Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Астанада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтті. Жиынға еліміздің барлық өңірінен мыңға жуық делегат пен партия жақтастары жиналды. Құрылтай барысында жаңа саяси бірлестікті құру, оның ресми атауын бекіту, жарғысы мен бағдарламасын қабылдау, сондай-ақ басшылық және бақылау органдарын сайлау мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңа партия құру туралы шешім қабылданды
Съез барысында делегаттар «Әділет» партиясын құру туралы шешімді қолдады. Тиісті шешімге съезге қатысқан 931 делегат дауыс берді. Сонымен қатар партияның қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ресми атауы бекітілді. Барлық рәсімдер «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңы талаптарына сәйкес өтті.
Құрылтайда партияның негізгі құжаттары – Жарғысы мен бағдарламасы қабылданды. Жиынның ресми бөлігі басталмас бұрын қонақтарға арнап шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, кейін делегаттар жаңа саяси ұйымның алдағы бағыттарын талқылады.
Партия басшысы болып Айбек Дәдебай сайланды
Съез делегаттарының шешімімен партия төрағасы қызметіне Дәдебай Айбек Арқабайұлы сайланды. Бұған дейін құрылтай барысында жаңа саяси бірлестіктің саяси кеңесінің құрамы таныстырылған болатын. Тізімге 30 адам енді.
Съез барысында қатысушылар Айбек Дәдебайды партия төрағалығына ұсыну туралы ұсынысты қолдады. Өз кезегінде Дәдебай делегаттарға сенім білдіргені үшін алғыс айтып, бұл шешімді үлкен жауапкершілік деп қабылдайтынын жеткізді.
«Біздің ниеттестеріміз – дәл осындай азаматтар. Олар – белсенді, жауапкершілігі жоғары, ел дамуына үлес қосатын жандар. Біз бірге еңбек етеміз, жұмысты ашық, адал әрі қоғам алдында есеп бере отырып жүргіземіз. Жүйелі, жауапты және дәйекті жұмыс жүргізуге уәде береміз», деп атап өтті Айбек Дәдебай.
Жарғы – партияның жұмыс тәртібін айқындайтын негізгі құжат
Құрылтайда партия жарғысының негізгі қағидаттары да таныстырылды. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің айтуынша, бұл құжат жай ғана ішкі ереже емес, партияның болашақтағы жұмыс бағытын айқындайтын маңызды негіз.
«Бұл – үлкен жауапкершілік сәті. Біздің партияның ертең қандай болатыны дәл осы кезеңге байланысты. Ұсынылған құжат – ауқымды, терең әрі мұқият жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасына толық сәйкес келеді. Бірақ оның маңызы бұдан да кең. Бұл – партияның саяси жүйенің толыққанды қатысушысына айналуына, азаматтардың мүддесін қорғауына және мемлекеттік саясаттың қалыптасуына ықпал етуіне мүмкіндік беретін жұмыс құралы», деді ол.
Оның сөзінше, жарғының негізінде ашықтық, жауапкершілік және азаматтардың қатысуы қағидаттары жатыр. Партия съезі ұйымның ең жоғары органы ретінде белгіленіп, саяси кеңес пен бюро үздіксіз жұмысты қамтамасыз ететін құрылымдар ретінде қарастырылды.
Адами капитал мен әділет қағидаты: Бағдарламада не айтылды?
Құрылтай съезінде «Әділет» партиясының ресми бағдарламасы да бекітілді. Құжатта адами капиталды дамыту, заң үстемдігін күшейту, өңірлердің теңгерімді дамуы және әділетті қоғам құру мәселелері негізгі басымдық ретінде айқындалған.
Партия ұстанымында әділдік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық пен даму басты құндылық ретінде көрсетілген. Бағдарламада денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет және креативті индустрияларды дамыту арқылы қоғам сапасын арттыруға ерекше мән берілген.
Саясаттанушы Марат Шибұтов құрылтай барысында партияның бағдарламалық ұстанымдарына тоқталып, ұйым өз жұмысын әділдік, жауапкершілік, нақты әрекет пен институционалдық қағидаттарға негіздейтінін айтты. Оның сөзінше, «Әділет» партиясы әділдік идеологиясына және жаңа Конституция құндылықтарына сүйенеді.
«Ең алдымен, бағдарламамыздың ерекшелігіне тоқталған жөн. «Әділет» партиясы өзінің әділдік идеологиясына және жаңа Конституция құндылықтарына сүйенетінін айрықша атап өтеді. Осы арқылы нақты міндеттемелерді өз мойнына алады. Бұл дегеніміз – бағдарлама болашақтың негізіне айналуы тиіс қағидаттарға құрылып отыр деген сөз. Партияның негізгі тіректері ретінде әділдік, отаншылдық, еңбекқорлық, жауапкершілік пен прогресс айқындалған», деп атап өтті саясаттанушы.
Партияның саяси бағыты
Партия төрағасы Айбек Дәдебай съезде мәлімдеме жасап, жаңа саяси бірлестіктің идеологиялық негіздері мен басты бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, партия қызметі заңдылық, тәртіп және қоғамдық жауапкершілік қағидаттарына сүйенеді.
«Біздің партиямыздың негізі заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарына құрылады. Халықтың заң үстемдігіне деген сенімі – мемлекеттің басты ресурсы әрі тірегі. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – әділдікті жариялау ғана емес, оны ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне әрі күнделікті өміріміздің шартына айналдыру. Басқаша айтқанда, Әділдік ұлттық сана мен болмыстың айрықша сипатына айналуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз назарын үнемі дәл осы бағытқа аударып келеді», деді Айбек Дәдебай.
Ол партияның негізгі міндеттерінің бірі мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайту, диалог пен жауапкершілікке негізделген саяси мәдениет қалыптастыру екенін атап өтті.
«Әділет» Президенттің реформаларын қолдайды
Жаңа саяси ұйым Мемлекет басшысының реформаларын қолдайтынын да жария етті. Партия өз жұмысын заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпке, тиімді мемлекеттік институттарды қалыптастыруға, өңірлердің әлеуетін күшейтуге және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға негіздемек.
Сонымен қатар ұйым әділетті әрі бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға, әлеуметтік ынтымақ пен нақты қолдауды күшейтуге, адами капиталды арттыруға, цифрлық мемлекетті жетілдіруге, «Таза Қазақстан» бастамасын қолдауға, жауапты орта держава қағидатын ұстануға және жаңа геосаяси этиканы қалыптастыруға басымдық береді.
Партия идеологиясының өзегінде Қазақстанның болашағы әр азаматтың бүгінгі әрекетіне байланысты деген ұстаным жатыр. Бұл – адал еңбек ету, заңды құрметтеу және қоғам өміріне бейжай қарамай, ел ісіне белсенді араласу дегенді білдіреді.
«Қарсыластық емес, өз құндылықтарымыз маңызды»
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы, партияның жетекші тобының мүшесі Ренат Бектұров жаңа саяси ұйымның құндылықтары мен жұмыс тәсілдеріне тоқталды. Оның айтуынша, «Әділет» партиясы өзін саяси текетірестің құралы ретінде қарастырмайды және басты назарды өз бағдарламалық мақсаттары мен идеологиясына аудармақ.
Оның сөзінше, партияның ерекшелігі оның бастамашылары мен қолдаушыларының буынымен де байланысты. Бектұров партия мүшелерінің көпшілігінің дүниетанымы Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде қалыптасқанын атап өтті.
Рауан Кенжеханұлы: «Партия қоғамдағы өзгеріске деген сұранысқа жауап береді»
Құрылтай съезінде сөз сөйлеген «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті, бастамашыл топтың мүшесі Рауан Кенжеханұлы «Әділет» партиясы әділет қағидатын басты құндылық ретінде ұстанатынын айтты. Оның сөзінше, партия қоғамдағы өзгеріске деген сұранысқа жауап беріп, әр азамат өз өмірінде әділеттілікті сезінетін орта қалыптастыруды мақсат етеді.
Ол партия өз қызметін өзге саяси күштермен қарсыластыққа құрмайтынын айтып, басты назар қоғамдық диалог пен мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді күшейтуге аударылатынын жеткізді.
«Әділеттің» негізгі тірегі жастар болмақ
Партия бастамашыларының бірі Талант Омарбеков «Әділет» партиясын құруға 700 адам бастамашы болғанын айтты. Оның сөзінше, ұйым құрылғаннан кейін партияның бағдарламасы мен жарғысы әзірленіп, мүшелікке онлайн тіркелуге мүмкіндік беретін арнайы цифрлық платформа іске қосылған.
Сондай-ақ қысқа уақыт ішінде партияға 9 мыңнан астам адамның тіркелгені айтылды. Бастамашыл топ өкілінің пікірінше, партияға қызығушылық танытып отырғандардың басым бөлігі – жастар.
«Жастарға әлеуметтік лифт пен жаңа өзгерістер қажет. Қазір саясатқа араласатын уақыт келгенін жастардың өзі де түсініп отыр», деді ол.
Соңғы жаңалықтар
Димаштың жанкүйерлері шала туған сәбилерге көмек көрсетті
Оқиға • Бүгін, 15:50
Өшпес даңқ • Бүгін, 15:30
Unitree роботы мен әскери шоу: Астанадағы мереке ерекше форматта өтті
Мереке • Бүгін, 15:05
5 миллион теңге: Қазақстан ардагерлерді қолдау бойынша көш бастады
Қазақстан • Бүгін, 14:44
7 мамырдағы валюта бағамы белгілі болды
Теңге • Бүгін, 14:36
Жаңа Конституциядағы зайырлылық қағидаты
Ата заң • Бүгін, 14:25
Өшпес даңқ • Бүгін, 14:15
Кең көлемді амнистия: ІІМ кімдерге жеңілдік болатынын түсіндірді
Қоғам • Бүгін, 13:45
Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының төрағасы болып сайланды
Тағайындау • Бүгін, 13:19
«Sarbaz+»: Әскердің цифрлық бел-белесі
Айбын • Бүгін, 13:00
«Әділет» партиясы құрылтай съезі мүшелері ұйымның жарғысын бекітті
Партия • Бүгін, 12:49
«Әділет» партиясы Мемлекет басшысының реформаларын қолдайтынын мәлімдеді
Партия • Бүгін, 12:29
Дәурен Қосанов, Қорғаныс министрі: Отандық зымыран өндірісі қолға алынады
Сұхбат • Бүгін, 12:15
Пікір • Бүгін, 12:00
Руханият • Бүгін, 11:50