Жамбыл менің жай атым: Жыр алыбының туғанына 180 жыл

28.02.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

«Он бесте-ақ домбыраны алдым қолға…»

Жамбыл ақындықты 52 жасында бастаған деген қасаң түсінік бар. Бірақ оның өз жыры куә:

«Он бесте-ақ домбыраны алдым қолға,

Тең басқан төрт аяғын болдым жорға…»

Он жетіге жетпей топқа түскен, «семсердей майдандағы жарқылдадым» деген жас ақын Жетісудың думанды ортасында ерте танылды. Молданың дүмшелігін әшкерелеген «Шағым» өлеңі — жасөспірім Жамбылдың-ақ қоғамға сын көзбен қарағанын дәлелдейді.

«Айтқаны ішке қонбаған, оқығанша мен одан, домбыраны қолға алам» деп әкесінен бата сұраған бозбала — тағдырын өзі таңдаған қайсар рух.

Фото: Жамбыл Жабаев пен Күләш Байсейітова — КСРО халық әртісі. Алматы/Kazinform

Пірі — Сүйінбай, ұстанымы — шындық

Жыр жолындағы ең үлкен мектеп — Сүйінбай Аронұлы. «Менің пірім — Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деген Жамбыл ұстазының батасын алып, айтыстың қия жолына түсті. Сүйінбайдың «әр сөзің қанжардай қадалсын» деген өсиеті Жамбыл поэзиясының өзегіне айналды.

Ол айтысты тек ру мақтау емес, елдік мүдденің мінберіне көтерді. 1897 жылғы Құлмамбет Құланаяқпен айтысында қарсыласы «Сәлемің мен аманың жоқ, үлгілі орта, тәрбие көрмеген» деп Жамбылдың кемшіліктерін іздеп, оның руы Шапыраштының кедейлігін айтады. Сол кезде Жамбыл ердің ісі байлығымен емес, іс-әрекетімен, ерлігімен өлшенетінін айтып, Сұраншы, Саурық сияқты батырлардың ісін дәріптейді.

— Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт! Ел бірлігін сақтаған татулықты айт! Қарынбайдай сараңдар толып жатыр, Оны мақтап, әуре болмай, жөніңе қайт! —  деп байлық емес, батырлық пен бірлікті ту етті.

Бұл айтыстан кейін Жетісу мен Қырғызстанға аты кең жайылды. Шашубай, Досмағамбет, Сарыбас, Сара, Майкөт сынды сөз жүйріктерімен сайыста суырыпсалмалықтың шыңын көрсетті.

Фото: Ж. Жабаев ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің отырысында. 1938 ж/Kazinform

Миллион жолды жадында сақтаған жыршы

Жамбыл — тек айтыскер емес, эпик жыршы. 2 555 жолдан тұратын ортағасырлық түркі жыры «Көроғлыны» 15 күн таңды-таңға ұрып жырлағаны айтылады. «Манас», «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық», «Ер Төстік» секілді эпостарды, тіпті «Шахнаманың» бір нұсқасын жатқа білген.

Зерттеушілер оның жадында миллион жолға жуық жыр сақталғанын жазады. Бұл — адам жадындағы сирек феномен.

Патшаға мадақ емес, халыққа арнау

1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдығына арналған жиында өзгелер патшаны дәріптегенде, Жамбыл Саурық пен Сұраншыны жырлады. Билікке ұнамай, қаладан қуылды.

Кеңес авторларының пікірінше, ақын сол жиындағы ісі үшін және 1916 жылғы қазақтарды тыл жұмыстарына жұмылдыру кезінде көрсеткен қоғамдық белсенділігі үш жыл абақтыға да түскен. Бұл қай кезде де Жамбылдың таразысы — халық мүддесі болды дегенді аңғартады.

Халық ақыны Жамбыл Жабаев.1936 жыл. Алматы / Kazinform

90-нан асқанда келген даңқ

1936 жылы «Правда» газетінде «Туған елім» толғауы жарияланған соң, 90 жастан асқан Жамбыл бүкілодақтық тұлғаға айналды. Қасына әдеби хатшылар бекітіліп, жырлары қазақша-орысша қатар тарады. Ресей, Грузия мінберлерінде сөз сөйледі. Марапат («Еңбек Қызыл Ту», «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендері) бірінен соң бірі ағылды. Француз ойшылы Ромен Роллан оған «қазақ халқының және жаңа адамзаттың хабаршысы» деп сәлем жолдады.

Алайда даңқтың көлеңкесі де болды: тәуелсіздік жылдары оның кейбір жырларының авторлығына күмән келтірген пікірлер айтылды. Бірақ бір шындық өзгермейді: Жамбыл — ауызша поэзия дәстүрінің соңғы ұлы өкілдерінің бірі. Ол 90 жыл бойы халық жадында өмір сүріп, соңғы 10 жылында әлемге танылды.

«Ленинградтық өрендерім!» — жырдан туған рух

1941 жылы соғыс басталғанда жыршы 95 жаста еді. Ұлы Алғадай майданға аттанып, кейін Сталинград түбінде қаза тапты. Әке жүрегінің зары «Алғадай туралы әрбір ой» жоқтауына айналды.

Ал «Ленинградтық өрендерім!» толғауы қоршаудағы қала көшелеріне плакат болып ілінді. Бұл жырдың рухани қуаты туралы орыс қаламгерлері де жазды.

Өсиеті — алма бақтағы мәңгілік

1945 жылы 22 маусымда, 100-ге сегіз ай жетпей, Жамбыл дүние салды. Өз өсиетімен алма бағымен қоршалған үйінің қасына жерленді. 1946 жылы кесене тұрғызылып, үйі әдеби-мемориалды музейге айналды. Бүгінде Таразда, Алматыда, Есікте (Алматы облысы), Атырау облысындағы Сафоновка ауылында, Киевте, Санкт-Петербургте (Ресей), Белградта (Сербия) ескерткіштері бар. Қазіргі күні Қазақстандағы облыс, аудан, ауылдар және оқу орындары мен өнер орталықтары оның атымен аталады.

Фото: Юрий Ким

Жамбыл — дәуірдің жыршысы ғана емес, дәуірді жырмен жасаған тұлға. Ол зар заманнан социалистік кезеңге дейінгі тарихи сілкіністерді көзімен көрді, бірақ қай кезеңде де бір жолдан таймады:

«Жамбыл — менің жай атым,

Халық — менің шын атым».

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью