Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Ресейде жанармай нарығындағы күрделі жағдай сақталып отыр - бензин тапшылығы, бөлшек сауда бағасының өсуі және ел өңірлерінің жартысынан астамында жанармай құю бекеттерінде (ЖҚБ) отын сатуға шектеу енгізілген, деп хабарлайды Tengrinews.kz ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Ресейде жанармай нарығындағы күрделі жағдай сақталып отыр - бензин тапшылығы, бөлшек сауда бағасының өсуі және ел өңірлерінің жартысынан астамында жанармай құю бекеттерінде (ЖҚБ) отын сатуға шектеу енгізілген, деп хабарлайды Tengrinews.kz ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.
Жанармай лимитіЖанармай сатып алудағы қиындықтар туралы алғашқы мәліметтер бірнеше күн бұрын пайда болды. Мәселе туралы автокөлік жүргізушілері хабарлай бастады. Forbes мәліметінше, 23 маусымда Ресейдің 89 өңірінің 61-інде ЖҚБ-да бензин мен дизель сатуға түрлі шектеу енгізілген.
Шаралар өңірге және ЖҚБ желісіне байланысты ерекшеленеді: кей жерлерде бір адамға 20 литрден артық бензин берілмесе, басқаларында лимит 40 литрді құрайды. Осындай жағдай дизель отынына қатысты да байқалады: жекелеген өңірлерде бір автокөлікке 80 литрге дейін, басқаларында 200 литрге дейін шектеу қойылған, бұл ретте канистрге құюға тыйым салынған. Кейбір ЖҚБ желілерінде кезек пен талон жүйесі байқалады.
Облыстық билік мәліметінше, қабылданған барлық шаралар жанармай нарығындағы негізсіз дүрбелең мен ықтимал алыпсатарлықты азайтуға бағытталған.
Бензин бағасы өстіБірқатар ресейлік БАҚ жанармай бағасы өскенін хабарлады. Нарықтағы шиеленісті жағдайдың жанама дәлелі ретінде көтерме баға бөлшек сауда бағасына қарағанда жедел өскені аталады: егер ЖҚБ-лардағы жанармай құны монополияға қарсы органдардың жіті бақылауында болса, биржада бензин мен дизель айтарлықтай жылдам қымбаттап жатыр.
Росстаттың соңғы мәліметтеріне сәйкес, 1-15 маусым аралығында АИ-92 маркалы бензин 2 пайыз - литріне 65,41 рубльге (340 теңге), АИ-95 - 71,11 рубльге (379 теңге) дейін қымбаттаған. Дизель отыны маусымның алғашқы екі аптасында 1,8 пайыз қымбаттап, литріне 80,78 рубльге (420 теңге) жетті.
Бұл ретте, кейбір БАҚ мәліметінше, жекелеген ЖҚБ-ларда жанармай құны Ресей бойынша орташа көрсеткіштерден асып кеткен. Сонымен, 23 маусымдағы мәлімет бойынша, Мәскеудегі "Лукойл" жанармай бекеттерінде АИ-95 литрі 72,39-дан 73,87 рубльге дейін, АИ-92 - 65 рубльден бастап, дизель отыны - литріне 78,88 рубль болды.
Билік реакциясыФедералдық деңгейде жанармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін РФ вице-премьері Александр Новак ұсынған шаралар кешені жарияланды. Олардың қатарында бензин мен авиациялық керосин экспортына тыйым салу, сондай-ақ дизель отынын шетелге шығаруға толық шектеу қою мәселесін қарастыру бар.
Ал федералдық монополияға қарсы қызмет биржадағы мәмілелерді үйлестірді деген күдікпен үш ірі трейдерге қатысты ықтимал картельдік сөз байласу туралы іс қозғалғанын хабарлады. Сондай-ақ ФМҚҚ ЖҚБ-лардағы бағалардың негізділігін тексеріп, маркетплейстер арқылы жанармайды қайта сатуды бақылауды күшейтіп жатыр.
Жағдайды тұрақтандыру үшін жанармай импортталмақСондай-ақ Ресей билігі ішкі жанармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Үндістаннан бензинді ірі көлемде импорттау мүмкіндігін қарастырып жатыр. РБК мәліметінше, Мемлекеттік думаның бюджет және салық комитеті Салық кодексіне шетелден бензин сатып алатын мұнай компанияларына бюджеттік субсидиялар беруді көздейтін түзетулерді қолдады.
Еуразиялық экономикалық одақтан тыс жерлерде өндірілген импорттық бензинге субсидиялар көлемі Үндістан нарығындағы отынның индикативті бағасы мен оны жеткізу шығындарын ескере отырып есептеледі деп болжанып отыр. Бұл шара ел ішіндегі отын бағасының өсуін тежеу үшін қолданылатын қолданыстағы демпферлік механизм арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Қазақстандағы жанармай жағдайы қандай?Бұған дейін Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов елде жанар-жағармай тапшылығы байқалмайтынын, мұнай өнімдері ішкі нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету стратегиялық маңызға ие екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, ішкі сұраныс штаттық режимде жұмыс істеп тұрған отандық мұнай өңдеу зауыттары есебінен толық өтеліп жатыр.
Отырыс барысында бензин, дизель және авиациялық отын қоры 1 миллион тоннадан асатыны да атап өтілді. Бірінші кезекте жанармаймен жанармай құю бекеттері, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және отандық әуе тасымалдаушылар қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ Үкімет басшысы мемлекеттік шекарадағы бақылауды күшейтуді және мұнай өнімдерін заңсыз шығаруға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ ЖЖМ өндірісі, қоры мен тұтыну теңгеріміне тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та Ресей мен Беларусьтен жеткізілімдер азаюына байланысты Қазақстанда авиакеросин тапшылығы болуы мүмкін деген ақпарат пайда болған еді. Энергетика министрлігі бұл қауіпті жоққа шығарып, отандық МӨЗ елдің авиаотынға деген ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отырғанын және тапшылық қаупі жоқтығын мәлімдеді.