Жамбыл облысында жыпылықтағыш орнатқан жүргізуші жазаланды

21.09.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Жамбыл облысында жүргізуші Toyota Camry автокөлігіне қызыл-көк түсті жарық сигналдарын орнатқан, деп хабарлайды Tengri Auto.

Істі Меркі аудандық соты қарады. Жүргізуші автокөлікке жарық құралдарын орнату ережелерін бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 603-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сот мәліметінше, 2026 жылғы тамызда түнде ер адам Меркі ауданының Тұрар Рысқұлов ауылында Toyota Camry көлігін басқарған. Автокөліктің алдыңғы бөлігіне қызыл-көк түсті жарық сигналдары орнатылған.

Жүргізушінің кінәсі тараптардың айғақтарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және полиция қызметкерінің баянатымен расталды. Сотта ер адам кінәсін мойындады.

Автокөліктің алдыңғы бөлігіне қызыл түсті жарық құралдарын, сондай-ақ түсі немесе жұмыс режимі талаптарға сәйкес келмейтін құралдарды орнатқаны үшін ӘҚБтК-нің 603-бабы 1-бөлігі бойынша құрылғыларды тәркілей отырып, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

2026 жылы 15 АЕК - 64 875 тенге.

Сот жауапкершілікті жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Нәтижесінде жүргізушіге орнатылған құрылғыны тәркілей отырып, 64 875 тенге мөлшерінде айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

"Мигалка" мен арнайы қызмет көлігіне ұқсатып бояғаны үшін тағы қандай жаза қарастырылған?

Жауапкершілік автокөлікке нақты қандай жабдық немесе безендіру орнатылғанына байланысты болады.

Автокөліктің алдыңғы бөлігіне қызыл түсті жарық құралдарын немесе түсі мен жұмыс режимі талаптарға сәйкес келмейтін құралдарды орнату ӘҚБтК-нің 603-бабы 1-бөлігіне жатады. Жеке тұлғаға айыппұл мөлшері - құрылғыларды тәркілей отырып, 15 АЕК.

Тиісті рұқсатсыз дыбыстық сигнал құрылғыларын орнату ӘҚБтК-нің 603-бабы 2-бөлігінде қарастырылған. Жеке тұлғаға айыппұл - құрылғыны тәркілей отырып, 25 АЕК. 2026 жылы бұл - 108 125 теңге.

Автокөлікке жедел және арнайы қызметтердің түсті-графикалық схемаларын заңсыз қолданғаны үшін жауапкершілік бөлек қарастырылған. Мұндай заңбұзушылық үшін жеке тұлғаға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Осылайша, арнайы сигналдар немесе түсті-графикалық схема арқылы қарапайым автокөлікті арнайы қызмет машинасына ұқсату әрекеті полицияның тоқтатуымен ғана емес, жабдықты тәркілей отырып, әкімшілік айыппұлмен аяқталуы мүмкін.

Бұған дейін Алматыда куәлігі жоқ және көлік терезесі күңгірттелген жүргізуші қамауға алынған болатын.

Тағы оқыңыз: 200 км/сағ жылдамдықпен және нөмірсіз: алматылық заңбұзушы әлеуметтік желілер арқылы табылды

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью