Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
17 наурызда әлемнің ірі әуе компаниялары АҚШ, Израиль және Иран арасындағы әскери қақтығыс салдарынан авиаотын бағасының өсуіне байланысты шығындардың айтарлықтай артқанын мәлімдеді. Тасымалдаушылар тарифтерді көтеру және маршруттық желіні оңтайландыру қажеттігін ескертті.
Delta Air Lines бас директоры Эд Бастиан наурыз айының өзінде компанияның қосымша жанармай шығындары 400 млн долларға жетуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, сала өкілдері шығындардың бір бөлігін жолаушыларға билет бағасын көтеру арқылы жүктей бастаған.
Осындай үрдіс American Airlines компаниясында да байқалады. Онда бірінші тоқсанда шығындар шамамен 400 млн долларға артады деп болжанып отыр.
Еуропалық әуе тасымалдаушылары да жағдайға жедел әрекет ете бастады. Скандинавиялық SAS авиакомпаниясы отынның «күрт әрі күтпеген» қымбаттауына байланысты рейстердің бір бөлігін қысқартатынын жариялады. Компания Еуропаның бүкіл авиациялық жүйесі айтарлықтай қысымға ұшырап отырғанын атап өтті.
Әскери қақтығыс жаһандық авиация жұмысына елеулі әсер етті. Таяу Шығыста зымыран және дрон шабуылдары қаупіне байланысты әуе кеңістігінің едәуір бөлігі жабылып, жаппай рейстер тоқтатыоып, ұшақтар кешігіп, кейбір бағыттар өзгертілді.
Иранға жасалған соққылар басталғалы бері Еуропада авиаотын бағасы екі есеге, ал Азияда шамамен 80%-ға өскен. Авиаотын әуе компаниялары шығындарының ең ірі баптарының бірі болып қала береді және операциялық шығындардың төрттен біріне дейін жетеді.
Осы жағдай аясында бірқатар елдер әуе тасымалының қысқару қаупі туралы ескертіп отыр. Мәселен, Вьетнам билігі Қытай мен Таиланд тарапынан отын экспортының тоқтатылуына байланысты сәуір айынан бастап рейстер санының азаюы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал Біріккен Араб Әмірліктері аумағында қауіпке байланысты әуе кеңістігі уақытша жабылып, дрондарға қатысты оқиғалар Дубай әуежайы жұмысына әсер етті.
Еуропада да жанармай дағдарысының салдары сезілуде: Франкфурт әуежайында қақтығыстың алғашқы екі аптасында рейстердің тоқтатылуы шамамен 86 мың жолаушыға әсер еткен, ал хаб пен Таяу Шығыс арасындағы рейстер саны әдеттегі деңгейдің үштен біріне дейін қысқарған.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жағдай авиация саласы үшін COVID-19 пандемиясынан бергі ең ірі сын-қатерлердің біріне айналып отыр.
Бұған дейін Қазақстан Үкіметі авиаотын бағасын төмендету бойынша шаралар қабылдағаны хабарланған. Осыған байланысты қазақстандықтар үшін әуе билеттерінің арзандауы мүмкін бе деген сұраққа Көлік министрлігі жауап берген.
Сонымен қатар Наурыз мейрамы кезеңінде Қазақстанда қосымша әуе рейстерін іске қосу жоспарланып отыр.