Жалған ақпарат таратудың жауапкершілігін білеміз бе?

08.04.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Бүгінде әлеуметтік желі негізгі ақпарат көзіне айналды. Бұл қазір ең жылдам хабар тарату құралы болып отыр. Дегенмен, виртуалды әлемнің бәсі жоғарылаған сайын, жеделдікпен қатар, жауапкершілік жүгі де артқанын қаперде ұстаған абзал. Ғаламтор бір жағынан, пайдалы мәліметке дер кезінде қол жеткізуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, бұрын онсыз да ауыздан-ауызға тез тарап келген өсек-аяңның жылдамдығын барынша шарықтатып жіберді. Ал бұл өз кезегінде мемлекет пен қоғам үшін қатерлі жағдайға апарып соқтыруы мүмкін.

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

«Қоғамдағы елеулі қауіптер­дің бірі – «цифрлық қауесеттер». Көп жағдайда пайдаланушы­лар мәселенің мәніне үңілмес­тен, тексерілмеген, кейде тіпті жал­ған ақпаратты таратады. Назар аудар­ту мен «хайп» қуған жекелеген тұлғалар өз әрекеттері­нің салдарын елемейді. Ал шын мәнін­де, шындыққа сәйкес кел­мейтін ақпаратты жариялау бү­кіл қоғам үшін қауіп факторы. Бұл жай ғана зиянсыз әзіл немесе интернеттегі пікір емес. Мұндай әрекеттер дүрбелең туғызуы, азаматтардың іскерлік және жеке беделіне нұқсан келтіруі, сондай-ақ мемлекеттік институттар­­дың қызметін тұрақсыздандыруы мүм­­кін», делінген Бас прокура­тура таратқан хабарламада.

Құқық қорғау саласы маман­дарының айтуынша, цифрлық әлемде толыққанды анонимді­лік деген нәрсе атымен жоқ. Яғни адам интернетте жасап жатқан әрекеттерім елеусіз қалады деп ойламауы керек. Сіздің вир­туалды әлемге кіргеніңіз бен шыққаныңыз және онда жаса­ған әрбір ісіңіз өзінің «ізін» қалдырмай қоймайды. Оны өзге адамдар көрмегенімен, осы сала­ның арнайы мамандары қазба­лайтын болса, табатыны сөзсіз.

«Интернеттегі анонимділік – миф. Заманауи техникалық мүм­кіндіктер хабарламаны жібер­­ген адамды, тіпті ол кейін жо­йыл­ған жағдайда да, анықтауға мүм­кін­дік береді», дейді мамандар.

Біздің елімізде көрінеу жал­ған хабарлама жасау, соның ішін­де интернет арқылы, мәселен, да­­йын­далып жатқан жарылыс, өрт немесе адамдардың қаза болу қаупін тудыратын, мү­лік­­ке зиян келтіруге не өзге де қо­ғам­дық қауіпті салдарға әкелуі мүм­кін әрекеттер туралы өті­рік ақпарат тарату қылмыстық құқық бұзушылық саналады. Сон­дай-ақ Әкімшілік құқық бұзу­шы­лықтар туралы кодексте де жалған ақпарат беру үшін ірі көлемде айыппұл төлеу жазалары қарастырылған.

Бұл ел азаматтарынан интернетте барынша сақтық таныту­ды, тек сенімді дереккөзден алын­ған, тексерілген ақпараттарды ғана пайдалануды талап етеді. Мұны сөз бостандығын шектеу деп бұрмалау қателік. Сөз бостандығы – заңға қайшы емес ақпаратты таратуға берілетін құқық. Ал өтірік мәлімет тара­тып, мемлекеттің, басқа адам­дардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу жалпыға ортақ талаптарды аяққа таптауға жататыны айтпаса да түсінікті.

«Құқықтық нормаларды сақ­тау тұрмыста, бизнесте және медиа кеңістікте қауіп­сіз орта қалыптастырады. Қылмыс­тық қудалау органдары тек жауап­кершілік шараларын қолдануға ғана емес, ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Жүйелі түсіндіру жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Ортақ міндетіміз – жауапты мі­нез-құлық мәдениетін қалып­тастыру. Өйткені мәдениет әрбір әлеуметтік желі қолданушысы­ның жеке жауапкершілігінен бас­талады», делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Осы орайда ғаламтор кеңіс­тігінде өзін толыққанды «еркін», дұрысырақ айтқанда, жауап­сыз сезінген кейбір азамат­та­рымыздың оңды-солды өтірік ақпарат таратып, жазаға тартылып жатқан жағдайлары да аз емес. Мәселен, сондай оқиғаның бірі жуырда Абай облысында тіркелді.

3 наурызда Семей қаласын­дағы «Balapark» балалар ойын-сауық орталығында өрт орын алып, арнайы қызметтердің жедел әрекетінің арқасында адам шығынына жол берілмеген еді. Алайда қала тұрғыны Instagram желісіндегі қалалық пабликтердің бірінде аталған өрт салдарынан 18 адамның қаза тапқаны туралы жалған ақпарат жариялаған. Бұл желі оқырмандары арасында алаңдаушылық туғызды.

Артынша осы ақпаратты та­ратқан тұрғынның жеке басы анықталып, оған қарсы әкімші­лік іс қозғалды. Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, оған ӘҚБтК-нің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша жалған ақпаратты жариялағаны және таратқаны үшін 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Интернет кеңістігінде шексіз еркіндік жоқ екенін, әрбір жүрісің мен тұрысың ұстамдылық пен байсалдылыққа негізделуі керек екенін, әсіресе, қолына смартфон ұстап туатын жас балалар­ға көбірек түсіндіру қажет. Оң-солын танымаған жас ойнап жүріп от басса, жауапкершілік оның ата-анасына артылатыны сөзсіз. Осы орайда прокура­тура қызметкерлері жер-жер­де кәмелетке толмаған жас­өспі­рім­дердің құқықтық сауатын арттыру мақсатында түрлі іс-шара ұйымдастырып келеді.

Мәселен, таяу күндері Қоста­най облысы Бейімбет Майлин ауданының прокуратурасы Май жалпы білім беретін мектебі­нің оқушыларымен жасөспірімдер арасында кездесуі мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу тақырыбында кездесу ұйым­дас­тырды. Оқушыларға буллинг, бұза­қылық, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру, есірткі құралдарының заң­сыз айналымы мен басқа да әрекеттер­­дің әкімшілік және қылмыс­тық жауапкершілігі түсін­дірілді.

Айта кетейік, жалған ақпарат тарату заңмен қатар, дінімізде де күнә іс саналады. Біреу айтпаған сөзді айтты деп немесе жасама­ған істі жасады деп жария қылу – ғайбат. Ал өтірік айту – дініміз­де де, дәстүрімізде де адамның сүйкімін кетіретін амал екені белгілі.

«Жалған ақпарат таратудың күнә әрі арам екені Құранда да, Пайғамбарымыздың хадис­терінде де анық айтыл­ған. Мыса­лы, бір хади­сте: «Әрбір естіге­нін айту кісіге күнә ретінде жет­кі­лікті», дейді. Сол себепті кез кел­ген хабарды анық-қанығына жет­пей тұрып таратуға тыйым са­лынады», дейді исламтанушы Медет Құрмашұлы.

Халқымыздың дәстүрінде сөз тасу, кісі арасын өтірік айтып бұзу ұят әрі мәдениетсіздік саналады.

Соңғы жаңалықтар

Майталман маман, тәжірибелі тәлімгер

Еңбек • Бүгін, 08:17

Биометриялық төлем: Жаңашылдық пен қауіпсіздік

Технология • Бүгін, 08:15

Халыққа жылу сыйлаған

Еңбек • Бүгін, 08:12

Апатты баспаналар азаймай тұр

Қоғам • Бүгін, 08:10

Қаржыны тиімді басқару жоспары бекітілді

Экономика • Бүгін, 08:07

Құқықтық мемлекет қағидаттарының арқауы

Ата заң • Бүгін, 08:05

Бағаны өсіруге негіз жоқ

Инфляция • Бүгін, 08:03

Туристік нысандардың дайындығы тексерілді

Туризм • Бүгін, 08:00

Өңдеу өнеркәсібінде өсім бар

Саясат • Бүгін, 07:58

Ағаш өндірісіндегі игі бастама

Өндіріс • Бүгін, 07:55

Мемлекеттік билік тарихы туралы анықтамалық

Саясат • Бүгін, 07:53

Көмір саласы кешенді дамуға бет алды

Саясат • Бүгін, 07:50

Жер берудегі заманауи формат

Саясат • Бүгін, 07:48

Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы соғысты толық тоқтату туралы келісімді құптайды

Президент • Бүгін, 07:47

Фокус, команда және нәтиже

Саясат • Бүгін, 07:45

Барлық жаңалықтар

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью