Жалақыны көтеруді қалай сұрау керек және бас тартпау үшін не істеу керек: сарапшы кеңестері

06.11.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Жалақыны көтеру туралы әңгімені қалай бастау керек, өтінішті неге негіздеген жөн және басшы бұл мәселеге кейінірек оралуды ұсынса не істеу қажет? Еңбек қатынастары саласындағы сарапшы Бақытжан Мұқашева қандай уәждер дайындау керектігін, қанша сома сұрау қажеттігін және "бюджет жоқ" деген жауапқа не айту керектігін түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық номиналды жалақы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4 пайызға өсті.

Дегенмен, нақты жалақы индексі 98,2 пайызды құрады: номиналды өсім жалақыға бұрынғыдан көп зат сатып алуға болады дегенді білдірмейді. Бұл сандар елдегі жалпы жағдайды көрсеткенімен, нақты бір мамандық иесінің қанша алуы керектігін аңғартпайды. Ол үшін ұқсас лауазымдарды, міндеттерді және өңірлерді салыстыру маңызды.

Қандай жағдайларда жалақының өсуінен үміттенуге болады?

Жалақы мәселесі жұмысқа орналасу кезінде талқыланады, бірақ қызметкердің міндеттері немесе жұмыс нәтижелері өзгерген жағдайда бұл әңгімеге қайта оралуға болады.

Жалақының ұзақ уақыт бойы өспеуінің өзі бұл мәселені көтеруге себеп болуы мүмкін. Бірақ жұмыстағы өзгерістерді көрсеткенде уәж салмақтырақ болады: жұмыс көлемі мен жауапкершілік артты, жаңа міндеттер қосылды, нәтижелер айқынырақ көріне бастады. Нарық та өзгеруі мүмкін, бірақ бұл ретте жай ғана "бәрі қымбаттады" демей, ұқсас жұмыс үшін қанша төленетінін көрсету маңызды.

Бақытжан Мұқашева

Еңбек қатынастары жөніндегі сарапшы, сертификатталған бизнес-тренер

Басшыға өз құндылығыңды қалай дәлелдеуге болады?

Сарапшы кейінгі бір жылдағы жетістіктердің қысқаша тізімін дайындауға кеңес береді. "Мен көп жұмыс істеймін" деген сияқты жалпылама сөздер емес, нақты мысалдар қажет: қандай жобалар сәтті аяқталды, қанша уақыт немесе қаражат үнемделді, қандай қосымша міндеттер қосылды, клиенттер қандай кері байланыс берді.

"Төрт-бес факт жазылған бір бет жеткілікті. Онда сандар мен түсінікті нәтижелер болғаны дұрыс. Бұрын істеген ісіңізден бөлек, қандай жаңа міндеттер пайда болғанын жеке жазып шығыңыз", - деді Мұқашева.

Нарықтағы "құныңызды" қалай білуге болады?

Егер әріптестеріңіз жалақы туралы айтқысы келмесе, жұмыс іздеу сайттары мен басқа да платформалардағы бос жұмыс орындарын зерттеуге, өз лауазымыңыз бен қалаңыз бойынша ұсыныстарды салыстыруға, кадр агенттіктерінің шолуларын қарауға болады. Тек лауазым атауын емес, тәжірибені, міндеттерді және жауапкершілік деңгейін де салыстыру маңызды.

ЭЫДҰ есебінде нақты бос жұмыс орындарына түйіндеме жіберген 2500-ге жуық адам қатысқан эксперимент сипатталған. Хабарландыруларда жалақы диапазоны көрсетіліп, соманы талқылауға болатын-болмайтыны жазылған.

Мұндай жағдайда әйелдердің сұхбат кезінде жалақы мәселесін жиірек көтеретіні анықталды. Ал компанияның қандай сома ұсынуға дайын екені және саудаласу мүмкіндігі белгісіз болғанда, кандидаттарға бұл әңгімені бастау қиынырақ соғады.

Анықтама: Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) - экономикалық және әлеуметтік саясатты талдайтын, мәліметтер жариялайтын және үкіметтер үшін ұсынымдар әзірлейтін халықаралық ұйым.

Жалақыны өсіру туралы сөйлесу үшін уақытты қалай дұрыс таңдау керек?

Ең қолайлы сәт - жоба сәтті аяқталғаннан кейін немесе бюджетті жоспарлау алдында. Бірақ жыл сайынғы бағалауды күту міндетті емес: қызметкер кездесуді өзі де сұрай алады. Командада жұмыс қауырт болып жатқанда немесе басшылық жағымсыз жаңалықтар естіген кезде бұл тақырыпты қозғамаған дұрыс.

Нақты соманы атауға болады - сонда әңгіме нақтырақ болады. Бірақ алдымен нарықтағы диапазонды анықтап, қандай деңгейден үміткер екеніңізді шешіп алу керек. Бақытжан Мұқашеваның айтуынша, көбіне қызметкерлер жалақының 10–20 пайызға өсуін қалайды, ал лауазымы жоғарылағанда бұдан да көп соманы талқылауға болады.

Айта кетейік, бұл - әмбебап ереже емес, сарапшының кеңесі: сома нарықтық деректерге, жаңа міндеттер мен нәтижелерге негізделуі тиіс.

Ақталмай және артық түсіндірмесіз жалақыны қалай сұрау керек?

Сарапшы кешірім сұрап, ұзақ ақталмай, тікелей және сабырмен сөйлесуге кеңес береді. Мысалы:

"Мен жалақым туралы сөйлескім келеді. Соңғы бір жылда мен мынадай міндеттерді өз мойныма алдым және мынадай нәтижелерге қол жеткіздім. Жұмыс көлемім өзгерді, сондықтан төлемді Х деңгейінде талқылағым келеді. Бұған қалай қарайсыз?"

Кездесу алдында тікелей басшыңызға немесе шешім қабылдай алатын адамға жүгініп тұрғаныңызға көз жеткізіңіз.

Қандай сөздерді қолданбаған дұрыс?

Жеке шығындар - ипотека, кредиттер, азық-түліктің қымбаттауы - адамға ақша қажет болуының нақты себебі болуы мүмкін. Бірақ олардың өзі жұмыс берушіге еңбекақы неге өзгеруі керектігін түсіндіріп бере алмайды.

Әріптеспен салыстыру: "Ахметов көбірек алады" деген сөз әңгімені жанжалға ұластыруы мүмкін.

Ал жұмыстан кетемін деп тек шынымен кетуге дайын болған жағдайда ғана қоқан-лоқы көрсеткен жөн: әйтпесе басшы бұл ескертуді байсалды қабылдамай қоюы немесе оны нақты шешім деп түсінуі мүмкін.

"Әңгімені өз жұмысыңыз бен қосқан үлесіңіздің төңірегінде өрбіткен жөн. Өзіңізді құрбан ретінде көрсетіп, шағымданудың немесе ақталудың қажеті жоқ. Не істегеніңіз және міндеттеріңіздің көлемі қалай өзгергені туралы айтыңыз", - деп кеңес береді сарапшы.

Бас тартуды нақты уағдаластыққа қалай айналдыруға болады?

Мұндай жауапты түпкілікті шешім деп санау міндетті емес, бірақ кездесуді келесі қадамды айқындамай аяқтамау маңызды. Жалақыны өсіру мүмкін болуы үшін не өзгеруі керектігін және бұл әңгімеге қашан қайта оралатыныңызды (мысалы, үш айдан кейін немесе жоба аяқталған соң) сұрауға болады.

Нақты шарттарды бекітіп алған пайдалы: екі-үш өлшемді нәтиже, мерзімі және қайта кездесу күні.

Әңгімеден кейін қысқаша хат жіберуге болады: "Кездесу үшін рақмет. Шарттар орындалғаннан кейін, осы күні мәселеге қайта ораламыз".

Егер дәл қазір еңбекақыны көтеру мүмкін болмаса, басқа нұсқаларды талқылауға болады: сыйақы, қосымша функциялар үшін үстемеақы, оқу немесе икемді жұмыс кестесі.

Жұмыс жүктемесі артқанда жалақыны қайта қаратуға қалай қол жеткізуге болады?

Сарапшы жағдайды ешкімді айыптамай сипаттап, жұмыстың бұрынғы және қазіргі көлемі арасындағы айырмашылықты көрсетуге кеңес береді:

"Наурыздан бастап менің жұмысыма А және Б тапсырмалары қосылды. Олар жұмыс уақытының шамамен 30 пайызын алады. Бұның лауазым мен еңбекақыда қалай көрініс табатынын талқылайық".

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Қазақстанда еңбек шартына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қосымша келісім түрінде жазбаша ресімделуі тиіс.

Еңбек кодексінде лауазымдарды қоса атқару, қызмет көрсету аймағын кеңейту және уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін атқару үшін үстемеақы төлеу қарастырылған. Оның мөлшерін жұмыс беруші мен қызметкер қосымша жұмыс көлеміне қарай өзара келісім бойынша белгілейді.

Сізге бас тартты: күту керек пе, әлде басқа жұмыс іздеген жөн бе?

Бас тарту себебін анықтап алған жөн. Егер басшы мұны компаниядағы жағдаймен түсіндіріп, нақты мерзімді немесе шарттарды айтса, уағдаластық бойынша мәселеге қайта оралуға болады. Егер жауап бұлыңғыр болып қалса, нақты күн белгіленбесе, ал міндеттер арта берсе, сарапшы нарықты зерттеп, басқа ұсыныстарды бағалауға кеңес береді.

"Сұхбаттасуларға барып тұру маман ретіндегі өз құныңызды түсіну үшін де пайдалы. Бұл міндетті түрде дереу жұмыстан шығу керек дегенді білдірмейді. Бірақ осылайша сіз нарықтың тәжірибеңіз бен дағдыларыңызды қалай бағалайтынын көресіз", - деді Мұқашева.

Сарапшының тәжірибесінде қызметкердің жалақысын өсіруге екі жылдай уақыт жұмсаған жағдайы болған: ол басшылыққа өз жұмысын табандылықпен әрі дұрыс көрсетіп отырған. Нәтижесінде оның лауазымы да, жалақысы да өскен.

"Ең бастысы - үміт үзбеу, бірақ бір ғана әңгімемен шектелмеу керек. Нәтижелерді көрсетіңіз, нақты шарттар туралы келісіңіз және белгіленген мерзімде мәселеге қайта оралыңыз", - деп толықтырды ол.

Жалақы нақты маманның табысымен қалай байланысады?

Еңбек министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтар орта есеппен бір жұмыс берушіде 2,4 жыл жұмыс істейді. Бұл ретте статистика адамдардың не себепті кететінін түсіндірмейді, сондықтан мәселе тек жалақыда деп кесіп айтуға болмайды. Көбіне жұмыс орнын 22 жаста ауыстырады.

Жалақыңыздың нарыққа қаншалықты сәйкес келетінін түсіну де оңай емес: орташа көрсеткіш жаңсақ пікір қалыптастыруы мүмкін. 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа жалақы 486 388 теңгені, медианалық жалақы - 348 415 теңгені құрады, ал қызметкерлердің басым бөлігі 187 006 теңге алған.

Ұлттық статистика бюросы деректерін талдаған 3,38 миллион қызметкердің шамамен 74 мыңы 1,5 миллион теңге немесе одан да көп жалақы алған. Сондықтан, ел бойынша орташа жалақы көрсеткіші сіздің жеке өзіңізге қанша жалақы төленуі керектігін анықтау үшін сенімді өлшем бола алмайды; оның орнына ұқсас міндеттер мен талаптарды қамтитын бос жұмыс орындарын қарастырған жөн.

Тағы оқыңыз: Жалақы, жұмыстан босату: жұмысқа орналасқан кездегі сынақ мерзімі туралы не білу керек?

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью