Жаңа пойыз вагондары қолданысқа беріледі

28.01.2026

24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Тозығы жеткен вагондармен жүріп, шойын жолдан шаршаған жолаушылар үшін жағымды жаңалық бар. Биыл елде пойыз құрастырумен айналысатын швейцариялық кәсіпорынның вагондары қолданысқа беріледі. Жарамдылық мерзімі 40 жылға жететін вагондардың тағы қандай артықшылығы бар?

Жылыту жүйесі мен желдеткішті жолаушылардың өзі басқарады. Бейнебақылау камералары орнатылып, өрт сөндіру қондырғысымен жабдықталған. Әр купеде қуат көзі мен USB ұяшықтары бар. Купе мен плацкарттан бөлек ерекше жандарға арналған арнайы вагондары бар пойыз биыл ел игілігіне беріледі. Заманауи үлгіде жасақталған жолаушы вагондарының 2030 жылға дейін 577 данасы шығарылады. 

Владимир Русак, кәсіпорынның бас директоры
- Бүгінде біз Қазақстанда вагон жасау жұмыстарының барлығын меңгердік. Тек алюминий дәнекерлеу ісі қалып тұр. Бұл жұмысты да қолға алу үшін келесі жылы жаңа цех ашуды жоспарлап отырмыз. Ал вагондардың сапасына келсек арнайы Қазақстан үшін жасалғандықтан барлық ауа-райына төзімді. Алдағы уақытта Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия нарығына да шығуды көздеп отырмыз.

Швейцариялық кәсіпорын ұлттық тасымалдаушы вагон паркін толығымен жаңартуға мүмкіндік береді. Өндірісті локализациялауға қазақстандық кәсіпорындар тартылған. Вагондар Қазақстан үшін арнайы жасалғандықтан солтүстіктің суығы мен оңтүстіктің ыстығына бейімделген.

Азизхан Құдабеков, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарушы директоры:
- Біз инвесторларды қолдап, олардың қайта инвестиция жасауына барынша бағыт-бағдар береміз. Қазір өндірісті кеңейту жолдарын қарастырып жатырмыз. Жоспарымызда тек магистральдық жолаушылар вагондары емес, трамвай, LRT және метро вагондары шығару бар. Бұл тек импортты алмастырумен шектелмей, өнімді әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.

Қазір вагон құрастыру жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Ал қолданысқа нақты қай айда беріліп, пойыздар қандай бағытта жүретіні қосымша хабарланады. 

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Өрден Жақсылық

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью