Жаңа Азаматтық кодекс: болашақ экономикасының іргетасы Гүлнар Бижанова

06.11.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында болашақ экономикасына біртіндеп көшудің іргетасын қалауға тиіс екенін атап, жаңа Азаматтық кодексті қабылдау қажеттігін көтерген болатын.

– «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін жаңа Азаматтық кодекстің қолданыстағы заңнаманы жаңартумен ғана шектелмей, бизнесті жүргізу жағдайының тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ететін, меншік құқығын сенімді қорғауға, сенімді нығайтуға және ұзақмерзімді инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған экономикалық дамудың заманауи құқықтық негізіне айналуы – қағидатты тұрғыдан маңызды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында: «Стратегиялық маңызы бар заң жобалары сарапшылар қауымдастығын тарта отырып, міндетті түрде жан-жақты сараптамадан өткізілуі тиіс. Бұл ретте бюрократиялық кедергілер мен салғырттыққа жол берілмейді», – деген болатын.

Осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, 3 қараша күні «Атамекен» ҰКП бастамасымен және Палата алаңында Қазақстанның жаңа Азаматтық кодексін әзірлеудің тұжырымдамалық тәсілдеріне арналған алғашқы сарапшылық талқылау өтті. Талқылауға ғылыми қауымдастық өкілдері, оның ішінде азаматтық құқық саласындағы жетекші ғалымдар Ф.С. Қарағұсов, Е.В. Нестерова, К.В. Мұқашева, Е.Л. Бабаджанян, Е.В. Бычкова, сондай-ақ азаматтық құқық саласында қызмет ететін заңгерлер мен сарапшылар Д.А. Тоқмурзин, А. Бердалин, Т. Одилов, Н.Ш. Мұқаев және басқалар қатысып, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жұмысы оның біртұтас тұжырымдамасын дайындаудан басталу керегін қозғаған.

Әңгіме қолданыстағы Кодекстің едәуір бөлігін қамтуы мүмкін ауқымды реформа туралы болып отыр. Сондықтан алдағы өзгерістердің мақсаттарын, қағидаттарын, құрылымын және негізгі бағыттарын алдын ала айқындау қажет. Бұл құқықтық реттеудің жүйелілігін қамтамасыз етуге, ішкі қайшылықтарды болдырмауға және іргелі реформаның кейіннен құқықтық коллизияларға әкелуі мүмкін өзара байланыссыз жекелеген түзетулер жиынтығына айналуына жол бермеуге мүмкіндік береді, – деді Гүлнар Бижанова.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары тұжырымдамалық тәсілдердің нақты айқындалуы ғылыми және сарапшылық қауымдастық үшін де, депутаттық корпус, Үкімет және азаматтық заңнама тікелей мүдделерін қозғайтын кәсіпкерлер үшін де маңызды екенін атап өтті. 

Оның сөзінше, сол кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмасын, қазіргі экономикалық жағдайларды және кәсіпкерлік қауымдастықтың қажеттілігін ескере отырып, азаматтық заңнаманы жетілдірудің негізгі бағыттары қаралған. Соынң ішінде қатысушылар кәсіпкерлікті дамыту және қолайлы іскерлік орта қалыптастыру үшін айрықша маңызы бар бес негізгі бағытқа назар аударған. 

 – Біріншісі – шарт еркіндігі. Азаматтық айналымға қатысушылардың шарттық қатынастар талаптарын дербес айқындауына нақты мүмкіндік беріп, шамадан тыс әрі негізсіз шектеулерді алып тастау қажет. Шарт еркіндігі кәсіпкерлік бастаманы дамыту мен тұрақты экономикалық байланысты қалыптастырудың пәрменді құралына айналуға тиіс.

Екіншісі – жеке меншікті қорғау. Меншікке қол сұғылмаушылықтың құқықтық кепілдіктерін күшейту, азаматтық құқық объектілерінің жаңа түрлерінің пайда болуын, цифрлық экономиканың дамуын және мүліктік қатынастың өзгеруін ескеріп, мүліктік құқықтың сенімді қорғалуын қамтамасыз ету маңызды.

Үшіншісі – азаматтық құқықтық қатынастқа қатысушылардың адалдығы мен теңдігі. Бұл қағидаттар декларативті сипатта ғана қалмай, іс жүзінде қолданылуға тиіс. Олар тараптар мүдделерінің әділ теңгерімін, азаматтық айналымға қатысушылардың тең құқықтық қорғалуын және құқықты теріс пайдаланудың тиімді алдын алуды қамтамасыз етуі қажет.

Төртіншісі – заңнаманың тұрақтылығы мен болжамдылығы. Бизнес үшін ұзақмерзімді инвестицияны жоспарлауға, кәсіпкерлік тәуекелді бағалауға және құқықтық реттеудің тұрақтылығына сенімді болуға мүмкіндік беретін түсінікті әрі бірізді қызмет жүргізу қағиданың болуы аса маңызды.

Бесіншісі – азаматтық заңнаманың жүйелілігі. Азаматтық-құқықтық және корпоративтік реттеудің аражігін нақты ажырату, нормалардың қайталануы мен құқықтық коллизияларды жою, сондай-ақ Кодекстің ішкі үйлесімділігі мен тұтастығын сақтай отырып, азаматтық құқықтың дәстүрлі институттарын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу қажет,  – дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова.

Айтуынша, талқылау барысында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі алдағы жұмысты ұйымдастыру мәселелеріне де жеке назар аударылған. 

– 2026 жылғы шілдеде Әділет министрлігі азаматтық заңнаманы жетілдірудің негізгі бағытын айқындап, Азаматтық кодекстің жаңа редакциясын әзірлеудің тұжырымдамалық тәсілдерін пысықтауға кірісті. Азаматтық заңнаманы жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының (ВАЖТ) құрамына «Атамекен» ҰКП өкілдері енгізілді. Палата Әділет министрлігі ұсынған тәсілдерді қолдап, корпоративтік заңнаманы жаңғырту және ағылшын құқығының жекелеген институттарын енгізу мүмкіндігін зерделеу мәселелерін қоса алғанда, қосымша ұсыныстар жолдады.

Қазір тиісті мәселелер бірнеше сарапшылық алаңда қарастырылып жатыр. Сонымен қатар олардың арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігі бірыңғай тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеуді және барлық мүдделі тараптың жұмысқа толыққанды қатысуын қиындатуы мүмкін. Кездесуге қатысушылар мұндай іргелі заңнамалық актіні әзірлеу ғылыми әлеуетті, заңгерлердің практикалық тәжірибесін және кәсіпкерлік қауымдастықтың нақты қажеттіліктерін біріктіруді талап ететінін атап өтті.

Бұл ретте іскерлік ортаны институционалдық тұрғыдан дамыту, кәсіпкерліктің құқықтық кепілдіктерін нығайту және экономикалық өсудің орнықты жағдайларын қалыптастыру ерекше маңызға ие. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП ұсыныстарды біріктіру және жаңа Азаматтық кодексті әзірлеудің келісілген тәсілдерін қалыптастыру мақсатында, ең алдымен кәсіпкерлікті дамытуды қамтамасыз ететін құқықтық институттарды жетілдіру бөлігінде, азаматтық құқық саласындағы ғалымдардың, тәжірибелі заңгерлердің, бизнес пен сарапшылық қауымдастық өкілдерінің жүйелі өзара іс-қимылы үшін өз алаңын пайдалануды ұсынады.

Бұл жұмыста отандық азаматтық құқық ғылымының танымал өкілдерінің – қолданыстағы Азаматтық кодексті әзірлеудің бастауында тұрған және тәуелсіз Қазақстанның азаматтық заңнамасын қалыптастыруға елеулі үлес қосқан ғалымдар мен тәжірибелі заңгерлердің қатысуы ерекше құндылыққа ие. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін мазмұнды кәсіби диалогқа ықпал ету және мемлекет, Кодексті әзірлеушілер, депутаттық корпус, ғылыми қауымдастық пен бизнес арасындағы байланыстырушы буын болу – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік, – дейді ол. 

Кездесу қорытындысы бойынша сарапшылық өзара іс-қимылды жалғастыру және азаматтық заңнаманың негізгі ережелерін жан-жақты пысықтау жөнінде уағдаластыққа қол жетті. Сөйтіп, «Атамекен» ҰКП ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдерін, тәжірибелі заңгерлер мен кәсіпкерлерді келісілген тұжырымдамалық тәсілдерді қалыптастыру жөніндегі бірлескен жұмысқа қатысуға шақырады.

– Біздің ортақ міндетіміз – жаңа Азаматтық кодекстің отандық құқықтық жүйенің сабақтастығы мен үздік жетістіктерін сақтап қана қоймай, кәсіпкерлікті дамытуға, меншікті қорғауға және Қазақстанға ұзақмерзімді инвестиция тартуға ықпал ететін болашақ экономикасының берік құқықтық іргетасына айналуын қамтамасыз ету, – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью