Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Күні кеше Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата заң жобасын жариялады. Бұл құжат – елдің құқықтық, саяси және құндылықтық дамуын қайта пайымдауға негізделген кешенді конституциялық трансформацияның нәтижесі. Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Жанар Аманжанқызы өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, жаңа жоба азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды ұзақ әрі ашық талқылау арқылы қалыптасты. Екі мыңнан астам ұсыныс қаралып, жүйеленді. Осы үдерістің өзі Конституцияның тек мемлекеттік институттардың емес, бүкіл қоғамның ортақ келісімі екендігін айқын көрсетеді.
«Бұл реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасынан бастау алды. 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Президент саяси жүйені кешенді жаңғырту қажеттігін атап өтіп, бұл қадамды жасанды интеллект дәуіріндегі әлеуметтік-экономикалық серпінмен тікелей байланыстырды», деп еске салды профессор.
Бастапқыда Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу жоспарланғанымен, талқылау барысында өзгерістердің ауқымы әлдеқайда кең екені анықталды. Нәтижесінде Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтитын, 77 бапқа қатысты түзетулер ұсынылып, іс жүзінде жаңа Конституция жобасын әзірлеу қажеттілігі туындады.
«Жаңа Конституция жобасының ең маңызды мағыналық өзегі – адамға бағдарланған мемлекет тұжырымдамасы. Адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет Конституцияның Преамбуласында мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланып отыр. Бұл декларативті формула емес, бүкіл Конституцияның мазмұнын айқындайтын құндылықтық бағдар. Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттіліктің іргетасы ретінде бекітіледі. Егемендік, тәуелсіздік, унитарлық сипат пен аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылған», деп жазды ол.
Жоба мәтінінде Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау сияқты қағидаттардың Конституция деңгейінде бекітілуі ерекше мәнге ие. Бұл нормалар құқықтық мемлекет ұғымын тек институционалдық құрылым ретінде емес, қоғамның күнделікті өмірін реттейтін құндылықтар жүйесі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
«Конституцияның жаңа мәтінінде білім, ғылым, мәдениет пен инновация мемлекеттің басты даму бағыты ретінде айқындалған. Бұл – Қазақстанның болашағы адами капиталмен айқындалатынын құқықтық деңгейде мойындау. Сонымен қатар, цифрландыруға байланысты азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау жөніндегі норманың енгізілуі – заманауи құқықтық ойлаудың айқын көрінісі. Жеке өмірге қол сұқпаушылық, дербес деректерді қорғау мәселелері енді тек салалық заңдармен емес, тікелей Конституциямен кепілденеді», дейді ол.
Жаңа Конституцияның жобасы: Адами капитал мен адам құқықтарына басымдық
Оның айтуынша, институционалдық тұрғыдан алғанда, ең ірі жаңалық – 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы. Ол пропорционалды сайлау жүйесі арқылы жасақталып, депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жыл болып белгіленеді. Бұл модель саяси партиялардың институционалдық жауапкершілігін арттыруға, кадрлық саясатты жетілдіруге және өкілді биліктің сапасын көтеруге бағытталған.
Сонымен қатар, Қазақстан Халық Кеңесі атты жаңа жалпыұлттық диалог алаңы енгізіледі. Ол заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік орган ретінде қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға қызмет етеді. Бұл орган Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын логикалық түрде жалғастырады.
Жобада Вице-президент институтының енгізілуі де ерекше назар аудартады. Бұл лауазым мемлекеттің ішкі және сыртқы қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени байланыстарын дамытуда Президенттің атынан өкілдік ететін маңызды буынға айналады.
Мыңжылдық тарихтың сабақтастығы – жаңа Конституция жобасы айқындап берген бағдар
Құқықтық кепілдіктерді күшейту тұрғысынан алғанда, адвокатура туралы арнайы баптың Конституцияда алғаш рет бекітілуі, зияткерлік меншік құқығын қорғау, кінәсіздік презумпциясын нақтылау, «Миранда ережесінің» енгізілуі – азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін сапалы түрде арттырады. Сонымен қатар, азаматтардың жағдайын нашарлататын заңдарға кері күш беруге тыйым салу қағидаты нақты әрі жүйелі түрде бекітілген.
«Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның тарихи дамуына, қазіргі мемлекеттік құрылымына және халықаралық беделіне құрметпен қарай отырып, болашаққа бағытталған құқықтық модель ұсынады. Бұл құжатта мемлекеттің стратегиялық мақсаты, азаматтың қадір-қасиеті және қоғамның ұзақ мерзімді мүдделері өзара үйлесім тапқан», деді Жанар Аманжанқызы.
Соңғы жаңалықтар
Жанар Аманжанқызы: Жаңа Конституция – Қазақстанның құқықтық дамуындағы жаңа парадигма
Ата заң • Бүгін, 11:38
Шорт-тректен әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы қола медаль еншіледі
Спорт • Бүгін, 11:27
Назгүл Баймұхамедқызы: Конституция жобасы әділетті қоғам қалыптастыруға арналған маңызды құжат
Ата заң • Бүгін, 10:58
Синоптиктер ескерту жариялады: Еліміздің 12 қаласында ауа сапасы нашарлайды
Ауа райы • Бүгін, 10:32
Павлодарда салынып жатқан көпір өртенді
Оқиға • Бүгін, 10:18
1 ақпандағы валюта бағамы қандай?
Қаржы • Бүгін, 09:49
Қазақстанда қай жолдар жабық тұр?
Аймақтар • Бүгін, 09:27
Оқиға • Бүгін, 09:11
Конституциялық реформа аясындағы перспективалар
Қоғам • Кеше
«Figure AI» бүкіл денені басқаратын робот миын таныстырды
Ғылым • Кеше
Шалғайдағы 504 ауыл интернетке қосылды
Аймақтар • Кеше
Адами капитал – мемлекеттің басты байлығы: AMANAT фракциясы Жаңа Конституция жобасын талқылады
Ата заң • Кеше
Бірқатар тауар кедендік баж салығынан уақытша босатылды
Экономика • Кеше
Ақпанның алғашқы күні ауа райы қандай болады?
Ауа райы • Кеше
Қазақстан жерін шетелдіктерге сату туралы ақпарат шындыққа жанаспайды
Оқиға • Кеше