Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Көпті Жайықтың іргесінде отырған Алға ауылындағы жағдай алаңдатады. Себебі, осыдан 5 жыл бұрын осы елдімекендегі 3,2 шақырым жағалауды бекіту жұмысы басталған. Алайда бұл жұмыс әлі күнге толық аяқталмады. Істелген жұмыс бірнеше жыл қатарынан су астында қалған. Алғашында жобаның құны 4,9 млрд теңге болды, кейін жобаға өзгеріс енгізіліп 7,1 млрд-қа жетті. 2025 жылы өзен арнасының бәз қалпына түсуін күткен мердігер биыл жұмысты жалғастырмақ. Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, осы жылы жағалаудың төменгі бөлігі бекітіліп, арнайы плиталар салынады.
- Бұл жобаға өзгеріс енгізуге 1 жылдай уақыт кетті. Оған су келген кезде құрылыс координаторы өзгеруі себеп. Енді бұл жобаға өзгеріс енбейді. Судың астында қалады дейтін төменгі жұмыстың көбі орындалды. Қалғанын мердігер су келгенше істесе, плитала салу сынды жұмыстарға көшеді,-деді аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев.
Айта кетеік, алғашында бұл жоба 2024 жылдың жазында аяқталуы тиіс еді. 2 жыл бұрын ауыл халқы да, аудан әкімдігі де мердігер мекеме жұмыс кестесінен кешігіп жатқанын мәлімдеді. Бүгінде аудан әкімі Алға ауылындағы жұмысты осы жылы аяқтауды жоспарлап отыр.
Фото: Нұрбибі ТеміртасоваБұдан бөлек аудан орталығы Махамбет ауылында 4,5 шақырымдық жаға бекітіліп жатыр. Жұмыстың 90 пайызы аяқталған. Өзен жағасына жаяу жүргіншілер жолы салынып, көше шамдары орнатылуда. Бұл жұмыс толығымен жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Өткен жылы әкімдік Талдыкөл және Бейбарыс ауылындағы Жайық жағасын бекіту үшін жобалау жұмысын қолға алған еді. Қазіргі уақытта Талдыкөл ауылындағы 1,7 шақырым бөгетті нығайту жұмысы басталған. Бұл жобаның құны – 4,6 млрд. Дәл осындай қаржы қаралған жұмысты Бейбарыста да бастап көзделуде. Тендер енді жарияланбақ.
- Тасқынға қатысты алғашқы болжамдар ақпан айының ортасынан кейін болады деген хабар алдық. Жалпы жоғарыдан су жіберіліп жатыр дегенді біз де естідік. Тағы 3 ауылдың бөгетін нығайтуды жоспарлап отырмыз. Сарайшық ауылындағы 800 метрге жасалған жоба мемлекеттік сараптамада.Ал Сарытоғай мен Есбол ауылы бойынша жобалық-сметалық құжат жасалып жатыр. Бұл ауылдарға арналған жобаларды іске асыруға қажетті қаржыны келер жылы сұрайтын боламыз,-деді аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев.
Жалпы аудан аумағындағы бөгеттердің орташа биіктігі 3 метрді құрайды. Дамбылардың биіктігін тексеру жұмысы жүріп жатыр.
Осыған дейін Атырау облысы Жылыой ауданында Жемнен келетін қауіпті азайту мақсатында істеліп жатқан жұмыс туралы жазған едік.