Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
АЛМАТЫ, 30 маусым – Sputnik. Қазақстанда жанар-жағар май қоры жеткілікті, алаңдауға негіз жоқ. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов айтты.
Асхат Хасеновтың айтуынша, мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілетіндіктен жанар май қоры алдын ала жиналады.
"Бүгінгі таңда қор жеткілікті. Ол 30 күннен артық уақытқа жетеді, бұл дизель отынына да қатысты. Сәйкесінше барлық жанар-жағармай қоры жеткілікті", - деді ол.
Компания басшысы жөндеу жұмыстары ең алдымен өндірістік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетінін атап өтті.
Сондай-ақ ол Қарашығанақтағы газ өндірісіне қатысты шектеу жоқ екенін айтты.
"Бұған дейін 31 мың тонна өндірілсе, қазір 28 мың тонна газ өндіріліп жатыр", – деді ол.
Мұнай өңдеу көлемін арттыру жоспары туралы сұраққа Асхат Хасенов жыл сайын өндіріс көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізілетінін айтты.
"Біз жыл сайын қайта өңдеу көлемін арттырумен айналысамыз. 2024-2025 жылдары мұнай өнімдері 1 миллион 300 мың тоннаға артық өндірілді. Бұл жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Зауыттардағы шағын өндірістік шектеулер қысқартылып, кәсіпорындар технологиялық режимге сәйкес жұмыс істеп жатыр", – деді "ҚазМұнайГаз" басшысы.
Көрші елдердегі жанар-жағармай тапшылығына байланысты Қазақстанның мұнай өңдеу саласында қандай өзгерістер болуы мүмкін деген сұраққа Асхат Хасенов зауыттардың жобалық қуатқа сай жұмыс істеп жатқанын айтты.
"Зауыттардың жобалық қуаты бар, біздің міндетіміз – өндірісті қамтамасыз ету. Қазір біз жобалық қуат деңгейінде жұмыс істеп жатырмыз. Ал тыйымдарға қатысты сұрақтарға мен жауап бере алмаймын, мен тек өндіріс бағытына жауап беремін", – деді ол.