Жаңа метро станциясына дейін 1,5 ай: Қалқаман станциясының қазіргі түрі қандай

14.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

"Бауыржан Момышұлы" ақырғы метро бекетіндегі кезек алматылықтар үшін үйреншікті жағдайға айналған. Қарбалас уақытта жолаушылар турникет маңында жиналып қалады, ал вагондар лық толады. Билік "Қалқаман" бекетін желтоқсанда ашуға уәде беріп отыр. Tengrinews.kz бұл бекет жолаушылар ағынын азайта ала ма және оның қазіргі жағдайы қандай екенін анықтап көрді.

"Кезек баспалдақтан басталды"

14 қазанда желіде "Бауыржан Момышұлы" бекетіндегі кезектің видеосы тарады. Tengrinews.kz сол күні таңертең бекетте болған жолаушылардың бірімен сөйлесті.

Қыз бұл жерден күн сайын қатынайтынын айтты. Әдетте ол сағат 8:50-9:00 шамасында келсе, 14 қазанда ертерек – шамамен 8:40-та келген.

"Бұл уақытта ішке кірудің өзі қиын болды. Кезек тіпті баспалдақтан басталды. Қаптаған адам, бір-бірін итеріп жатыр, бірақ не болып жатқанын ешкім түсіндірмеді", – деді ол.

Фото: Tengrinews.kz

Оның айтуынша, қызметкерлер шағын рюкзагы бар жолаушыларды бөлек тексерген, ал ірі сөмкелері бар адамдарды тексеру лентасына бағыттаған. Соның арқасында кезек әйтеуір жылжып тұрды. Бұл ретте ол таңғы уақытта вагондардың лық толғанына таңғалмағанын айтады.

"Бұл тұрғыда бүгінгі сапардың басқа күндерден еш айырмашылығы болған жоқ", – деді қыз.

Фото: Tengrinews.kz

Бұл бекетте мұндай кезек бірінші рет болған емес. 1 қыркүйекте де "Бауыржан Момышұлы" кіреберісінде жолаушылар жиналып, тексеру аймағы мен турникеттерде кезек болған.

"Бауыржан Момышұлында" неге кезек болды?

"Метрополитен" КМК таңғы уақыттағы кептелісті бекетке бір уақытта бірнеше автобустың келуімен түсіндірді. Салдарынан кіреберісте жолаушылар күрт көбейген.

Метро өкілдері бекетте екі вестибюль және 12 турникет жұмыс істейтінін айтты: төртеуі – Q жүйесі арқылы, сегізі – "Оңай" арқылы төлеуге арналған. Бір ауысымда төрт қызметкер жұмыс істейді.

"Мобильді қосымшалар арқылы төлем жасаудағы мәселелер мен кейбір жолаушылардың теңгерімі жеткіліксіз болуынан қосымша кідіріс туындайды. Мұндай жағдайларда бақылаушылар қажетті көмек көрсетеді", – деп хабарлады метро өкілдері.

Сонымен қатар ұйым жоспарлануына байланысты бірінші вестибюльдің қарбалас уақытта көп адам ағынына төтеп беруі қиын екенін атап өтті. Дегенмен, бекет штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Неге полиция адамдардың метроға кіруін реттейді?

Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі қарбалас уақытта полиция бекеттерге адамдардың кіруін реттей алатынын түсіндірді.

"Бұл шара жолаушылар ағынын біркелкі бөлуге, касса аймақтарында және кіреберіс турникеттерде кептелісті болдырмауға, сондай-ақ жолаушылардың электрпоездарға қауіпсіз отыруын қамтамасыз етуге бағытталған", – деп хабарлады метрополитен.

Кәсіпорын мәліметінше, мұндай шаралар жолаушылар ағыны айтарлықтай артатын белгілі бір сағаттарда қолданылады.

Кезектің жиі қайталануына байланысты Tengrinews.kz тілшісі "Қалқаман" бекетінің құрылысы қалай жүріп жатқанын көрмек болды. Ол ашылғаннан кейін "Бауыржан Момышұлы" соңғы бекет болмайды, ал қаланың батыс бөлігіндегі тұрғындардың бір бөлігі метроға жаңа бекеттен міне алады.

Қазір "Қалқаман" бекетінде не болып жатыр?

Tengrinews.kz тілшісі болашақ бекет аумағында болып қайтты.

Фото: Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Абай даңғылы мен Әшімов көшесі бойындағы учаске айтарлықтай өзгерген.

Метроғы кіреберіс маңындағы аумақтың бір бөлігі абаттандырылып қойған: плитка төселіп, көгалдандырылған, ағаш егіліп, орындықтар орнатылған.

Фото: Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Фото: Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Жақын маңда таңбалары мен жаяу жүргіншілер өткелі бар асфальтталған үлкен тұрақ пайда болды.

Фото: Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Сырттай қарағанда бекет павильондары дайын деуге болады. Қасбеттеріне "Қалқаман бекеті" деген маңдайшалар орнатылып, кіреберіс әйнектелген. Дегенмен, есіктердің бір бөлігі әзірге жабық.

Фото: Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Әшімов көшесінде жаңа аялдамалар пайда болды. Олардың кейбірі әлі толық жабдықталмаған: әзірге металл қаңқалары ғана көрінеді, жанында құрылыс материалдары жатыр.

Алматыда салынып жатқан "Қалқаман" метро бекетіне жақын Әшімов көшесі бойындағы жаңа аялдама павильондары / Фото: Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Тағы бірнеше аялдама болашақ метро кіреберісіне қарама-қарсы орнатылып жатыр.

Жаңа автобус аялдамаларының металл қаңқалары және "Қалқаман" метро бекеті маңындағы тротуар плиткалары / Фото: Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Бұл ретте бекет айналасындағы аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Кейбір учаскелерде жұмысшылар плитка төсеп, тротуарларды ретке келтіріп жатыр. Жол бойында қазылған жерлер, құрылыс техникалары мен қоршаулар әлі тұр.

Фото: Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Фото: Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Фото: Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

"Қалқаман" бекеті қашан ашылады?

Құрылыс аумағынан Tengrinews.kz нысанның төлқұжатын байқады. Онда метроның "Бауыржан Момышұлы" бекетінен "Қалқаман" бекетіне дейінгі учаскесінің құрылысы 2023 жылғы 14 сәуірде басталғаны, 2026 жылғы 1 желтоқсанда аяқтау жоспарланғаны көрсетілген.

Анықтама. Тапсырыс беруші ретінде "Метрополитен" КМК, бас мердігер ретінде Bazis Construction ЖШС филиалы – Bazis Metro, ал бас жобалаушы ретінде "Метропроект" ЖШС көрсетілген.

Фото Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Бұл ретте Алматы әкімдігі бекет нақты қай күні ашылатынын айтпады.

"Бәрі жоспар бойынша – желтоқсанда. Нақты күні әзірге белгісіз. Іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады әкімдік.

Осылайша, егер мерзім тағы өзгермесе, жаңа метро бекеті шамамен бір жарым айдан кейін ашылады.

"Қалқаман" ашылғаннан кейін "Бауыржан Момышұлы" соңғы бекет болмайды, ал қаланың батыс бөлігіндегі тұрғындар метроға жаңа бекеттен міне алады. Алайда, бұл кептелістің азаюына әсер ете ме – бұл бөлек мәселе.

"Қалқаман" метро жүктемесін азайтпай ма? Урбанист пікірі

Урбанист Әділ Нұрмақовтың пікірінше, жаңа бекет метроның толып кету мәселесін шешпейді. Керісінше, ол ашылғаннан кейін желідегі жолаушылар саны арта түседі.

Оның айтуынша, қарбалас уақытта пойыздардың қозғалыс жиілігін арттыру және жүрдек қоғамдық көліктің балама түрлері ғана айтарлықтай нәтиже беруі мүмкін.

"Жаңа бекет жолаушылар ағынын қалай азайтады? Керісінше, ағын артады, адам көбейеді. Жүктемені азайтуға қарбалас уақытта пойыздардың қозғалыс жиілігін арттыру және жүрдек көліктің балама түрлері, мысалы, Абай даңғылы бойындағы автобус желілерінің үздіксіздігін қамтамасыз ету ықпал ете алады", – дейді урбанист.

Нұрмақов LRT, BRT және SkyTrain жобалары жолаушылар ағынының бір бөлігін өзіне алып, метроға түсетін жүктемені азайтуы тиіс екенін айтты.

Алматыдағы жаңа метро желілері

Алматының бұған дейін жарияланған 2040 жылға дейінгі Бас жоспар жобасына сәйкес, қала метросын айтарлықтай кеңейту жоспарланған. Билік мегаполистің әртүрлі бөлігн байланыстыратын үш желіден тұратын толыққанды жүйе құруды көздеп отыр.

Бірінші желі (қызыл): вокзалдан базарға дейін

Метроның қазіргі бірінші желісі "Бауыржан Момышұлынан" "Райымбек батырға" дейінгі жалпы ұзындығы 14,3 шақырым болатын 11 бекеттен тұрады.

Болашақта ол екі бағытта ұзартылады:

Батысқа қарай: салынып жатқан "Қалқаман" бекетінен (ол 2026 жылдың аяғына дейін іске қосылмақ) "Барлық" базарына дейін тағы 3 бекет (5,3 шақырым) салынады. Онда ауысып міну торабын салу жоспарланған. Қазір жұмыс құжаттамасы әзірленіп жатыр және дайындық жұмыстары басталып кетті. Учаскені іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Солтүстікке қарай: Желі "Райымбек батыр" бекетінен бастап Алматы-1 вокзалына дейін тартылады. Бұл тағы бес бекетті (7,7 шақырым) қосады.

Нәтижесінде бірінші желідегі бекеттер саны 20-ға дейін артып, оның ұзындығы 29,2 шақырымға жуықтайды деп жоспарланған.

Алматы метросы болашақ желілерінің схемасы / Фото: қаланың Бас жоспары таныстырылымында түсірілген / Желтоқсан, 2025 жыл

Екінші желі (көк): қала арқылы өтетін айналым және әуежайға баратын жол

Екінші желі Алматы метро жүйесіндегі ең ауқымдысы болуы мүмкін. Жоба бойынша оның ұзындығы шамамен 76,6 шақырым болып, бекетлар саны 42-ге жетеді. Бас жоспар жобасына сәйкес, желі айналым болады және қаланың негізгі бірқатар ауданын қамтиды.

Бағыт: желі мегаполистің батыс және шығыс аудандарын қоспақ: желі "Барлық" базарынан бастап ірі магистральдар бойымен өтіп, кейін солтүстікке қарай Алматы-1 вокзалына, одан әрі Алматы халықаралық әуежайына қарай бағытталады. Айналымның оңтүстік бөлігі әл-Фараби даңғылы мен Тимирязев көшес бойындағы аудандарды қамтиды. Бірінші кезең: қолданыстағы "Жібек жолы" бекетінен әуежайға дейін. Ұзындығы шамамен 14 шақырым болатын бұл бөлігінде 8 бекет орналастыру жоспарланған. Құрылыс 2027 жылы басталып, желі 2032 жылы іске қосылмақ.

Алматы метросы болашақ желілерінің схемасы / Фото: қаланың Бас жоспары таныстырылымында түсірілген / Желтоқсан, 2025 жыл

Үшінші желі (жасыл): Алатау қаласына дейін

Үшінші желі Алатау қаласы мен оның Gate City ауданын бірінші желідегі "Сайран" бекетімен байланыстыруы тиіс.

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының соңғы мәліметтері бойынша, желінің ұзындығы 22 шақырым болады, онда 14 бекет салу жоспарланған.

Қазір жоба техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу және мемлекеттік сараптамаға дайындық сатысында. Құрылыстың басталу және іске қосу мерзімдері әзірге белгісіз.

Анықтама. Айта кетейік, жоба параметрлері өзгерді. Бұған дейін Бас жоспар таныстырылымында ұзындығы 28 шақырым, 17 бекеті бар желі туралы айтылған болатын.

Алматы метросы қанша жолаушы тасымалдады?

Алматы метрополитені – Қазақстандағы алғашқы және әзірге жалғыз метрополитен. Ол 2011 жылы 1 желтоқсанда ашылған.

Бас жоспар құжаттарына сәйкес, метро іске қосылған сәттен бастап 83 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған. Ұсынылған мәліметтер бойынша, оның үлесіне қоғамдық көлік тасымалының 8,2 пайызы тиесілі, ал жолаушылар ағыны жыл сайын шамамен 10 пайызға артып келеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью