Жамбыл облысында 9 мың тұрғын кәсіп ашты

18.12.2025

24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

2019 жылдан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Жамбыл облысының 9 мың тұрғыны жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашты.

Жоба аясында өңірге 48 млрд теңге бағытталып, ауыл экономикасын әртараптандыруға жаңа серпін берді. Бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігі ата кәсіпті дамытса, енді бір бөлігі тігін, жиһаз, шағын өндірісін ашып, тұрақты табыс көзін қалыптастырған.

Абай ауылының тұрғыны Эльвира Атханова макарон өндірісін былтыр бастаған. Ол бұл істі өткен жылы бастап, өндіріс технологиясын меңгеру үшін Италияда үш ай білімін жетілдірген. Кәсібіне қажетті құрылғы-жабдықтарды да шетелден алдыртты. Өндірісті жолға қою үшін Эльвира «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 17 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Қазір цехта төрт түрлі өнім шығарылады.

Эльвира Атханова, кәсіпкер:

- Біздің макаронымыздың ерекшелігі - біз жүгері ұнын қосып жасаймыз. Жүгері ұнының адам ағзасына өте пайдасы көп. Жеңіл, тез сіңімді құнарлы болады. Глютені аз болады. Сол себепті де Қазақстанда ең бірінші болып жасап жатқан ол - біз. Ауылдың экономикасын дамуына өзіміздің үлесімізді қоссақ дейміз. Өнімнің түрін көбейтіп үлкен нарыққа шыққымыз келеді.

Алғашқы кезеңінде цех тәулігіне 100 келі макарон шығарса, қазір өндіріс қуаты 700 келіге дейін жеткен. Дайын өнім тек облыс аумағындағы ірі сауда орталықтарына емес, Астана, Қарағанды, Алматыға да жеткізіледі. Ең маңыздысы – жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдың алты тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.

Айжан Қуатбекова, технолог:

- Жұмысқа келген кезде әтір себінбеу керек. Шашты жинау керек, қылтық түспеу қажет. Ғимарат таза болу керек. Ешқандай ауа кірмеу керек. Біздің ауылда осы ашылғанына мен өте қуаныштымын. Осындай кәсіпкерлер көбейе берсе екен деймін. Өзімнің жұмысымды өте жақсы көремін.

Мамандардың айтуынша, бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, әлеуметтік мәселелердің де оң шешілуіне ықпал еткен.

Төлебек Құлекеев, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 47 пайызға төмендеді. Осы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылған кәсіпкерлер тарапынан 2019 жылы 400 млн теңгеден 2025 жылға 1,6 млрд теңгеге дейін салықтық түсім ұлғайды.

«Ауыл аманаты» жобасы өңірде алдағы жылы да жалғасын табады. Келер кезеңге 5 млрд теңге қарастыру жоспарланған. Бұл жолы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдауға ерекше басымдық берілмек.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью