Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Сарапшының айтуынша, жаңа Конституциядағы маңызды қорғаныс тетіктерінің бірі — Парламенттің негізгі заңды өз бетінше өзгерте алмауы. Енді Конституцияға өзгерістер тек бүкілхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі. Бұл негізгі нормалардың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оларды саяси жағдайға байланысты өзгерістерден қорғайды.
— Ұсынылып отырған мемлекеттік басқару жүйесі саяси тұрақтылық пен басқару тиімділігін күшейтуге бағытталған. Вице-президент институтын енгізу билік жүйесінде нақты иерархия қалыптастырады. Сонымен бірге биліктің ауыс-түйісі кезінде тұрақтылықты қамтамасыз етіп, белгісіз жағдайлардың алдын алады, — деді ол.
Оның сөзінше, бір палаталы парламент — Құрылтайға көшу заң шығару үдерісін оңтайландырады. Бұл шешім заң қабылдау процесін жеделдетіп, оны ашық әрі түсінікті етеді. Ал бұл жүйеде Халық кеңесіне ерекше рөл беріледі. Ол заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болып, қоғамның мемлекеттік саясатқа тікелей ықпал етуінің нақты тетігіне айналады.
Сарапшының пікірінше, реформаның құқықтық бағыты цифрлық дәуірдің талаптарына және гуманистік халықаралық стандарттарға бейімделген. Мәселен, Конституция деңгейінде алғаш рет жеке деректерді қорғау кепілдігі бекітілмек. Бұл — қазіргі заман үшін аса маңызды талаптардың бірі.
Сондай-ақ экологиялық қауіп-қатерлерді жасыруға жауапкершілік енгізілуі тұрақты даму қағидаттарына адалдықты көрсетеді.
София Ушурова жаңа мемлекеттік идеологияның негізінде жасампаз патриотизм тұжырымдамасы жатқанын атап өтті. Бұл ұстаным азаматтың құқықтарын оның заң алдындағы жауапкершілігімен ұштастырады.
— Ұсынылып отырған модельде мемлекет пен азамат серіктес ретінде әрекет етеді. Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум соңғы кезең емес. Керісінше, қоғам мен биліктің бірлескен жұмысының бастауына айналады, — деп түйіндеді сарапшы.
Айта кетейік, MNU профессоры, PhD Марат Ахмади жаңа Конституция жобасында преамбуладан бастап құжат мәтінінде басты орын адам мен оның құқықтарына берілгенін айтқан еді.