Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Жамбыл ауданының орталық көшелерінде кезекшілік кезінде патрульдік полиция қызметкерлері күдікті нөмірдегі BMW автокөлігін байқайды. Көлік тексеруге тоқтатылды.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, тергеу барысында жүргізуші Грузиядан әкелінген көлікті тіркемей, оның орнына басқа көліктегі мемлекеттік тіркеу нөмірін өз темір тұлпарына тағып алғаны анықталды.
Аталған оқиға негізінде құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 3-бөлігі (жалған нөмірлер қою) және 4-бөлігі (көлік құралын жалған нөмірмен басқару) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Материалдар Жамбыл аудандық сотына жіберілді.
Сот қаулысымен жүргізуші әкімшілік қамаққа алынып, бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Көлік қамауға алынды.
Полицейлер қазіргі таңда жалған нөмірлерді пайдалану мәселесі өзекті болып отырғанын атап өтті. Өткен жылы облыста жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін орнатқан 45 адам жауапкершілікке тартылса, осындай нөмірмен көлік жүргізген тағы 70 жүргізушіге жаза қолданылды.
Бұған дейін елімізде көлігіне «әдемі» мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін алуға 11 мыңға жуық адам өтінім бергені туралы жазған болатынбыз.