Жамбыл бабадан бата алған

27.02.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Хан апа

«Егемендік» әріптес інім, белгілі спорт журналисі Ғалым Сүлейменнің тілімен айтқанда, «Жаңа жылда ғұмырының 105-қаңтарының есігін айқара ашқан Ханымбүбі апамыз өнер, мәдениет, жалпы қаламгерлер арасында алға шығып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді!» Сүйегі асыл апамыздың, аяулы әріптес анамыздың өмірі толы өнеге, шапағаты айналасына шашылып жатыр.

Ақтарған сыры шексіз. Күллі өміріне өзеріс әкелген бір сырын 90 жасқа  толғанда («Улы» Сталин», «Егемен Қазақстан», 2011 жыл) айтып еді. Жүз жасағанда («Жүзге келген журналист», «Егемен Қазақстан», 2021 жыл) бұрын-соңды айтпаған тағы бір сырын ақтарып, риясыз жымиған.

1936 жылы жыр дүлділі Жәкең Мәскеудегі Қазақстан онкүндігінен оралады. Ұзынағашта қадірменді ақынын сағынған жерлестері күллі қауым болып қарсы алады. Сонда ауданның ең таңдаулы екі оқушысы ақын атаға гүл шоқтарын сыйлайды. Өзіне тиесілі Сталин берген көк «Лимузинінен» асықпай түскен жыр алыбы алдына келген екі қыздың бетінен алма-кезек өбіп, алақанын жайып жіберіп бата береді. Судай жаңа комсомол билетін алған Ханымбүбі Ақжолованың құлағында баба айтқан сол сөз мәңгі сақталыпты: «Айналайын, бақытты бол, жақсы оқы, мен секілді жүз жаса...»

Ақын бабамыздың батасын алған алғыр қыз Ханымбүбі жақсы оқыды. Қазақстандағы алғақшы журфакті қызыл дипломмен бітірді, «Социалистік Қазақстан» («Egemen Qazaqstan»), одан Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газеті редакциясын ұлы Сталиннің  «ұ» әрпінің төбесіндегі ноқаты ұшып («Улы Сталин») кеткенше басқарып, одан итжеккенге айдалып кете жаздап барып, одан... абыроймен ақталып, журналистік қызметін зейнет жасына дейін жалғастырды. Қосағы Мырзабай Сүйінбайұлымен бірге бақытты өмір кешті. Немере иіскеді... Қазір Алматыда қызы Светлананың қолында  тұрады. Бақуат. Жазушы Кемел Тоқаевпен журфакта бір курста оқығанын, данышпан Мұхтар Әуезовтен лекция тыңдағанын ұмытпай  айтып отыр. Ана сүтімен тәрбиесі мен тәлімін тел емген сүйікті қызы Светлана Айткелдиева Қазақстанға танымал ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, биология ғылымдарының докторы.         

Ұзынағаштағы Ақжолова мектебінен кімдер өтпеді, кімдер дәріс алмады? «...Те­беннің ұзындығындай болмаса да иненің ұшындай «тыз еткізетін» ұшқыр сұрақ қойып, жасыл жейдеге жібек жіппен асыл түйме қадағандай қанағат жауап­ алатын Ақжолова апамыздай көсіле жазатын күнді аңсайтынбыз. Аудандық газет ре­дакциядағы дәм-тұзымызды жалғай түсуге, жастық деген асау атымызды ауыздықтап, қоғамға жат қылық пен адамға жат ібілістен періштелерін жұмсап, перілерден құтқарып жүретін Хан апайдың санамызға сара жол салған сол бір сәт, құдықтағы суға түсіп кетсе де жүріп тұрған қол сағаттай жүрегіміздің түкпірінде күні бүгінге дейін бірге соғып тұрғандай...» Сары майдан қыл суырғандай етіп төгіп-төгіп, төгілдіріп қарасөзбен жырлаған тізбекті реакция іспетті осынау құбылыс-жазу авторы кім дейсіз ғой. Ол – Хан апаның бүгінгі 85-тегі шәкірті журналист Нұрманбет Қизатұлы!

Нұраға

Ковидтің (Нұрманбет ағам айтқандай – «тәжді тажалдың») күйіп тұрған кезі. Бірақ Алматы өңірінде жаңадан отау құрған Наурызбай ауданының жаңадан ашылған аудандық кітапханасында бетперде таққан кісіге оқырмандар залы толды. Кітапхана директоры Бақыт Саурамбаеваның ерлікке пара-пар ісі демеске ләжің қалмайды екен! Өйткені Жамбыл бабамыздың 175 жылдығына қатысты іс-шара  өтіп  жатқан. 

Кездесуде Жамбылдың шөбересі Мұрат­бек Әлімқұлұлы естелік айтып, шөпшегі  Әлихан Жәкеңнің «Өтеген батыр» жырынан үзінді оқыды. Ғалым-жазушы Нұрдәулет Ақыштың да жиған-терген тарихи деректері баршылық екен, жас Жамбылдың Бұрым ғашығы туралы ойын ортаға салды. Кенет, Халықаралық Жамбыл атындағы қордың төрағасы, белгілі ақын Манарбек Ізбасар жұрттың назарын өзіне аударды:

– Құрметті қауым, сіздермен қаладағы санитарлық-дәрігерлік ахуалдың ушығып тұрғанына қарамастан, бас қосқанымызға ризамыз, баршаңызға рахмет. Осы арада бір тосын жаңалық айтқым келеді. Сіздердің алда­рыңызда Жамбыл тәтемнің даусын өз құ­лағымен естіп, батасын алған кісі отыр, – деді.

Сөйтсе, Жәкеңнен бата алған өзіміздің Нұрағам екен. Бірде  қоңыр төбелін ілби бастырып, кешқұрым Мәйтөбеден етекке түсіп келе жатқан жыр алыбын елге сыйлы, соғыс ардагері, туыстас інісі Қизат ақсақал Қызыләскер ауылының тұсында тоқтатыпты. Үйіне түсіріп, кепесін сояды. Ырымалды тұңғышына арнап бата сұрайды. Дастарқан үстінде даңқты жыр алыбы алақанын жайып соғыс ардагері Қизаттың ұлы Нұрманбетке алыстан сермеп ақ батасын береді.

«Күншуақ» авторлық иллюстарциялық бірінші әрі бірегей фотоальбом кітабының алғашқы бетіндегі Нұрманбет Қизатұлының «Жамбылдың қызыр жолдасындай қы­зыл жол­барыс мініп жүрмесем де, оның өткір көзін өз нысанамда ұстадым» деуі тегін айтылмаған, жазылмаған. Зады Нұрағам­ның жыр айдынында қаражаяу жан емес екендігін қайта-қайта еске салғым-ақ келеді де тұрады. Осы кітаптан:

Өрмелеп өмірімнің құз тастарын,

Өрнектеп өнеріммен  із тастадым.

Өздеріңді іздеп көр, не дер екен,

Өрілген суреттерде жыр-дастаным, дегенді оқыдым.

Ұлы Жамбылдың отты жанары бала Нұрманбеттің жадында жаңсақсыз сақталған. Қалай түсінсеңіз де – еркіңіз!

Нұрағамды танығалы бері ол кісінің қасиет-қадіріне, қабілет-қарымына таңда­ну­мен келетін кісінің бірі менмін! Нағыз өнер адамы! Мектепте жүрген кезінде-ақ ауыл сахнасында «Қалың мал» (С.Көбеев) романынан спектакль қойған, сценарий жазған, кемел жасында киноға түскен, бірақ, ешуақытта фотоаппараты қолынан түспеген. Қашан да тың, сергек! Жыр жазуға құмар. Жылдың жаздан басқа үш мезгілінде – көктемде, күзде, қыста Медеу аңғарындағы Бұтақты сайға барып, тау суына түсіп, шынығуды осы күнге дейін айнымас серігіне айналдырған! Ғаж-жап, деңізші!

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері 

Соңғы жаңалықтар

Жүрегі жырдан жаралған

Тұлға • Бүгін, 08:20

Серік Тұрғынбекұлы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Кез келген қазақтың негізінде ақындық бар

Сұхбат • Бүгін, 08:15

3 минуттық сериал

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Алаңдауға негіз жоқ

Аймақтар • Бүгін, 08:05

Қауіп қайдан демеңіз...

Аймақтар • Бүгін, 08:03

Оператордың ерекше әдісі

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:00

Қатерге қарсы тастүйін іс

Аймақтар • Бүгін, 07:58

Ақ кимешекті әйгілеген әже

Мирас • Бүгін, 07:55

Сезім селт еткен кеш

Өнер • Бүгін, 07:50

Сыншының елеулі еңбегі

Басылым • Бүгін, 07:45

Сарыжаздағы спорт мерекесі

Аймақтар • Бүгін, 07:40

ЖИ ұсынатын иіссу

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:35

Ұлттық ғылым академиясында AI SilkNet Қазақстан–Корея жасанды интеллект орталығы ашылды

Қоғам • Бүгін, 00:28

Капитал нарығы үшін дамудың жаңа кезеңі: KASE басшысы негізгі басымдықтарды атап көрсетті

Қаржы • Бүгін, 00:13

Алматыда «Орталық Азия мұраты» атты жаңа монография таныстырылды

Аймақтар • Бүгін, 00:05

Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью