Arasha.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Қазақстанда қабылданған жаңа Конституция елдің даму кезеңіне сай құндылықтар жүйесін қайта айқындап, құқықтық негіздерді жаңғыртуға бағытталған. Заң ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ермек Әбдірасылов жаңа құжаттың негізгі ерекшеліктерін түсіндірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сарапшының айтуынша, негізгі өзгерістердің бірі - Конституция преамбуласының жаңаруы. Егер қолданыстағы Конституцияда тәуелсіздік алғаннан кейінгі мемлекетті қалыптастыруға басымдық берілсе, жаңа нұсқада мемлекеттілікті нығайту және Ұлы даладағы мыңжылдық мемлекеттік басқару дәстүрінің сабақтастығы айқын көрінеді.
«Жаңа Конституция жобасында халықтың тәуелсіз мемлекет құру кезеңінен өткенін және халықаралық деңгейде орныққанын көрсететін жаңа мазмұн қалыптасқан. Сонымен қатар мыңжылдық мемлекеттік тәжірибеге сүйену арқылы тарихи сабақтастыққа мән берілген», - деді профессор.
Халықаралық қатынастарға қатысты да ұстаным өзгерген. Бұрын Конституцияда Қазақстанның әлемдік қауымдастықта лайықты орын алуға ұмтылысы айтылса, енді бұл кезең артта қалып, елдің халықаралық аренадағы орны нығайғаны көрсетілген.
«Жаңа редакцияда Қазақстанның бейбітшілік пен барлық елдермен достық қарым-қатынас орнатуға ұмтылысы жаңа геосаяси жағдайлар аясында айқындалған», - деп атап өтті сарапшы.
Жаңа Конституцияда адам құқықтары, әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттарына ерекше мән берілген.
«Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, Әділетті Қазақстан қағидаты, заң мен тәртіп, қоғамдық келісім мен бірлік негізгі құндылық ретінде айқын көрсетілген. Бұл - бүкіл Конституция нормаларын түсіндірудің басты бағдары», - деді Әбдірасылов.
Сонымен қатар, Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктері кеңейтілген: өлім жазасына толық тыйым, әділ еңбек жағдайына құқық, кемсітусіз еңбекақы алу, әлеуметтік қорғау, зияткерлік меншікті қорғау сияқты нормалар қарастырылған.
Конституция жобасында жаңа мемлекеттік институттар енгізілді. Атап айтқанда, бірпалаталы Құрылтай, Халық кеңесі және вице-президент лауазымы.
«Бұл жаңашылдықтар конституциялық-құқықтық реформалардың ауқымды екенін көрсетеді. Бірпалаталы парламент заң шығару процесін жеделдетеді, алайда билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік сақталады», - деді сарапшы.
Ол сондай-ақ бұл жаңалықтардың халықаралық тәжірибеге сәйкес келетінін атап өтті. Көптеген унитарлы мемлекеттерде бірпалаталы парламент және вице-президент институты кең таралған.
Әбдірасыловтың пікірінше, бұл өзгерістер мемлекеттік жүйені толық өзгертуден гөрі, оны терең жаңғырту.
«Жаңа Конституция геосаяси өзгерістер мен цифрлық дәуір талаптарына жауап беретін құқықтық архитектураны қалыптастырады. Бұл - жаңа модельге толық көшу емес, қазіргі жүйені заманауи талаптарға бейімдеу», - деді сарапшы.
Жаңа құжат елдің стратегиялық даму бағытын айқындайды, әділеттілік, тұрақтылық және қоғам дамуына негіз қалайды.