Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Қаңтар айының басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау» туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім кейінгі жылдары елде қолға алынған технологиялық реформалардың жалғасы деуге болады. Өйткені өткен 2025 жыл Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған нақты институционалдық шешімдер қабылданған кезең болды.
Қазақстандықтардың неше пайызы ІТ технологияларды меңгерген?Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметіне қарағанда, елімізде 200 мыңнан астам адам IT саласында жұмыс істейді. Оның шамамен 20 мыңы – жасанды интеллект маманы. Алдағы бес жылда 1 миллион азаматқа заманауи цифрлық дағдыларды үйрету жоспарланып отыр.
Еліміз спутник арқылы таратылатын интернеттің игілігіне де иек артуға көшті. Осы мақсатпен Amazon Kuiper жобасы бойынша спутниктік интернет енгізу туралы келісім жасалды, Starlink пен OneWeb желілері Қазақстан нарығына кірді.
Ал Generation Nation бағдарламасы арқылы мектеп оқушылары мен студенттерді жасанды интеллект, робототехника және бағдарламалау салаларына баулу басталды.
Фото: Ағыбай Аяпберегнов / KazinformСоңғы жеті жылдың ішінде Astana Hub технопаркінің экожүйесіндегі резиденттер саны 1875-ке жетіп, жиынтық табысы 4,3 млрд доллардан асты. IT қызметтер экспорты биылдың өзінде 1,5 млрд доллардан асқан.
Суперкомпьютер – жаңарған инфрақұрылым2025 жылы Қазақстанда Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік кластері іске қосылды. Жоба Біріккен Араб Әмірліктеріндегі G42 тобына кіретін Presight компаниясымен бірлесіп әзірленді.
Суперкомпьютердің мүмкіндігі өте жоғары. Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, егер 8 млрд адам бір мезетте есеп жүргізсе, олардың нәтижесіне жету үшін төрт күн қажет болады. Ал бұл жүйе сол есепті бір секундта шығара алады.
Фото: Солтан Жексенбеков/ KazinformAlem.Cloud ресурстары университеттерге, ғылыми орталықтарға және жасанды интеллектімен жұмыс істейтін компанияларға қолжетімді.
2025 жылдың қарашасында жүйе әлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлер рейтингінде 86-орынға көтерілді.
Жасанды интеллект туралы заңСондай-ақ былтыр Президент «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды. Құжат цифрлық технологияларды қауіпсіз әрі жауапты дамытуға бағытталған. Заң адамның әлсіз тұстарын пайдаланатын, әлеуметтік рейтинг жүргізетін немесе азаматтардың келісімінсіз эмоцияларды анықтайтын жүйелерді қолдануға тыйым салады. Бұл шешім цифрлық технологияларға деген қоғамдық сенімді күшейтуге бағытталған.
Цифрлық кодекс9 қаңтарда Президент Цифрлық кодекске қол қойды. Бұл кодексте алғаш рет адамдардың цифрлық құқықтары заңнамалық тұрғыда бекітілді. Азаматтарға дербес деректерді жою, оларды өңдеуді шектеу, жасыру құқығы берілді. Биометриялық сәйкестендіруді қолдануға тек заңнамада көзделген жағдайларда ғана жол беріледі. Сондай-ақ алгоритмдік және автоматтандырылған жүйелердің көмегімен қабылданған шешімдерді уәкілетті мамандардың қатысуымен қайта қарау құқығы енгізілді.
Кодекс арқылы айналымға электрондық құжаттармен қатар цифрлық құжаттар, цифрлық мәліметтер және цифрлық растаулар ұғымдары (кодтар, бір реттік идентификатор, push-хабарлама және биометриялық әдістер) енгізілді. Сондай-ақ Ұлттық цифрлық нысандардың құқықтық мәртебесі айқындалды.
Цифрлық кодекс смарт-контрактілерді, таратылған жүйелерді және цифрлық кондоминиумды қоса алғанда, заманауи технологиялық шешімдерді қолданудың құқықтық шеңберін белгілейді. Бұл азаматтар мен бизнестің мобильділігін арттыруға жағдай жасайды. Елде алғаш рет Цифрлық деректер өнімдерінің алмасуы мен айналымы платформасы ұғымы енгізіледі. Ол цифрлық деректерге қол жеткізудің, оларды пайдаланудың ашық әрі айқын шарттарын қамтамасыз етеді.
Құжат жасанды интеллектіге негізделген шешімдердің үйлесімді енгізілуі мен дамуына да бағытталған.
Кодексте киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Кодекс қолданысқа енгеннен кейін цифрлық нысандарды, деректер мен инфрақұрылымды қорғаудың жаңа стандарттары белгіленеді. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдар мен халықтың мобильдігі төмен топтары үшін цифрлық технологиялар мен сервистер қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған ережелер ұсынылған.
Қарқынды дамитын AlatauАлматының іргесінде заманауи тұрпаттағы қала бой көтеретіні туралы көптен бері айтылып келді. Президент 2025 жылғы Жолдауында ол қалаға ерекше мәртебе беру туралы тапсырма да айтылған болатын. Сол ерекше мәртебе 15 наурызда қабылданған жаңа Конституция арқылы бекітілді. Осылайша Алатау қаласы қарқынды дамитын цифрлық аумақ болмақ.
Жобаның мақсаты – Smart City технологияларын қолданатын толық цифрланған қала қалыптастыру. Аумағы 98 мың гектардан асатын бұл қаланы жеке инвестициялар есебінен салу көзделген. Соның бастамасы ретінде биыл мұнда әуе такси жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Фото: Алатау қаласы әкімдігіАта заңның жаңа редакциясын жазуға атсалысқан депутат Магеррам Магеррамов «Қарқынды дамитын қаланың» мәртебесі елдің аумақтық тұтастығына қалай әсер ететінін айтқан болатын.
- Бұл - белгіленген аумақта экономиканы өсіруге арналған айрықша жағдайлар жасалады деген сөз. Ол аумақта инвестициялар, инфрақұрылым шоғырланады. Қарапайымдап айтсақ, инвесторлар мен жаңашыл бастамаларды тартатын алаң құрылады. Бұл - біздің «ноу-хау» емес. Әлемде мұндай аумақтар бұрыннан жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Қытайдағы балықшылар ауылы 10 миллионнан астам халқы бар ірі мегаполиске, технологиялық хабқа айналды. Айрықша құқықтық режим салық бойынша, жер қатынастары бойынша, тіркелу бойынша, инвестициялық қызмет бағыттарында жеңілдіктер береді.
Бірден айтқым келеді, бұл бүкіл елдегі билік жүйесінен ерекше болғанымен, оған балама ретінде қолданылмайды. Белгілі бір аумақта құқықтық вакуум пайда болады деп түсінбеу керек. Ол аумақта Конституцияның күші, сот бақылауы, прокурорлық қадағалау және экология стандарттары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалар жұмыс істейді, - деген комиссия мүшесі.
Оның пайымдауынша, айрықша құқықтық режим «қарқынды дамитын қалаға» инвестиция салған бизнестің шығынын азайтып, бюрократиялық кедергілерден арашалайды, салық жеңілдіктерін ұсынады.
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform- Тіпті салықтар мүлдем алынып тасталуы мүмкін. Осының арқасында өңірде кәсіпорындар, жұмыс орындары ашылып, қаржылық базасы нығаяды, - дейді Магеррам Магеррамов.
Ата заң демекші, биылғы Жаңару күнін жаңа Конституциямен қарсы алып отырмыз. Философия, саясаттану және дінтану институтының басшысы Айгүл Сәдуақасова бұл негізгі құжат цифрланған ортаның жастарына құқық кепілдігін беретінін айтады.
- Қазір Қазақстан демографиялық өрлеуді бастан кешіп жатыр. Азаматтардың 30 пайыздан астамын балалар мен жастар құрап отыр. Ал әлемде адами капиталдың сапасы экономиканың, әлеуметтік саланың және құндылықтар жүйесінің дамуын анықтайтын факторға айналды. Бүкіл әлемде шығармашылық және қалыптан тыс ойлайтын жастардың зейініне талас жүріп жатыр. Бұл тенденция жаңа әлеуметтік шарттар қалыптастыра бастады. Ақпарат дәуірі жасанды интеллектіні ғана емес, одан туындайтын жаңа қиындықтар мен тәуекелдерді тудырды.
Конституцияның жаңа редакциясы қазақстандықтардың жаңа буыны үшін цифрланған ортадағы құқық кепілдігі, дербес деректердің қауіпсіздігі, электрондық коммуникация мен жеке өмірге қол сұқпау тұрғысынан ерекше маңызды. Бұл критерийлер жаңа буынға жеке шекара, зорлық-зомбылықтан бас тарту, таңдау басымдығы, салауатты өмір салты мен таза орта сияқты өмір сапасын қалыптастыратын құндылықтарды қамтамасыз етеді, - дейді Айгүл Сәдуақасова.