Жалған медициналық анықтамалар берілуі мүмкін: министрлік Алматыдағы жекеменшік клиникаға тексеру жүргізеді

19.10.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін Алматыдағы «Аяжан» жекеменшік клиникасының қызметіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізбек, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру жалған медициналық анықтамалар мен жеке медициналық кітапшаларды беруі мүмкін деген деректерді анықтауға бағытталған.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес ресми құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу, сондай-ақ жалған құжаттарды көрінеу пайдалану қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.

"Медициналық құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес нақты жүргізілген медициналық қарап-тексерулер мен зерттеулердің нәтижелері бойынша ғана ресімделуге тиіс. Белгіленген тәртіпті айналып өтіп, мұндай құжаттарды ресімдеуге және пайдалануға жол берілмейді. 

Заңсыз құжат ресімдеген адамдар ғана емес, жалған анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын көрінеу сатып алған немесе пайдаланған азаматтар да жауаптылыққа тартылуы мүмкін", - делінген баспасөз хабарламасында. 

Министрлік азаматтарды медициналық негіздерсіз анықтама немесе еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ресімдеу туралы ұсыныстарға келіспеуге, медициналық ұйым қызметінің заңдылығын тексеруге және анықталған заңбұзушылықтар туралы құзыретті органдарға хабарлауға шақырады.

Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық құжат қалыптастырылып, берілген.

Азаматтар электрондық форматта 8 095 396 медициналық анықтама мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағын, сондай-ақ диспансерлік есепке қатысты 5 698 396 анықтама алған. Олардың қатарында психиатрия, наркология және фтизиатрия бағыттары бойынша берілген анықтамалар да бар.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью