Жаңа Парламентте заң жобасы жылдам әрі сапалы қабылданады Нұртай Сабильянов

04.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Жалпы Конституциялық өзгерістерде бір палаталы Парламент құру қарастырылған. Мұның басты мақсаты — сапалы заңдарды шығару және оларды уақыт талабына сай, жылдам қабылдау.

— Қазір Парламент Мәжілісі заңды екі оқылымда қабылдап, Сенатқа жібереді. Өз кезегінде Сенат та екі оқылымда қабылдап, өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, кері қайтаруы мүмкін, яғни оған кем дегенде екі ай уақыт кетеді. Мәжіліс қайтарылған заң жобасындағы өзгерістермен келіспесе, палаталар келісім комиссиясын құрады. Келісім комиссиясы түскен ұсыныстарды қарап, екі палатаның отырыстарына шығарады. Бұл көп уақытты алады. Мәселен, біз маусым айында заң жобасын мақұлдап жіберетін болсақ, Сенаттан заңымыз қазан айында бір-ақ қайтып келуі мүмкін. Сондықтан қазіргі ақпараттық технология заманында жылдамдық басты талапқа айналды, яғни біз халықтың мәселесін, өңірлердің мәселесін уақытында шешуіміз керек, — деді Н. Сабильянов.

Спикер бұл жаңашылдықтар арқылы депутаттардың жауапкершілігі артатынын, Үкімет пен басқа мемлекеттік органдардың екі палатаға да көзқарасы бірдей болатынын айтуда.

Фото: Видеодан скрин

— Бір палаталы Құрылтай жасақталса, онда заң үш оқылымда қабылданады. Бірінші оқылымда оның тұжырымдамасы қаралады. Екінші оқылымда — жан-жақты талқыланып, үшінші оқылымда — Конституцияға, ұлттық заңнамаға сәйкестігі қаралады. Халыққа да бір палатадан бақылау оңай болады, — деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Сонымен бірге, Н. Сабильянов конституциялық реформалар халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтінін атап өтті.

— Жаңа жобада мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары қарастырылған. Ол егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін жүргізу және халықтың әл-ауқатын арттыру деп анық жазылған. Оған қоса, Конституция жобасында адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту — мемлекеттік қызметтің басты стратегиясы деп көрсетілген, яғни осы салаларға басты назар аударылады. Ғылым мен білімді қаржыландыру көбейтіледі. Жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылады, — деді Нұртай Сабильянов.

Айта кетейік, бүгін Мемлекеттік басқару академиясында Жаңа Конституцияның жобасы талқыланды.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью