Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Конституция мемлекет пен қоғамның құрылысын айқындайтын құқықтық құжат қана емес, ұлттың тарихи-мәдени жады, саяси еркі, кемел келешекке деген ынта-жігері. Ата заңда елдің бүгінгі болмысы ғана емес, болашақта қандай мемлекет ретінде орнығатыны да көрініс табады. Қазақстанның жаңа Конституциясы мемлекеттің даму стратегиясын жаңадан пайым жасайды. Елдің басты байлығы – адам капиталы, адамның санасы, білімі, қабілеті, шығармашылығы және ғылыми әлеуеті екендігі шегелене отырып бекітілген.
Ата заңның преамбуласында Қазақстан халқы «Әділетті Қазақстан» идеясын және «Заң мен Тәртіп» қағидасын ұстанатынын паш ете отырып, мәдениет пен білімді, ғылым мен инновацияны басты құндылықтар қатарына қояды. Мұны аса маңызды конституциялық басым бағыт ретінде преамбулада жар салады. Преамбула жай кіріспе ғана емес, Ата заңның мазмұнын түйіндейтін рухани өзегі. Конституция ғылымды елдің болашағын айқындайтын өркениеттік темірқазық ретінде негіздейді.
Осы идея Ата заңның 3-ші бабында одан әрі нақтылана түседі. Мұнда Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарының бірі ретінде еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын бекітетінін айрықша атап өтеді. Ал аталған баптың 2-ші тармағында «Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде таниды» деп нықтай түседі. Жаңа Конституция ғылымды мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде конституциялық құндылық деңгейіне көтеріп отыр.
Ата заңның 1-ші бабындағы «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам және оның өмірі» деген қағидат жоғарыда аталған тұжырымның антропологиялық негізін қалайды. Мемлекет адамды ең жоғары құндылық ретінде жар салса, ендеше оның білімі, ойлау еркіндігі, шығармашалық қабілеті, кәсіби дамуы және ғылыми әлеуеті де елдің негізгі қамқорлық нысаны болуы міндетті. Жаңа конституциялық парадигма бойынша адам жай құқық иесі ғана емес, ол ел дамуының басты субьектісі ретінде танылып отыр.
Конституцияның 33-ші бабында білім алу құқығының нақты конституциялық кепілдіктері белгіленген. Бұл бапта азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына конституциялық кепілдік берілген. Ата заң азаматтардың жоғары оқу орындарында жоғары білім алуға құқығын бекітеді. Келесі бір конституциялық жаңа норма: мемлекет жалпыға міндетті білім беру стандарттарын белгілейді және барлық оқу орындарының қызметі осы стандарттарға сай болуы қажет екенін көрсетеді.
Ата заңымыздың 23-ші бабы ғылым мен шығармашылық еркіндігінің құқықтық іргетасын қалайды. Аталған бапта сөз еркіндіге, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне конституциялық кепілдік беріледі. Академиялық еркіндік жоқ жерде ғылыми зерттеу, ғылыми ізденіс инновациялық сипатын жоғалтып, формальдық есептілікке айналады. Сапалы ғылым ғана мемлекет және қоғам өміріндегі маңызды шешімдердің сапасын арттырып, мемлекеттік басқарудың зияткерлік негізін нығайтады.
Ата заңның нормаларын саралай келе білім мен ғылымға қатысты төрт іргелі идеясын көруге болады:
Біріншісі – адам капиталын конституциялық құндылық деңгейіне көтеретін мемлекет идеясы. Мұнда мемлекеттің басты миссиясы – адамның табиғи қабілеттерін ашу, қадір-қасиетін қорғау, шығармашылық және зияткерлік мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруға жағдай жасау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдауларында «адам байлығы – елдің басты байлығы» екенін бірнеше рет тілге тиек еткен болатын.
Екіншісі – білімнің маңыздылығын ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қолға алып, елдің басты басымдығы ретінде бағалау идеясы. Осы тұжырым аясында білім беру – ұлттық қауіпсіздіктің инттелектуалдық негізі ретінде ой топшылауға әбден болады.
Үшіншісі – ғылыми еркіндік және инновациясық даму идеясы. Ғылым мен инновация – ойлау мәдениетінің сапалық трансформациясы, жаңадан құндылықтар қалыптастыратын дүниетанымдық өзгеріс.
Төртіншісі – университеттің жаңа сипаттағы конституциялық миссиясы. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те жоғары білімнің басты мақсаты тек диплом беру емес, университеттерді білім өндіретін, ғылыми жаңалық қалыптастыратын және инновациялық экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру екенін жүйелі түрде айтып келеді. Оның «университеттер диплом фабрикасы емес, білім мен инновацияның экожүйесі болуы тиіс» деген тұжырымдамалық ұстанымы қазіргі университеттің жаңа миссиясын дәл сипаттайды.
Жаңа Конституция білім беру жүйесінің жаңа даму бағытын айқындады
Жаңадан күшіне енген Ата заң еліміздің мемлекеттік даму философиясына жаңа мазмұн енгізді. Білімді азамат – мызғымас қуатты қоғамның тірегі, еркін ғылым – интеллектуалдық тәуелсіздіктің кепілі, сапалы адами капитал – тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуының басты алғышарты. Қазақстанның жаңа даму кезеңінде университеттер Ата заңның құндылықтарын нақты қоғамдық күшке айналдыратын, ұлттық жаңғырудың инттелектуалдық өзегін қалыптастыратын стратегиялық конституциялық институттар ретінде қарастырылуға тиіс.
МЫРЗАГАЛИЕВА А.Б.
Астана халықаралық университетінің ректоры,
биология ғылымдарының докторы, профессор