Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Сурет Президенттің баспасөз қызметінен алынды
Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Қуатты Қазақстан құру міндеті» атты мақаласы жаңа Конституцияның білім мен ғылым саласына әкелетін стратегиялық мүмкіндіктерін терең талдап, оның қоғамдық мәнін жан-жақты ашып көрсетеді. Автордың көтерген мәселелері білім мен ғылым төңірегіндегі салалық міндеттерден әлдеқайда кең. Бұл – еліміздің интеллектуалдық мемлекет ретінде қалыптасу жолын айқындайтын концептуалдық көзқарас.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлы Мұхтар Әуезовтің қанатты сөзі бүгінде бұрынғыдан да терең мәнге ие болып отыр. Өйткені мемлекеттің қуаты білімді азаматтарымен, интеллектуалдық әлеуетімен, ғылыми жаңалықтарымен өлшенетін заман келді. Кейінгі онжылдықтарда әлемдік экономика түбегейлі өзгерді. Егер XX ғасыр индустрияның ғасыры болса, XXI ғасыр – білім мен инновацияның ғасыры. Экономистер бүгінде білімге негізделген экономика ұғымын мемлекеттің табысты дамуының негізгі шарты ретінде қарастырады. Бұл жағдай Қазақстан үшін де жаңа стратегиялық таңдау жасауды талап етті. Сондықтан білім, ғылым, инновацияның жаңа Конституцияда ұлттық дамудың басты тіректерінің бірі ретінде бекітілуі – уақыттың объективті сұранысынан туған тарихи шешім.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет білім мен ғылымның Ата заң деңгейінде ұлттық дамудың өзегіне айналуы – мемлекеттің адам капиталына деген көзқарасының түбегейлі өзгергенінің айқын дәлелі. Бұл – ғылым мен білімді белгілі бір саланың ғана мәселесі ретінде емес, елдің қауіпсіздігіне, экономикалық қуатына, рухани тұтастығына және халықаралық бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал ететін стратегиялық ресурс ретінде мойындаудың көрінісі. Қазақ халқы ежелден білімді ұлттың ең үлкен байлығы деп таныған. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Оқу – инемен құдық қазғандай», «Ақыл азбайды, білім тозбайды» деген халық даналығы бүгінгі Конституция мазмұнымен өзектес. Өйткені қай дәуірде болмасын ұлттың өміршеңдігі білімінің тереңдігімен, тәрбиесінің беріктігімен және ғылымының дамуымен анықталған. Ұлы Абай өзінің Отыз сегізінші қара сөзінде: «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ» деп ғылымның адам өміріндегі шешуші орнын айрықша атап көрсетеді. Бұл – жай ғана моральдық өсиет емес, ұлт дамуының әмбебап формуласы. Ғылымы дамымаған қоғамның экономикасы әлсіз, мәдениеті жұтаң, технологиясы тәуелді болатынын бүгінгі жаһандану үдерісі толық дәлелдеп отыр.
Технологиялық революция, жасанды интеллект, цифрлық экономика, ғылымның қарқынды дамуы мемлекеттер арасындағы бәсекенің табиғатын түбегейлі өзгертті. Ендігі таңда елдің қуатын жер астындағы байлығы емес, адам ақылы мен ғылыми әлеуеті айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция Қазақстанның даму философиясын табиғи ресурстарға тәуелді экономикадан білім мен инновацияға негізделген интеллектуалды мемлекет моделіне қарай батыл бұрғанын көрсетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің басты байлығы – адам» деген қағиданы мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымына айналдырды. Бұл қағида жаңа Конституцияда нақты құқықтық мазмұнға ие болып, ғылым мен жоғары білім жүйесінің ел тағдырындағы жауапкершілігін бұрынғыдан да күшейте түсті. Өйткені сапалы білім – бәсекеге қабілетті ұлттың іргетасы, ғылым – мемлекеттің стратегиялық қуаты, ал инновация – тұрақты экономикалық өсудің басты қозғаушы күші.
«Қуатты Қазақстан құру міндеті» атты мақаласында министр ерекше назар аударған мәселелердің бірі – жаңа Конституцияның негізінде қалыптасқан жаңа бәсекеге қабілеттілік философиясы. Менің пайымдауымша, бұл ұғым бүгінгі мемлекеттік саясаттың ғана емес, Қазақстанның ұзақмерзімді өркениеттік дамуының да кілті. Жаңа бәсекеге қабілеттілік философиясы – интеллектуалды ұлт қалыптастырудың конституциялық негізі. Мақаладағы ең терең тұжырымдардың бірі – білім мен ғылымның Конституция преамбуласына енгізілуі. Бұл – жай ғана құқықтық реформа емес, еліміздің болашақ даму жолын білім мен инновация арқылы айқындағанының нақты дәлелі, мемлекет дамуының жаңа дүниетанымдық парадигмасының жариялануы. Өйткені қай мемлекеттің де келешегі оның адам капиталының сапасымен өлшенеді. Сондықтан жаңа Конституциядағы «адам – мемлекеттің басты байлығы» деген ұстаным құқықтық нормадан әлдеқайда кең мағынаға ие. Бұл – мемлекет пен қоғамның даму философиясын айқындайтын өркениеттік таңдау.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, XXI ғасырдағы ең үлкен капитал – жер қойнауындағы байлық емес, адам санасындағы білім мен шығармашылық әлеует. Сондықтан білімге салынған инвестиция – ұлттың ертеңіне салынған ең сенімді капитал. Бүгінгі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстардың көлемімен емес, ғылыми жаңалықтарымен, инновациялық өндірісімен, жоғары технологиялық өнімдерімен, сапалы адам капиталымен айқындалады. Осы тұрғыдан қарағанда, жаңа Конституция мемлекет дамуын шикізаттық экономикадан интеллектуалды экономикаға қарай бағыттайтын тарихи құжатқа айналды. Бұл – еліміздің жаһандық өркениет көшінен қалмауға бағытталған стратегиялық шешім.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзінің астарында үлкен философия жатыр. Білім мемлекетті дамытады, бірақ сол білімнің қоғам игілігіне қызмет етуі адамның азаматтық жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан бүгінгі реформалардың түпкі мақсаты тек кәсіби маман даярлау емес, ел тағдырына жауап бере алатын ұлтжанды, парасатты, жаңашыл тұлға тәрбиелеу болуы керек. Қазақ халқы «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деп, жастың білімі мен зердесіне әрдайым үлкен үміт артқан. Қай кезеңде де ұлттың келешегі жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне тікелей байланысты деп танылған. Жаңа Конституцияның ең маңызды жетістіктерінің бірі – жастардың білім алып, ғылыммен айналысуына, инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыруына мемлекет тарапынан берілетін кепілдіктің конституциялық деңгейде бекітілуі. Бұл – келешек ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершіліктің нақты көрінісі. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, табиғи ресурстары аса мол емес мемлекеттердің өзі ғылым мен білімнің арқасында жаһандық көшбасшыға айналғанын көреміз. Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Финляндия сияқты елдердің табысының негізінде табиғи байлық емес, адам капиталы жатыр. Демек, біздің елдің де ұзақмерзімді даму моделі ең алдымен сапалы білімге, қуатты ғылымға және инновациялық экономикаға сүйенуге тиіс.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім» деген еді. Ал мен бүгін осы ойды кеңейтіп: «Мемлекеттің жаны – білімді азамат» дер едім. Өйткені азаматтың сапасы мемлекет сапасын айқындайды. Саналы ұрпақсыз сапалы қоғам құрылмайды, сапалы қоғамсыз қуатты мемлекет қалыптаспайды. Жоғарыда аталған мақалада көтерілген негізгі идеялардың құндылығы да осында. Ол білім мен ғылымды жеке саланың мәселесі ретінде емес, еліміздің ұзақмерзімді өркендеуінің, ұлттық қауіпсіздігінің және халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің стратегиялық негізі ретінде қарастырады. Бұл ұстаным толық қолдауға лайық. Министр атап көрсеткендей, кейінгі жылдары қабылданған институционалдық реформалар осы конституциялық өзгерістердің берік негізін қалап берді. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңның қабылдануы, Президент жанындағы Ұлттық ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің құрылуы, өңірлерге ғылыми саясатты жүзеге асыру өкілеттігінің берілуі – ғылымды басқарудың жаңа моделін қалыптастырған маңызды қадамдар. Әсіресе ғылыми әлеуеттің тек ірі қалаларда ғана шоғырланбай, аймақтарға таралуы – өңірлік теңгерімді дамытудың, жастардың ғылымға қолжетімділігін арттырудың және өңірлік инновациялық экожүйені қалыптастырудың маңызды алғышарты.
Ғылымның құны – қоғамға әкелген игілігімен өлшенетіні белгілі. Министр мақаласында қазіргі ғылым саясатының ең өзекті мәселесінің бірін көтереді. Ол – ғылымның қоғамнан оқшау өмір сүрмеуі, оның нақты экономиканың, өндірістің және халықтың әл-ауқатының игілігіне қызмет етуі. Бұл – бүгінгі әлемдік ғылыми саясаттың негізгі ұстанымы әрі Қазақстан үшін де уақыт талабы. Қазіргі әлемде мемлекеттердің қуаты олардың табиғи байлығымен емес, инновация өндіру қабілетімен бағаланады. Ғылыми жаңалықты өнімге, технологияға және экономикалық тиімділікке айналдыра алған елдер ғана жаһандық бәсекеде көш бастап келеді. Сондықтан біздің мемлекеттің де ғылыми саясатындағы басты бағыты дайын технологияны тұтынушы елден жаңа білім мен технология жасайтын мемлекетке айналу болуға тиіс. Бұл – тәуелсіздіктің жаңа сапалық деңгейі, интеллектуалдық егемендіктің нақты көрінісі.
Осы тұрғыдан алғанда, зерттеу университеттерінің рөлі түбегейлі өзгеруде. Заманауи университет енді тек білім беретін ұйым ғана емес, ғылыми идеялар дүниеге келетін, инновациялық кәсіпкерлік қалыптасатын және технологиялық шешімдер әзірленетін интеллектуалдық экожүйеге айналып жатыр. Әлемнің жетекші университеттерінің тәжірибесі осыны дәлелдеп отыр. Ғылым, білім және өндіріс арасындағы үздіксіз байланыс қалыптасқанда ғана ұлттық инновациялық жүйе толыққанды жұмыс істейтінін уақыт көрсетті. Бұл үдерісте педагогикалық қауымдастықтың да жауапкершілігі ерекше. Себебі ғылыми ойлау мәдениеті мектеп қабырғасынан басталады. Егер оқушыны тек дайын білімді қабылдаушы емес, сұрақ қоя алатын, мәселені зерттей алатын, дәлелдей алатын тұлға ретінде тәрбиелей алсақ, онда ертең университетке ғылымға бейім, шығармашыл жас келеді. Демек, ғылыми экожүйенің бастауы – сапалы мектеп, жаңашыл мұғалім және зерттеушілік мәдениет.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға – оқу керек, бай болуға – кәсіп керек, күшті болуға – бірлік керек» деген болатын. Бүгінде осы үш ұғымның тоғысқан тұсы – ғылым. Ғылым білімді де дамытады, жаңа кәсіптерді де қалыптастырады, мемлекеттің экономикалық қуатын да арттырады. Ғылымды қолдау – белгілі бір саланы қаржыландыру ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке, экономикалық дербестікке және елдің ұзақмерзімді өркендеуіне салынған инвестиция.
Мәселе ғылымды тек коммерциялық тиімділікке бағындыруда емес, оның ел дамуына тигізетін шынайы ықпалын арттыруда. Ғылымның түпкі мақсаты – адамның өмірін жақсарту. Ғылыми зерттеу ауыл шаруашылығының өнімділігін өсіріп, жаңа медициналық технологиялар адамның өмірін сақтаса, инженерлік жаңалықтар өндірістің өнімділігін көтеріп, экологиялық мәселелерді шешуге көмектессе, ауылдағы қарапайым шаруаның еңбегін жеңілдетсе, сапалы дәрі-дәрмек қолжетімді болса, таза ауызсу мәселесі шешілсе, қауіпсіз қалалар қалыптасса, жаңа энергия көздері игерілсе – ғылым өзінің қоғамдық миссиясын орындады деген сөз. Ғылымның практикалық қайтарымы дегеніміз – тек экономикалық көрсеткіш емес, ең алдымен азаматтардың өмір сапасының жақсаруы. Бұл мәселеде Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы үлкен өнеге. Ол ғылымды ешқашан кабинетте ғана жасалатын қызмет деп қараған жоқ. Геологиялық зерттеулердің нәтижесін өндірістің дамуына, өнеркәсіптің өркендеуіне бағыттады. Академиктің ғылыми мектебі теория мен тәжірибенің үйлесімді бірлігінің жарқын үлгісі ретінде тарихта қалды. Бүгінгі Қазақстанға да дәл осындай ғылыми көзқарас қажет. Университет зертханасында туған идея өндіріс цехына жетіп, жаңа технологияға айналуға тиіс. Ғалымның еңбегі ғылыми журналдың бетінде ғана қалмай, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуі керек. Сонда ғана ғылымның қоғам алдындағы беделі артады, жастар зерттеушілік жолды таңдайды, бизнес ғылымға инвестиция салуға мүдделі болады.
Мемлекет басшысы белгілеп берген бұл бағыттың маңызы да осында. Ғылым елдің стратегиялық дамуына нақты қызмет еткенде ғана оның қоғамдық беделі артады, жастар ғылымға ұмтылады, университеттер инновация орталығына айналады, ал Қазақ елі әлемдік ғылыми кеңістікте өз орнын нығайтады. Қазақтың «Ақыл азбайды, білім тозбайды» деген даналығы бүгінде жаңа мазмұнға ие болды. Ақыл мен білім ұлттың игілігіне қызмет еткенде ғана мемлекет шын мәнінде қуатты әрі бәсекеге қабілетті елге айналады.
Қазір – жасанды интеллект дәуірі, себебі адам капиталы технологиялық серпілістің өзегіне айналып отыр. Министр мақаласындағы ерекше назар аударатын мәселелердің бірі – жасанды интеллектіні дамыту мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығына айналғаны. Бұл – кездейсоқ таңдау емес, жаһандық өркениет дамуындағы заңды құбылыс. Өйткені бүгінгі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстарымен емес, цифрлық технологияларды игеруімен, ғылыми-инновациялық әлеуетімен және интеллектуалдық капиталының сапасымен айқындалады.
Біз адамзат тарихындағы төртінші өнеркәсіптік революцияның бел ортасында өмір сүріп отырмыз. Бұрын өндіріс экономиканы өзгертсе, бүгін білім мен дерек, алгоритм мен жасанды интеллект қоғамның даму қарқынын анықтайтын басты күшке айналды. Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні ұлттық дамудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындауы – еліміздің болашаққа бағытталған көреген стратегиялық таңдауы. Алайда бұл үдерістің ең басты өлшемі – технологияның өзі емес, оны жасайтын әрі дұрыс пайдалана алатын адам. Қазақ халқы «Ақыл – тозбайтын тон, білім – таусылмайтын кен» дейді. Жасанды интеллект қаншалықты қарқынды дамығанымен, оның сапасы мен қауіпсіздігі адамның парасатына, жауапкершілігіне және рухани мәдениетіне тәуелді. Цифрлық трансформация ең алдымен адам капиталының сапасын жаңа деңгейге көтеруді талап етеді.
Жасанды интеллект құзыреттерін қоғамның барлық деңгейінде қалыптастыруға бағытталған ұлттық жүйенің құрылуы – министр мақаласында көтерілген бастамалардың ішінде ерекше мән беретін мәселе. Бұл жерде ең маңыздысы – қандай да бір бағдарламаның немесе платформаның атауы емес, елімізде үздіксіз цифрлық білім беру мәдениетінің қалыптасуы. Бүгінгі мектеп оқушысы, ертеңгі студент, жас ғалым, инженер, мұғалім немесе мемлекеттік қызметші – барлығы да жаңа технологиялық ортада еркін жұмыс істей алатын деңгейге көтерілуі қажет. Бұл – цифрлық сауаттылық қана емес, ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің жаңа өлшемі.
Педагогика ғылымы тұрғысынан қарағанда, жасанды интеллект дәуірі – білім мазмұнын ғана емес, оқыту философиясын да түбегейлі өзгертетін кезең. Ендігі жерде басты міндет – дайын ақпаратты жаттататын жүйеден зерттеушілікке, шығармашылыққа, пәнаралық ойлауға және өмір бойы білім алуға негізделген жаңа білім мәдениетін қалыптастыру. Себебі болашақта маманның кәсіби құндылығы оның есте сақтаған мәліметімен емес, жаңа идея ұсына алуымен, өзгеріске бейімделуімен және технологияны адам игілігіне бағыттай білуімен өлшенеді.
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру – еліміздің технологиялық тәуелсіздігін нығайтатын маңызды қадам. Бірақ кез келген технологиялық серпілістің түпкі нәтижесі адамды алмастыру емес, адамның мүмкіндігін кеңейту болуға тиіс. Жасанды интеллектіні меңгерген, бірақ ұлттық болмысын сақтаған, цифрлық сауатты әрі рухани кемел ұрпақ қалыптастыру – бүгінгі білім мен ғылым жүйесінің ең қасиетті міндеті. Себебі жасанды интеллектіні дамыту – технологиялық бағдарлама ғана емес, Қазақстанның интеллектуалдық жаңғыруының, ұлттық қауіпсіздігінің және өркениеттік өрлеуінің маңызды тұғыры.
Әлемдік ғылымда бүгінде жасанды интеллект сауаттылығы ұғымы кеңінен қолданылып жүр. Бұл ұғымды тек бағдарламаны пайдалана білу немесе цифрлық құралдарды меңгеру деп түсіну жеткіліксіз. Нағыз ЖИ сауаттылығы – алгоритмнің мүмкіндігі мен шектеуін түсіну, ақпараттың шынайылығын ажырата білу, цифрлық этиканы сақтау, жеке деректердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау, технологиялық шешімдердің қоғамға ықпалын бағалай алу. Демек, жасанды интеллект дәуіріндегі ең маңызды құзырет – техникалық білім ғана емес, сыни ойлау мен адамгершілік мәдениет.
Ұлттың ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Министр мақаласының түйінді ойы – жаңа Конституция мемлекет дамуын білім мен ғылымға сүйенген жаңа өркениеттік арнаға бұрды деген тұжырым. Бұл – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырын айқындайтын тарихи шешім. Себебі мемлекеттің шынайы қуаты оның экономикалық көрсеткіштерімен ғана емес, азаматтарының білім деңгейімен, ғылыми әлеуетімен, рухани кемелдігімен және жас ұрпақтың мүмкіндігін аша алуымен өлшенеді.
Педагогика ғылымы дәлелдеген ақиқат бар: елдің ертеңі ең әуелі отбасында, сосын барып балабақшада, мектеп партасында, кейін университет аудиториясында қалыптасады. Бүгінгі оқушы – ертеңгі инженер, дәрігер, ғалым, мұғалім, кәсіпкер, мемлекет қайраткері. Сондықтан білім жүйесіне салынған әрбір инвестиция – тек экономикалық өсімнің емес, ұлттық қауіпсіздіктің, қоғамдық тұрақтылықтың және рухани жаңғырудың кепілі. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген тағылымды қағидасы бар. Егер біз шын мәнінде қуатты Қазақстан құрамыз десек, ең алдымен білімді ұлт қалыптастыруымыз қажет. Ал білімді ұлттың негізі – сапалы мектеп, қуатты университет, бәсекеге қабілетті ғылым және ұлттық құндылыққа сүйенген тәрбие.
Халқымызда «Тәрбие – тал бесіктен» деген тамаша нақыл бар. Мен бұл даналықты бүгінгі жағдайда «Қуатты мемлекет – саналы тәрбиеден, сапалы білімнен және озық ғылымнан басталады» деп жалғастырар едім. Себебі қандай заманауи технология келсе де, қандай жасанды интеллект жасалса да, қандай заң қабылданса да, оның түпкі нәтижесін айқындайтын фактор – адам. Адамның сапасы – мемлекеттің сапасы. Жаңа Конституция дәл осы ақиқатты мемлекеттік дамудың темірқазығына айналдырды. Ендеше, бүгінгі ұрпаққа жүктелер міндет – осы тарихи мүмкіндікті толық пайдаланып, білім мен ғылымды ұлттың ең басты құндылығына айналдыру. Сонда ғана біз келер ұрпаққа табиғи байлығы мол елді ғана емес, ойы азат, ғылымы қуатты, технологиясы дамыған, білімі терең, рухы биік Қазақстанды аманаттай аламыз. Бұл – әрбір ғалымның, әрбір ұстаздың, әрбір азаматтың қасиетті парызы әрі ортақ жауапкершілігі. Жаңа Конституция осы ұлы мұраттың құқықтық іргетасын қалап берді.
Оңалбай АЯШЕВ,
ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор