Жанарбек Әшімжан: Бірлік пен тәртіп жоқ жерде тұрақты даму да болмайды

28.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан Президент Жолдауына қатысты пікір білдіріп, онда көтерілген бастамалардың тарихи маңызына тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Депутаттың айтуынша, бұл Жолдаудың Конституциялық реформалар мен саяси жаңғырулардан кейін жариялануы оның мәнін арттыра түседі. Әсіресе, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында елдің алдағы даму бағдарын айқындау маңызды.

«Бұл Жолдау Қазақ Елінің алдағы даму бағдарын айқындап, тарихи жауапкершілігімізді терең сезінуге үндейді. Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы қарсаңында жарияланған бұл Жолдаудың мәні ерекше. Себебі бүгінгі міндет – қол жеткізген жетістіктерді еселеу ғана емес, келер ұрпаққа технологиялық тұрғыдан дамыған, экономикасы қуатты, әлеуметтік мүмкіндіктері тең әрі заң үстемдігі орныққан мемлекетті аманаттау», – деді Жанарбек Әшімжан.

Ол Президент көтерген «Халықтық құрылыс» жобасына ерекше назар аударды. Депутаттың пікірінше, инфрақұрылымды жаңғырту, шалғай елді мекендерде әлеуметтік нысандар салу, жолдарды жөндеу, халықты ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар болмақ.

«Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» жобасының маңызы зор. Инфрақұрылымды жаңғырту, шалғай елді мекендерде мектептер, медициналық, мәдениет және спорт нысандарын салу, жолдарды жөндеу, ауыз су мен газ жеткізу – халықтың тұрмыс сапасын арттыратын нақты қадамдар. Сонымен бірге бұл бастама жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына серпін беруге тиіс. Мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы, жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы – басты талап», – деп атап өтті депутат.

Жанарбек Әшімжан Жолдауда айтылған экономикалық дербестік, өңдеу өнеркәсібін дамыту және ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу мәселелерін де маңызды деп бағалады. Оның сөзінше, шикізатқа тәуелділікті азайту, қосылған құны жоғары өнім өндіру және әділ бәсекені қалыптастыру ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.

«Жасанды интеллект пен цифрландыру – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі құралдардың бірі. Озық технологияларды өндіріс пен мемлекеттік басқаруға енгізу еңбек өнімділігін арттырып, шешім қабылдау сапасын жақсартады. Дегенмен технологиялық жаңғыру білім мен ғылымды дамытумен қатар жүруге тиіс. Білікті маман даярлау, адами капиталға инвестиция салу – болашақ табыстың берік негізі», – деді ол.

Депутат әлеуметтік әділеттілік мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, халықтың нақты табысын арттыру, инфляцияны тежеу, медициналық қызмет сапасын жақсарту, мұғалім мәртебесін қорғау және мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету реформалардың нақты нәтижесіне айналуы қажет. Сонымен қатар Жолдаудағы «Адал азамат» қағидаты қоғамның жаңғыруында ерекше орын алатынын айтты.

«Отаншылдық – елді сүюмен ғана шектелмейді. Ол – заңды құрметтеу, адал еңбек ету, тәртіп сақтау және қоғам игілігіне үлес қосу. Осы құндылықтар орныққанда ғана Әділетті Қазақстан құру мақсаты нақты нәтижеге айналады», – деп атап өтті Жанарбек Әшімжан.

Құрылтай депутаты Жолдауда белгіленген міндеттердің заңнамалық тұрғыдан сапалы орындалуы мен өңірлердің қажеттіліктерін ескеру маңызды екенін жеткізді. Ол ел дамуының басты тірегі бірлік, жауапкершілік және адал еңбек екенін атап өтті.

«Елдің қуаты – экономикасында, болашағы – білімді ұрпағында, ал табысының негізі – адал еңбекте. Мемлекет, қоғам және бизнес бір мақсатқа жұмылып, бірлік пен жауапкершілікті ту еткенде ғана Қазақстанның тұрақты дамуына және жарқын болашағына берік негіз қаланады», – деп түйіндеді депутат.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью