Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
- Ұлттық мүдде халықаралық шарттардан қашан да биік тұрады. Нақтырақ айтсақ, 75-баптың 1- тармағында Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не ратификацияланбайды, яғни олар қолданысқа енгізілмейді деп жазылған. Бұл – өте маңызды норма, халықаралық деңгейде кеңінен кездесетін практика. Бұл норма нені білдіреді? Қазақстан үшін мемлекеттік мүдде бәрінен жоғары, - деді Мемлекеттік кеңесші.
Оның сөзінше, жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары, сөз бостандығы бірінші орында тұрады.
- Конституция жобасының басты артықшылықтарының бірі – адам құқықтары мен бостандықтарына бағдарлануы. Жаңа Конституцияның негізгі өзегі – адамға бағдарланған мемлекет. Мәселен, 3-баптың 1-тармағындағы Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарында адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауға ерекше басымдық берілген. 14-баптың 1-тармағында Қазақстан республикасында адам құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіні нақты жазылған. 23-баптың 5-тармағында цензураға тыйым салынатыны анық бекітілген. Сол секілді осы баптың 1-тармағында сөз еркіндігіне кепілдік беріледі деп айқындалған. Яғни жаңа Конституцияда сөз бостандығы да, адам құқықтары да шектелмеген. Керісінше, бұл нормалар бұрынғыдан да барынша кеңейтілген, - деді Ерлан Қарин.
Айта кету керек, өткен апта аяғында жарияланған жаңа Конституцияның жобасында мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы норма 9-бапта орналасқан. Ол жерде мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені, ал мемлекеттік мекемелер мен өзін-өзі басқару ұйымдарында орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылатыны айтылған.