Және жол кеңейту мәселесі туындап отыр. Бұл тақырып әлі талқыланып жатыр. Айта кетейін, жалпы көпір, магистральдық құбырлар, жол салынатын болса жерді мемлекет мұқтаждығына алуға болады,-деді қала әкімі Шәкір Кейкин.
Осы мәселе бойынша кәсіпкер Константин Щербаковтың шағымын қалалық прокуратура қараған. Құқық қорғау органы жер учаскесін заңсыз мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы уәжі дәлел тапқанын мәлімдеген. Осыған байланысты Атырау қаласының әкімдігіне прокурорлық қадағалау актісі енгізіліпті.
Бұған дейін Атырауда қолданыстағы орталық көпірдің қасына жаңасы салынуы мүмкін екенін жазған едік.