Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Биыл өңірде жалпы құны 16,5 млрд теңгелік 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 2026 жылға 4,7 млрд теңгені игеру жоспарланған. Жобалар 1 113 шақырымнан астам электр желілерін және екі қосалқы стансаны қайта жаңғырту, жылу және су құбырларын жаңарту сынды негізгі бағыттарды қамтиды. Жалпы, облыс бойынша 509 шақырым электр желісі, 12,4 шақырым жылу және 5,6 шақырым су құбыры желілерін қайта жаңарту көзделген. Жобалар Орал қаласы мен 74 ауылды қамтитынын айта кеткен жөн.
Негізгі нысандардың бірі – Орал қаласындағы ТМ-7 жылу магистралі. Бұл жерде 35 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан, 80%-дай тозған 1,8 шақырым құбыр ауыстырылуда. Жобаның құны – 2,6 млрд теңге. Жұмыс барысында заманауи технологиялар қолданылуда. Құбырлар оқшаулау жүйесімен және ылғалдылықты бақылау датчиктерімен жабдықталып жатыр.
Батыс Қазақстан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин жаңғырту тек ағымдағы мәселелерді шешуге емес, тұрақты жүйе қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
– Бүгін біз тек құбырларды ауыстырып қана қоймай, жүйенің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін заманауи шешімдерді енгізудеміз. Жұмыстар белгіленген уақыттан бұрын жүргізілуде және жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады. Бұл – үлкен жүйелі жұмыстың алғашқы кезеңі ғана. Біздің міндетіміз – жекелеген жөндеулерден бүкіл инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуға көшу, – деді ол.
Өңірде сонымен қатар жылумен қамту нысандарын жаңарту жүргізілуде. Атап айтқанда, Круглоозерное кентінде және санитарлық мектеп аумағында ескірген қазандықтар автоматтандырылған басқару жүйесі бар заманауи модульдік қондырғыларға ауыстырылды.
– Ескі қазандықтар әлдеқашан өз ресурсын сарқып бітті. Біз апаттармен, ағып кетулермен, газ бен электр энергиясының артық жұмсалуымен бетпе-бет келдік. Жаңа қазандықтар автоматты режимде жұмыс істейді және ауа температурасына байланысты параметрлерді реттейді. Бұл шығындарды айтарлықтай азайтып, жылумен қамтудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Өткен жылыту маусымының өзінде оң нәтиже көрдік. Апат саны азайды, жылу беру тұрақтылығы артты. Алдағы уақытта осы үлгі бойынша жаңғыртуды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – деді «Жайықжылуэнерго» АҚ бас директорының орынбасары Бекболат Камешов.
Су бұру жүйесінде де елеулі өзгерістер болуда. Зачаганск кентінде құны 1,8 млрд теңге болатын №29 канализациялық-сорғы стансасын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Жұмыстар аяқталғаннан кейін 50 мың тұрғын мен 39 әлеуметтік нысан тұрақты су бұру қызметімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ жаңа абоненттерді қосу мүмкіндігі пайда болады.
Өңірде ұлттық жобаны іске асыру барысы республикалық деңгейде оң бағаланды. Премьер-Министр орынбасарының кеңесшісі Мирас Зеріпбаев облыстың алғашқылардың бірі болып бастама көтергенін атап өтті.
– Батыс Қазақстан облысы ұлттық бағдарлама аясында пилоттық жобалардың бастамашысы болды. Бұл – өңірдің жүйелі мәселелерді шешуге белсенді түрде қатыса алатынының үлгісі. Бүгінде мұнда жылу, электр энергиясы, сумен қамту және су бұру бағыттарын қамтитын жобалар жүзеге асырылуда. Мұндай кешенді тәсіл ең жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде инфрақұрылымның тозу деңгейінің төмендеуі мен сенімділігінің артуын көріп отырмыз. Болашақта бұл коммуналдық қызметтердің тұрақты көрсетілуін қамтамасыз етіп, өңірдің экономикалық өсуіне жағдай жасайды, – деп атап өтті М.Зеріпбаев.
Облыста ең проблемалы салалардың бірі саналатын электр желілері инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Мамандардың деректеріне сәйкес, бұрын желілер 82%-ға дейін тозған болса, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 75%-ды құрайды.
– Қазір ұлттық жоба аясында облыстың алты ауданында және Орал қаласында жалпы сомасы 10,6 млрд теңге болатын жобалар жүзеге асырылуда. Жаңғыртылатын желілердің жалпы ұзындығы шамамен 600 шақырым. Құрылыс-монтаж жұмыстары 44 ауылдық елді мекенде, соның ішінде облыс орталығы аумағында жүргізілуде. Біздің міндетіміз – жекелеген учаскелерді ғана ауыстыру емес, инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңарту. Жобалар аяқталғаннан кейін электр желілерінің тозу деңгейін 70%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз. Бұл электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, апат санын азайтуға және өңірдің әрі қарай дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй.
Қазіргі жағдайды талдау өңірдің апаттық әрекеттен жоспарлы жаңғыртуға біртіндеп көшіп жатқанын көрсетеді. Заманауи технологияларды енгізу, автоматтандыру және мониторинг жүйелерін пайдалану тозуды төмендетіп қана қоймай, инфрақұрылымды пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қысқамерзімді перспективада жобаларды іске асыру апаттылық деңгейін төмендетіп, жүздеген мың тұрғын үшін коммуналдық қызметтердің сапасын арттырады. Ортамерзімді перспективада пайдалану шығындарын азайтып, энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ұзақмерзімді перспективада өңірдің экономикалық өсуі мен инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қажетті тұрақты инфрақұрылымдық база қалыптасады.
Осылайша, Батыс Қазақстан облысындағы энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту өңір дамуының негізгі факторына айналып, тұрақты болашақ пен халықтың өмір сапасын арттырудың негізін қалыптастырады.
Аида ҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы