Azh.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Индонезияда ұсталған Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Атырауға жеткізілді.
«Ақ Жайық» дереккөздерінің хабарлауынша, олар 9 наурыз күні Алматыдан рейспен келген.
Еске салсақ, күдіктілер 2026 жылдың 24 ақпанында Индонезияның Ломбок аралында ұсталған болатын. Операцияны Интерполдың Индонезиядағы ұлттық орталық бюросы, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі бірлесіп жүргізген.
Индонезия құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева халықаралық іздеуде болған және Интерполдың «қызыл хабарламасы» тізіміне енгізілген.
Тергеу олардың Атырау облысы Жангелдин ауылында ерлі-зайыптыны өлтіру ісіне қатысы бар деп санайды. Құқық қорғаушылардың нұсқасы бойынша, жәбірленушілерге суық қарумен соққы жасалып, кейін денелері жасырылған. Содан кейін марқұмдардың мүлкі мен ақшасы ұрланған.
Индонезия полициясы күдіктілердің елге 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан Бали аралы арқылы ұшып келгенін анықтаған. Кейін олар Ломбок аралына қоныстанып, ұсталғанға дейін сонда тұрған. Тергеу болжамынша, қылмыс алдын ала жоспарланып, пайдакүнемдік мақсатта жасалған.
Қазір тергеу жалғасуда.
Айгүл МАНСУРОВА
Бүгін, 11:59