Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Жаңа Ата Заңымыздың күшіне енуі – мемлекет дамуындағы тарихи кезең және Конституция үстемдігіне, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге, құқықтық айқындылықты нығайтуға, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуын кеңейтуге негізделген жаңа конституциялық үлгіні бекітеді.
2026 жылғы 15 наурызда жалпыұлттық референдумда қатысушылардың 87,15%-ы жаңа заңды қолдап, еліміздің жаңа Конституциясы биыл 1 шілдеден бастап күшіне енді. Нәтижесінде құқықтық жүйені жаңарту жұмысы басталып, еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің негізі қаланды. Сөйтіп, 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының күші жойылды.
Конституция Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын едәуір жаңартып, кеңейтті. Бұлардың қатарына Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау алғаш рет енгізілді.
Әрине, Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару үлгісі өзгермеді. Десе де, мемлекеттің стратегиялық даму бағдарлары – адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны еліміздің ұзақ мерзімді дамуының негізі ретінде дамыту конституциялық деңгейде алғаш рет айқындалды.
Құжат мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және азаматтық қоғамның қатысуымен әзірленді. 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия қоғамдық талқылау барысында, оның ішінде цифрлық платформалар арқылы келіп түскен ұсыныстарды қарастырды. Жалпы азаматтар 12 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту жолдады. Конституция мемлекеттік құрылым мен адам құқықтарын қорғаудың жаңартылған қағидаттарын бекітетін 11 бөлім мен 96 баптан тұрады.
Жаңа конституциядағы негізгі өзгерістер:
- Бір палаталы Парламент – Құрылтай жүйесіне көшу. Вице-Президент институтын енгізу. Қазақстан Халық Кеңесін құру. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту. Заң мен тәртіп қағидатын бекіту. Білім, ғылым, инновация және адами капиталды дамытуға басымдық беру.Жаңа модель биліктің тұрақтылығын, парламенттік бақылауды және Үкіметтің есептілігін нығайтуға бағытталған болатын. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа Конституциямен бекітілген Әділетті Қазақстан идеясының өзегінде – адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы басты назарда екенін айтты.
– Адамға бағдарланған қағидатқа сәйкес Конституцияда адам құқықтарының кепілдіктері едәуір кеңейтілді. Алғаш рет Ата заң деңгейінде азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге тікелей тыйым салынды. Бұл құқықтық айқындықты күшейтіп, қоғамның заңдарға деген сенімін арттырады. Қоғамның цифрлық даму жағдайында адамның дербес деректерін қорғау – конституциялық деңгейде бекітілді, – деді Ерлан Сәрсембаев.
Оның айтуынша, әр азаматқа мемлекеттің заңсыз әрекетімен келтірілген зиянды өтетіп алу құқығы конституцияда айқын көрсетілді. Осындай және өзге де ережелер адам құқықтарын қорғаудың кепілдіктерін күшейтіп қана қоймай, заңнаманың тиісті салаларын одан әрі жетілдіруді талап етеді. Өз кезегінде, Конституция мемлекеттік билік жүйесін түбегейлі жаңартты. Ол «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген.
– Конституцияны жүзеге асыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес алғашқы кезеңде заңдардың тоғыз «топтамасы» қабылданды. Атап айтқанда, 5 дербес конституциялық заң қабылданды. Қолданыстағы 9 конституциялық заң, 15 кодекс және 51 заң жаңа Конституцияға толықтай сәйкес келтірілді. Нәтижесінде мемлекеттік институттардың қызметіне және Құрылтайға сайлауды өткізуге қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды. Бір мезгілде мемлекеттік органдармен көптеген заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілді. Осылайша, Конституцияның толыққанды күшіне енуіне қажетті барлық нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды», — деді ол.
Реформалардың практикалық маңызы адам құқықтарын қорғау кепілдіктері арқылы көрініс тапты. Мысалы, 18-бапта ұстап алу негіздері мен ұсталған адамның құқықтарын түсіндіру міндеті – «Миранда қағидасы», сондай-ақ ұсталған сәттен бастап адвокаттың көмегін алу құқығы бекітілген. 15-бапта мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекеттің өтеуі көзделген. Алғаш рет конституциялық деңгейде – 86-бапта сот арқылы қорғауды және заң көмегін қамтамасыз етудегі адвокатураның рөлі айқындалды.
Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекет басқару жүйесін жетілдіруге және еліміздің құқықтық дамуына жаңа серпін беруге бағытталған маңызды құжат деп санайды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Динара Сәндібек.
Оның айтуынша, жаңа құжатта бұл қағида тек преамбулада ғана емес, бүкіл Конституция мәтінінде жүйелі түрде көрініс тапқан. Және жаңа Конституцияда әйел мен бала құқығына ерекше мән беріліп, зайырлы мемлекет қағидаты нақты бекітілгенін сөз етті.
– Жоба аясында өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаның қол сұғылмаушылығы, цифрлық дәуірдегі жеке деректерді қорғау және қылмыстық процестегі «Миранда ережесінің» бекітілуі құқықтық мемлекеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Сөз бостандығы, ғылыми және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарының қорғалуы қоғам дамуы үшін аса маңызды қадам. Сондай-ақ жаңа Конституцияда әйелдер мен балалардың құқықтарына ерекше мән беріліп, зайырлы мемлекет қағидаты нақты бекітілген. Неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалуы дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, әйелдердің құқықтарын қорғауға, – деді Динара Сәндібек.
Заңнаманың болжамдылығына қатысты кепілдіктер күшейтілді. 5-бапта жаңа міндеттер жүктейтін, азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе жауаптылықты белгілейтін не күшейтетін заңдарға кері күш беруге тыйым салынған.
Осылайша, жаңа Конституция мемлекеттілік негіздерінің мызғымастығын билік институттарын жаңартумен және адам құқықтарының кепілдіктерін кеңейтумен ұштастырады. Ол мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігінің нақты жүйесін қалыптастырып, ел болашағын айқындаудағы шешуші сөзді халыққа береді.
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасы бұрынғы конституциялық модельге сәйкес қабылданған болатын. Ал бүгін жаңа Конституцияның күшіне енуімен түбегейлі өзгерістер орын алды. Конституцияда алғаш рет «Заң мен тәртіп» қағидаты, адами капиталды дамыту; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясы, білім беру, ғылым және инновация мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде бекітілді. Осыған байланысты біз құқықтық жүйенің ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындап, оның тұтастығын қамтамасыз етуіміз тиіс. Демек, Конституция Әділетті Қазақстанның қандай болуы керектігін айқындаса, жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасы оған жетудің құқықтық жолын көрсетеді. Соған сай Әділет министрлігі Құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңартты.
Онда құқықтың адамға бағдарланған моделіне және мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне көшуді, цифрлық құқықты, жасанды интеллектіні, ғылым мен инновацияны дамытуды және жаңа буындағы экологиялық құқық сында басқа да маңызды бағыттарды қамтыды. Нәтижесінде, Әділет министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп жаңа Конституцияны сапалы жүзеге асыру бағытындағы жұмысты жалғасып жатыр.