Жаңа Конституцияны жазған қызметкерлердің есімі жарияланды

12.02.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

АСТАНА, 11 ақпан – Sputnik. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин жаңа Конституцияны әзірлеген қатардағы қарапайым қызметкерлерге алғыс айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Комиссияның бүгінгі отырысында Карин жаңа құжатқа "Халықтық Конституция" деген баға берді. Себебі мемлекеттік және елдік тұрғысынан жазылды. Жаңа Конституция тұңғыш рет қазақ тілінде әзірленді. Ал терминологиялық және редакциялық жұмыстар кезінде мемлекеттік тілдегі нұсқасы негізге алынды. Соның нәтижесінде жаңа Ата заңның мәтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай болып шықты. Осы орайда Карин редакциялық жұмысты атқарған азаматтарды ерекше атап өтті. Олар:

сенаттың редакциялық баспа бөлімінің меңгерушісі Қарашаш Ысмайылова;

мәжілістің редакциялау және сараптама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Болат Омар;

Конституциялық сот аппараты басшысының орынбасары Ерлан Сапаров;

Конституциялық соттың өтініштерді алдын ала зерделеу және құқықтық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары Гүлмира Шынтаева;

президент әкімшілігі жалпы бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, филология ғылымдардың докторы Ербол Әбдірасылов;

президент әкімшілігі мемлекеттік құқық бөлімінің сектор меңгерушісі Назкен Жамаладин;

тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Гүлфариза Мұқан;

әділет министрлігінің бас сарапшысы Мадина Оспаналы.

"Осы әріптестеріміз негізгі жұмыстармен қатар алғашқы күндерден бастап жаңа Конституцияны тілдік, мәтіндік, мазмұндық тұрғыдан жетілдіру ісімен айналысты. Сонымен қатар осы жұмыстың басы-қасында жүрген президент әкімшілігінің мемлекеттік құқық бөлімінің басшысы Айдар Төлеутайұлы Жайылғановтың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Күнделікті жұмыстың жауапкершілігі осындай қатардағы қарапайым қызметкерлерге түсіп жататыны рас. Біздегі мемлекеттік аппараттың тірегі - осындай өз ісіне адал, кәсіби деңгейдегі азаматтар", - деді Карин.

Айта кетері, бүгін комиссия жаңа Конституцияның жобасы дайын екенін мәлімдеді. Бұл құжат республикалық референдумға шығару үшін президентке жіберіледі.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью